Қазақстан • 17 Қаңтар, 2024

«Қазақстан халқына» қоры: Екі жылда атқарылған жұмыс

298 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорына биыл екі жыл толды. Осы мерзім аралығында қандай шаруалар атқарылды, кімдерге көмек көрсетілді? Бұл сауалдарға «Қазақстан халқына» ҚҚ басқарма төрағасы Болат Жәмішев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жауап берді.

«Қазақстан халқына» қоры: Екі жылда атқарылған жұмыс

Инфографикаларды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

«Қордың барлық жұмысы серіктес­тері­мізбен өзара әрекеттесуге негізделген, бірде-бір қайырымдылық жобасы оларсыз жүзеге аспайды. Осы сәтті пайдалана отырып, серіктестерімізге бірлескен жұмыс үшін алғыс білдіргім келеді», деп бастады сөзін Б.Жәмішев.

«Қор қызметінің басым бағыттары – Қазақстан Республикасының халқына денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау, білім беру, мәдениет және спорт салаларында қайырымдылық көмек көрсету. Төтенше жағдайдан зардап шеккен азаматтарға да көмек көрсетіледі. Қордың бағдарламалары ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларға баса назар аудара отырып, еліміздің барлық 20 аймағында жүзеге асырылып жатыр.

Қор 67 қайырымдылық бағдарлама мен жобаларға бастама жасады. Оларды жалпы сомасы 177 млрд теңгеге іске асыру жоспарланған. «Қазақстан халқына» қоры иелік ететін қаржы ресурстарынсыз қайырымдылық жобаларына бастамашылық жасау және іске асыру мүмкін болмас еді. Қордың ресурстары қайы­рымдылық жарналары есебінен қалып­тастырылды. Қазіргі уақытта қорға 196,6 млрд теңге түсті. Оның ішінде 2 жыл ішінде Қор жалпы сомасы 90,9 млрд теңге­ге қайырымдылық көмек көрсетті. Бүгінгі таңда шығындар 90,9 млрд теңгені құрады, бірақ біз бекіткен және іске асырумен айналысатын жобалардың барлығы 177 млрд теңгені құрады», деді Б.Жәмішев.

вап

Коллажды жасаған –Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Сондай-ақ ол 131 млрд тең­гені 60 қазақстандық компания, 20 млрд теңгеден сәл астам соманы «Самұрық-Қазына» қоры аударғанын, ал 39 млрд теңге ірі донор-жеке тұлғалардан келіп түскенін хабарлады. Бұдан бөлек, халықтан да ақша аударымдары бар екенін атап өтті. Мысалы, бірнеше күн бұрын үш құрылыс компаниясынан балалар мен жастарға протез жасау жобасын іске асыруға 500 млн теңге түсті.

«Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» заңға сәйкес, жыл са­йын «Самұрық-Қазына» қоры таза табысының кемінде 7 па­йызын «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аударатын болады. 2022 жылғы қаржылық есептіліктің қорытындысы бо­йынша «Самұрық-Қазына» қоры «Қазақстан халқына» қорына 66,6 млрд теңге көлемінде қаражат бөлді. Бұл ретте 20,6 млрд тең­гесі алғашқы жарна ретінде түс­ті. Қалған сома келісімге сәй­кес 2024 жылғы наурызға дейін жіберіледі. Бұл қаражат Қазақ­стан Республикасында онко­ло­­гиялық аурулармен күрес жөнін­дегі 2023-2027 жылдарға арнал­ған Кешенді жоспарда көзделген іс-шараларды іске асыруға және орфандық аурулары бар азаматтарды дәрілік препараттармен қамтамасыз ету жөніндегі бекітілген тәсілдерге сәйкес 2024 жылы дәрі-дәрмек сатып алуға жұмсалады», деді Б.Жәмішев.

Сондай-ақ «Лотерея және лотерея қызметі туралы» заңның 14-бабына сәйкес, ұлттық лотерея операторы «Сәтті жұл­дыз» АҚ 2023 жылы Қорға 4,887 млрд теңге аударған. Бұдан бөлек, тұрғындардан қа­был­данған өтініштер мен үкімет­тік емес ұйымдардың ұсыныс­тарын талдау негізінде қазақстан­дықтардың мәселе­лерін жүйелі шешуге бағыттал­ған бірқатар қайырым­дылық бағдарлама мен жоба қолға алынып жатыр.

«Денсаулық сақтау саласында 103,3 млрд теңгені құрайтын 12 қайырымдылық бағдарлама мен жоба жүзеге асырылып жатыр. Қор сирек кездесетін (орфандық) ауыр өмірге қауіп төндіретін және созылмалы аурулары бар 382 пациент дәрі-дәрмекпен қам­тамасыз етілген. Соның 296-сы – бала. 39 препарат сатып алынды. Оның 9-ы алғаш рет Қазақстанға әкелініп отыр. Олар­дың қатарында әлемдегі ең қым­бат «Золгенсма» препараты бар. Сатып алудың жалпы сомасы 31,6 млрд теңгені құра­ды. Ахондроплазиямен ауыратын 10 бала сүйектің өсуін ық­пал ететін инновациялық «Вокссого» (Восоритид) препара­тын қабыл­дауды бастады.

Атаулы көмек көрсету бо­йынша кеңейтілген тәсілдер мен алгоритмдерді енгізу аясында 25 пациент шетелге емделуге жіберілді, оған 460 млн теңге жұмсалды. Шетелге біз бас медициналық ұйымдардың қан­дай да бір бағыттар бойынша қоры­тындылары бар ерекше жағ­дайларда жібереміз. Бірін­ші­ден, бұл аурулар біздің елде ем­делмейді. Екіншіден, ем ала алмаған, бюджеттен қа­ра­жат бөлінбеген жағдайда жібе­рі­леді. Онкологиялық науқастардан шетелде емдеу бойынша өтініштер өте көп», деді Б.Жәмішев.

Сондай-ақ 13 аймақтағы 28 медициналық ұйымға офталь­мологиялық скринингке, шала туылған нәрестелердің ретинопатиясын емдеуге арналған жабдықтар жеткізілді. Бұл дамымаған көру органдарын ерте анықтауға және емдеуге, балалардың мүгедектігін болдырмауға мүмкіндік береді.

«Асфендияров атындағы ҚазҰМУ университеттік клиникасында 2023 жылдың мамырынан желтоқсанына дейін мүйізді қабықты трансплантациялау бойынша 93 операция жасалды. Дәрігерлер қордың ақшасы қажет емес дейді. Біздің елде мәйіт донорлығы қайтадан іске қосылуы үшін заңды өзгерту керек. Біз Үкімет пен жұртшылықты трансплантация, мәйіт донорлығы туралы заңның өзгеруіне жол ашу үшін Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп тиісті конференция өткіздік. Қазіргі таңда 4 мың адамға ағзаларды шұғыл трансплантациялау қажет. Шұғыл қасаң қабықты трансплан­тациялауды қажет ететін 304 пациент трансплантация арқылы көру қабілетін қалпына келтіре алды. Қазақстанда донорлық материалдың тапшылығына байланысты қасаң қабықтарды тасымалдау АҚШ-тан жүзеге асырылады», деді Б.Жәмішев.

Спикердің айтуынша, қатер­лі ісікке қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жос­парын іске асыру шеңберін­де 2023 жылы онкологиялық қызметті жабдықтау бөлігінде 19,87 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ онкологиялық аурулармен ауыратын азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қаржыландыру бойынша 17 млрд теңге бөлінген. Бес облысқа жоғары технологиялық заманауи онкологиялық құрал-жабдықтарды сатып алу жос­пар­ланған. Атап айтқанда, 6 желі­лік электронды үдеткіш, 5 ком­пью­терлік томограф сатып алыну жоспарланған. ҚазҰҒЗИ-ға бір навигациялық жүйе әкеліп қойылды.

«Қор озық емдеу технологияларын енгізетін отандық медициналық ұйымдардың пациенттерге медициналық көмек көрсету жобаларын қаржыландырады. «Балалар нейрохирургиялық қызметін дамыту» жобасы балалардың бас миының патологиясын емдеуде нейрохирургияның жоғары технологиялық әдістерін енгізу мақсатында республика өңірлеріндегі медициналық ұйымдарға заманауи құрал-жабдықтар әкелу жоспарланған. Жыл соңына дейін еліміздің 19 өңіріндегі 22 медициналық ұйым жалпы құны 3,4 млрд теңгеге заманауи құрал-жабдықтар алады.

Халыққа медициналық кө­мек көрсету сапасының негіз­гі құрам­­дас бөлігінің бірі – маман­дардың біліктілігін арттыру. Осы мақсатта медициналық генетик пен ультрадыбыстық диагностика саласының 50 дәрігері шетелдерде, сондай-ақ қараша айында Түркияда 24 трансплантациялық үйлестіруші курстан өтті.

Серіктестерімізбен бірге 7 қалада – Атырау, Өскемен, Талдықорған, Шымкент, Тараз, Орал, Сарыағаш қалаларында дамуында ауытқуы бар балаларға ерте араласу орталықтарын аштық. 2024 жылы балалардың ерте мүгедектігін анықтау және алдын алу үшін тағы 6 орталық ашылады», деді Б.Жәмішев.

Қор басшысының айтуынша, әлеуметтік қолдау және оңал­ту саласында жалпы сома­сы 15,9 млрд теңгені құрай­тын 15 жоба жүзеге асырылып жатыр. Атырау, Өскемен, Талды­қорған, Шымкент, Тараз, Орал, Сарыағаш қалаларында 7 ерте араласу орталығы ашылған. Талды­қорған, Өскемен, Павло­дар, Тараз және Шымкент қала­ларында аутизм және басқа да психикалық ауытқулары бар балаларға арналған 5 орталық жұмысын бастады. Бұдан бөлек, тағы 9 орталық ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Қор балалар мен жастарды оңалтудың техникалық құрал­дары­мен қамтамасыз ету бойынша жобаларды қаржыландырады. Атап айтқанда, 29 жасқа дейін­гі мүмкіндігі шектеулі бала­лар мен жастарды инновация­лық протездік-ортопедиялық бұ­йымдармен қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда 128 адамға, соның 29-ы  бала, бионикалық және теңге сомасына модульдік протездер алынған. Жалпы сомасы 1,073 млрд теңгені құрайды. Тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды роботтандырылған құралдармен қамтамасыз ету бағдарламасы бойынша 13 экзоскелет дайындалып, балалар­ға үйінде пайдалануға берілді. Жақында техникалық оңалту құралдарының көмегімен үйде балаларды оңалту жобасы іске қосылды.

Оңалту орталықтарын қан­ша құрсақ та, балалардың осы орта­лықтарда болу уақыты шектеулі болатыны түсінікті. Сол себепті біз серіктестерімізбен бірге оңал­ту динамикасын жоғалтпау мақ­сатында арнайы жобаны жү­зеге асыру мәселесін шештік. Мұндай балалардың отбасыларына үйге техникалық оңалту құралдары беріледі. Басынан бас­тап белгілі бір қаражат бөлінеді, прогреске байланысты оңалту уақытын ұзартуға қол жеткізетін адам саны едәуір артады», деді Б.Жәмішев.

Жаңа жобаны сынақтан өткізу үшін 4 қанатқақты өңір анық­талған. Олар: Абай, Қызыл­ор­да, Павлодар облыстары және Шымкент қаласы. Жоба­ның сомасы – 4,5 млрд теңге. Ол сәтті жү­зеге асса, мұн­дай бастама елі­міздің басқа өңір­лерін­де де ен­гі­зіледі. Бұдан бөлек, «Тұсау ке­сер» жобасы қаржы­лан­дыры­ла­ды. Соның аясында еліміздің 5 об­лы­сында мүмкіндігі шектеулі ба­ла­ларға арналған 5 дене шы­нық­­тыру-сауықтыру үйірмесі ашыл­ған. Балалар бейімделген спортпен тегін айналыса алады.

«Алматыда 13 мектепте арбамен жүретін балаларды көтеруге арналған лифттер орнатылды. Инклюзия кәдімгі мектептерде ерекше балаларды оқыту мүмкіндігін қарастырып отыр. Көбіне баспалдақтар арбамен жүретін балалардың мектепке кіруіне кедергі келтіреді. Бізде тағы бірнеше қанатқақты жоба бар. Осы ретте, бұл балалардың мектептерге емін-еркін баруы үшін Шымкент пен Астанадағы оқу орындарын жабдықтаймыз», деді Б.Жәмішев.

Спикердің айтуынша, «Білім-инновация» лицейлерінің тәжіри­бесі қарастырылып жатыр. Соған сәй­кес, түрлі саладағы мұға­лім­­дерді дайындау жүзеге асы­рыл­мақ. Бұдан бөлек, «Бола­шақ ин­же­нерлер» жобасы аясында ауыл­дық жерлерде роботтық тех­ни­ка кабинеттерін жабдықтау көзделген.

«100 бала спорт залы» бағ­дар­ламасы аясында «24 балалар спорт залы» жобасы жүзеге асырыл­ған. Соған сәйкес, еліміз­дің 9 облысында спорттық ин­фра­құры­лымы төмен 24 шалғай қала мен ауылда 24 спорт залы ашыл­ды. Спикердің сөзіне сүйенсек, «Қазақстан халқына» қоры қазақша күрес, бокс, гимнастика секілді спорт түрлеріне жабдықтар сатып алуға көмек көрсетеді.