
Суретті түсірген – Жеңіс Ысқабай
«Бірінші кезең іске қосылған соң зауыт жылына 100 мың өнеркәсіптік аккумулятор шығара бастайды. Толық қуаты – 200 мың аккумулятор. Қазір 150 тұрақты жұмыс орны құрылған, келешекте оның саны 300-ге жетпек. Бүгінде 10 млрд теңге инвестиция тартылды. Кәсіпорын экспортқа бағдарланған. Сондықтан өнімдер ел ішіне ғана емес, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Ресейге де жеткізіледі», дейді кәсіпорынның бас директоры Ербол Әжмағамбетов.
«Талдықорған» индустриялық аймағында орналасқан автоклавты қатайтатын газбетон блоктарын шығаратын кәсіпорынның өндірістік қуаты – жылына 150 мың текше метр. Мамырдың аяғы мен маусымның басында іске қосылады деп жоспарланған.
«Қараусыз қалған ғимаратты сатып алып, реконструкция жүргіздік. Қазір қажетті жабдықтар орнатылуда. Өңірде кірпіштің осы түрлерін өндіретін кәсіпорын жоқ. Біз жергілікті шикізатты қолданамыз. Негізінен дайын өнімді облыс аумағында сатамыз. Зауыт ғимаратынан басқа кеңсеміз, қызметкерлерге арналған асханасы бар жатақханамыз бар. Қазір 30 адам жұмыс істейді. Зауыт іске қосылғаннан кейін жұмыс орыны саны 70-ке дейін ұлғаяды», дейді «Стальбетон» ЖШС коммерциялық директоры Динара Орынбасар.
Кәсіпорында жұмысшылар – айына 300-350 мың теңге, бас энергетик 1 млн теңгеге дейін жалақы алады. Жобаға 3 млрд теңгеден астам инвестиция құйылған. Болашақта мемлекет тарапынан қолдау алып, құрылысқа қажетті құрғақ қоспамен эмульсия шығаратын зауыт ашу жоспарда бар.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың айтуынша, зауыт ғимаратына дейін инженерлік инфрақұрылымды жүргізу мәселесінде қолдау көрсетіледі. Әкімдік мәліметінше, аймақта 565 өнеркәсіп орны жұмыс істейді, оның 14-і – ірі, 11-і – орта кәсіпорын. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2025 жылғы қаңтар-ақпан айларында 54,5 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 120,9%-ға жеткен.
Жетісу облысы