Фото: inbusiness.kz
«20 жыл бұрын жаттың жетегіне кеткен жетім балалар есейді, сондықтан бұл тақырып тағы көтеріліп келеді. Мысалы журналист Жанар Байсемізова жүргізетін «Шетелдегі қазақ балалары» жобасын тебіренбей көру мүмкін емес. Ата-анасын тапқысы келетіндер аз емес. Солардың бірі - бельгиялық асырап алған Жәнібек Жұмағұлов, мұндай тағдырлар қаншама», деді депутат.
Қазақстан шетел азаматтары асырап алған балалардың құқықтарын қорғау мақсатында 2010 жылы «Балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы Конвенцияны» ратификациялаған. Бала құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті орган болып саналатын Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Конвенцияға қол қойғалы бері шетелдік азаматтар Қазақстаннан 158 бала асырап алған. Соның ішінде 2013-2019 жылдары 157 бала шетел асса, соңғы 4 жылда 1 бала сыртқа шыққан. Конвенцияға қол қойғанға дейін, 1999-2011 жылдар аралығында шетелдіктер 8 мың 805 бала асырап алған. Олардың 5 мың 217-сі қазір кәмелеттік жасқа толғандықтан есептен шығарылған. Кәмелетке толмаған 3 588 бала туралы мәлімет-есеп алынып тұрады.
«Өкінішке қарай есеп бермейтіндер де көп. Мәселен, Оңтүстік Африка еліне кеткен 30 баладан хабар-ошар жоқ. Сол сияқты АҚШ-тағы 104, Бельгиядағы 113, т.с. баланың тағдырын білмейміз. Ең сорақысы, 1999 жылға дейін елімізден қанша жетім баланың шетелге кеткені туралы мүлдем мәлімет жоқ», деді сенат депутаты.
Депутат 1999 жылға дейін шетелге кеткен жетімдер туралы деректер бойынша зерттеу жүргізу, жалпы, балалар туралы мәліметтерді жаңалау, балаларға биологиялық ата-анасын табуға көмектесу, сондай-ақ олардың қалауы бойынша еліміздің азаматтығын алуға жәрдемдесуді ұсынды.