Аймақтар • 16 Қаңтар, 2024

Қысқы жолдың қаупі

161 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл Солтүстік Қазақстанда қар қалың. Өткен жылдың аяғында бір аптадай 40-45 градустық қатты аяз тұрды, одан жылымық болып, қар еріп, тіпті жаңбыр жауып, арты көктайғаққа айналды. Жаңа жыл басталғалы аймақта ауа райы тұрақталып, 15-20 градус аязды көрсетіп тұр. Есесіне күнде дерлік қар жауады. Тазалаушылар жолды қардан аршып үлгере алмай, қаладан шығатын күре жолдар күн ара жабылып жатады.

Қысқы жолдың қаупі

ФОТО: gov.kz

Жолдың қиындығы тазалаушы фирмалармен қатар жер­гілікті полиция қызмет­кер­лерінің қызметін де «қыз­ды­рып» тұр. Тәртіп сақ­шылары күніне сан қайтара омбы қарда тұрып қалған көлік жүргізу­ші­леріне көмектесуден әбден шаршаған. Әсіресе, ауыл ара­сын­дағы жолдардың қатері жоғары. Мұндағы жолдар жабылмағандықтан қар­дың қа­лыңдығына, боран басып қала­тын жерлердің молдығына қарамай, жолға шығып кетушілер көп. Мәселен, өткен жексенбіде Мамлют ауданындағы Дубров­ное ауылының сыртынан өтетін жолда бірден бірнеше көлік қар құрсауында қалған. Жергілікті тұрғындардың бірі өзіне хабарласқаннан кейін учаскелік полиция инспекторы Әлібек Өсіпов атқа қонып, жолаушыларды құтқару үшін «ҚазАвтоЖол» тракторларын көмекке шақырады. Инспектор дер кезінде шақырған трактор қар құрсауында қалған участокты аршып, 20 градустық суықта тістері тісіне тимей тоңа бастаған адамдар құтқарылды. Аман қалған тұрғындар тіпті алғысқа толы бейнекөріністерін ПД басшылығына жіберіп те үлгерген. Онда: «Үш сағат бойы жолда тұрдық, әйтеуір дер кезін­де көмекке шақырған полиция қызметкерінің арқасында техника келді. Әлібекке рахмет!», деп жазылған.

Осындай құтқару оқиғала­ры­ның бірі Қызылжар ауданында да болды. Мұнда учаскелік инспектор Ақыл Байтеңізов өзінің қызметтік «Нивасымен» «Тепличное» ауылының тұ­сында қарға батып тұрған Пет­ро­павл қаласы тұрғынының «ГАЗель» автокөлігін сүйреп шығарған. Тағы бір учаскелік полиция инспекторы Бахтияр Амангелдиев Архангельское ауылына ата-аналарына демалысқа бара жатқан жас отбасының көлігін қалың қарды қазып, алып шығуға көмектесті. Ішінде жас баласы бар отбасының да тәртіп сақшысына айтар алғысы шексіз.

Ал учаскелік инспектор Жамбыл Оралбаев Соколовка ауылы тұрғынының қар­да батып қалған «ВАЗ»-ын өз көлі­гі­мен тартып шығара алма­ған соң «Нивасы» бар көр­шілес Виноградовка ауы­лы­ның тұрғыны Андрей Пантюховты көмекке шақырып, соның арқасында жолаушыларды суықтан аман алып қалған. Ал Ресейдің Сургут қаласынан «Петропавл – Астана» жолымен үйіне келе жатқан жүргізушінің жолдан шығып кеткен «Хонда» автокөлігін шығарып алу үшін полиция қызметкерлері Тамерлан Тастанбек пен Хамит Сәдуақасовқа жергілікті шаруа қожалығының директоры Виктор Рединнің тракторын шақыртуға тура келген.

«Hyundai» көлігімен қасына екі ересек баласын алып, Көк­шетау қаласына бара жатқан Ресей азаматын да сақшылар жолдың 346-шақырымында ажалдан құт­қар­ды. Көктайғақта рөлге ие бола алмай қалған ресейлік жолдан 10 метрдей жер­ге ұшып кетіп, қалың қарда омбылап қал­ған екен. Жо­лау­шыларды облыстық ПД патрульдік полиция батальо­ны­ның қыз­мет­керлері Евгений Вишневский мен Алтынбек Омаров қосымша көлік шақыр­тып, құтқарды.

Қазір өңірдегі күре жолдарда мұндай оқиғалар күн сайын тіркеліп жатыр. Мысалға келтіргеніміз тек бірнешеуі ғана. Осыған орай полиция қызметкерлері жүргізушілерді автомобиль жолдарының жабылуы туралы хабарламаларды бақылап отыруға, қысқы жолдарда өте мұқият болуға шақырады. Бірақ желдей ескен көлікпен тез жетіп қаламын деп ойлайтын жауапсыз жолаушылар құзырлы органдардың ескертпелерін қастық қылғандай көріп, қашып-пысып жолға шығып жатады. Мұндай асығыс­тықтың ақыры полиция қызмет­кер­лері болмаса, кейде үлкен трагедиямен де аяқталып жатады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы