Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Бұл туралы облыстық ПД басшысы Айдын Қабылдинов өткен жылы қыркүйек айында өткен брифингте мәлімдеген еді. 1963 жылы туған қанішер Валерий Кричиневский 1998 жылы үйінен беймезгіл уақытта балта алып шығып, қаланың Заречный, Мещан орманы, Бензострой деген шеткергі шағын аудандарында жүріп, қара ниетін іске асырған. Жалғыз келе жатқан әйелдерді аңдумен болған ол құрбанын балтамен ұрып сұлатып, зорлап әрі тонап кетіп отырған. Қаныпезердің құрбандарының арасында 20, 40, 60 жастағы әйелдер болған. Бір рет тіпті 11 жасар қызды да соққыға жыққан. Ауыр соққыдан байғұс бала сол жерде тіл тартпай ажал құшқан. Ал үлкен әйелдер басқа тиген соққыдан тірі қалғанымен, ұзақ уақыт зардап шегіп жүрді.
В.Кричиневскийді ұстағанда үйінен әйелдердің алтын-күміс заттары, аң терісінен тігілген тондар, тіпті қыз баланың жұмсақ ойыншығы да шыққан. Азғын қыздың жұмсақ ойыншығынан тәпішке де тігіп алған екен. Ал қымбат заттарды әйеліне сыйлаған. Осынша дүниені күйеуінің қайдан алып жатқанына әйелі күдік келтірсе керек еді, бірақ ол өзіне берілген «сыйлықтарды» үнсіз қабылдаған. Қылмыстық іс жүргізілгенде де әйелі жауапқа тартылмады. Тек Кричиневскийдің өзін сот 1999 жылы 25 жылға бас бостандығынан айырды. Биыл қаңтарда оның жаза өтеу мерзімі аяқталып отыр. Ол былтыр 61 жасқа толды.
Екінші қылмыскердің есімі – Александр Лютов. Ол 1972 жылы туған. 1999 жылы алғаш сотталғанда 27 жаста болған. Мұның да қолданған қаруы – балта. Ол қараңғы түнде жорыққа шығып, жарық терезеден әйелдің сұлбасы көрінген үйлерге сырттағы ағаштарға міну арқылы түсіп отырған. Маньяк үй иесі әйелді алдымен балтамен ұрып талдырып, зорлап, үйді тонап кетіп отырған. 1997-1998 жылдары ол алты әйелге осылай шабуыл жасап, біреуін өлтірген. Вагон-ресторанда аспаз болып істеген бұл қанішерді ешкім де қандықол қылмыскер деп ойламаған. Соңғы қылмысын 1998 жылдың 19 маусымында жасаған. Түнгі сағат үш кезінде Балалар үйінің терезесінен түскен ол алдымен бір тәрбиешіні өлтірген. Оның ащы дауысын естіп келген екінші тәрбиешінің айқайынан қорыққан қорқау қашып үлгерген, алайда ол сол күні қолға түседі.
Соттардың солқылдақтығынан өмір бақи бас бостандығынан айырудың орнына қанішерге 20 жыл ғана жаза берілген. Ал 2016 жылы 17 жыл отырғаннан кейін оны шартты мерзіммен түрмеден де шығарады. Бірақ Лютов бостандыққа шыққаннан кейін тағы қылмысқа барады, 19 жастағы бойжеткенге шабуыл жасаған. Бұл жолы судья Михаил Гусев оған бар болғаны 3 жыл ғана жаза кеседі. Жасы 50-ден жаңа ғана асқан, психикасы кісі өлтіруге құмартып тұратын қаскөй ертең тағы біреудің қанын мойнына жүктемесіне кім кепіл? Ол биыл сәуірде бостандыққа шыққалы отыр.
Петропавл тұрғындарының алаңдауының басты себебі осы. Журналистердің осы тараптағы сұрақтарына жауап берген облыстық полиция департаментінің басшысы, полковник А.Қабылдинов оларды тыныштандыруға тырысты. «Мұндай адамдар қамалған жерінен шығарда қайда баратынын, қай мекенге тұрақтайтынын көрсетуге міндетті. Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері бізге бұл туралы хабар береді. Сосын біз жазасын өтеп шыққандарды үнемі бақылауда ұстаймыз», деді А.Қабылдинов.
Департамент басшысының айтуына қарағанда, учаскелік полиция инспекторы да, жедел уәкіл де түзеу мекемесінен шыққандардың жүріс-тұрысын көзден таса қылмауға тиіс. Лайым солай болғай, әйтпесе психикасында ауытқуы бар мұндайлардан қоғамға төнер қауіп орасан.
ПЕТРОПАВЛ