Экономика • 19 Қаңтар, 2024

Көрші ықпалындағы көлік нарығы

233 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Біздің автонарығымыз да, авто­әуес­қойларымыз да Қытай авто­көлік­теріне бірден ықылас таныта қой­мады, тіпті географиялық жа­қын­­дығымыз да сұранысты арт­тыруға әсер ете алмады. 2020-2021 жыл­дары ішкі нарықта көлік тап­шы­лығы байқалды. LADA, Renault, Nissan сияқты бағасы қол­жетімді көлік түрлері азайып кетті. Санкцияның салқыны тиген ­Ресейдегі зауыттар оларды шы­ғаруды ішінара тоқтатты. Бұрын Ресейде құрастырылып келген Батыс көліктерін жеткізетін логистикалық тізбектер бұзылды.

Көрші ықпалындағы көлік нарығы

Бұл фактор Қытай автокөліктері­нің біздің нарықтағы жолын жеңілдет­ті. Өткен жыл Қытайдың автомобиль өнеркәсібі тарихындағы тағы бір маңызды кезеңге айналды. Тех­но­логиялық және баға артық­шы­лық­тарының арқасында қытайлық автомобиль компаниялары дәстүрлі шетелдік автомобиль компанияларына қарағанда дамыды. Сарапшы­лар бұл құбылысты жаһандық автокөлік индустриясы картасына жедел жаңа­лық әкелген фактор деп баға­лап отыр. 2023 жылдың қаңтары мен қазаны арасында елімізге Қытайдан 45 мың жеңіл көлік жеткізілді. Былтыр қытайлық автоөндірушілер тарапынан премиалды брендтер елге келіп, нарықтағы сұраныстың орны біршама то­лықты. Ішкі нарық­тағы импорт көліктердің көш басында Қытай мен АҚШ, ал олардың жалпы құны бойынша Жапония көш бас­тап тұр.

2023 жылдың алғашқы жарты жыл­ды­­ғын­­да импорт басқа елдерден де көбей­ді:

  • Германиядан – 2023 жылдың алғашқы жарты жылдығында 116,2 млн долларға дейін;
  • Кореядан – 21,9 млн доллардан 104,9 млн долларға дейін;
  • Ұлыбританиядан 1,2 млн доллардан 28,4 млн долларға дейін;
  • Түркиядан – 3,7 млн доллардан
    21,9 млн долларға дейін;
  • Индонезиядан – 1,9 млн доллардан 18,1 млн долларға дейін;
  • Канададан – 4,7 млн доллардан
    19,5 млн долларға дейін импорт көлік жетті.

2023 жылдың толық есебі әлі жария­ланған жоқ. Ал алғашқы жарты жыл­ды­ғын­да импорттың жалпы көлемі 1 млрд 184,8 млн долларды құрады. Бір жыл бұрын 375,5 млн доллар болған.

Freedom Finance Global ком­па­ния­сының отандық автокөлік нары­ғын зерт­теу нә­тиже­сінде Қытай автоөнер­­кә­сібінің Қа­­зақ­­стандағы ықпалы артатыны, ел­дегі көлік өндірісі өз тұтынушылары үшін бә­се­кеге түсуге мәжбүр болатыны ай­тылған. Сондай-ақ осы зерттеу­де Қытай авто­­өнер­­кә­сібінің қазіргі күйі 2010 жыл­дар­дағы корейлік жағдайға ұқсас екенін де айтылып өтіпті.

ав

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

«2023 жылды Қазақстандағы Қытай ав­томобиль өнеркәсібін дамытудың бас­тапқы нүктесі деп санауға болатынын ес­керген жөн. Қытай көліктері жергілікті сатып алушының көңілінен шығу үшін бес жыл жеткілікті болады», делінген зерт­теуде.

Ұлттық статистика бюросының мәлі­меті бойынша былтыр Қытай біздің на­рық­қа жеңіл көліктердің негізгі жеткізу­ші­лерінің біріне айналды.

2023 жылдың алғашқы екі айында Қытайдан 4 959 автокөлік әкелінді (бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен са­лыс­тыр­ғанда 10 есеге жуық көп). Ал Қа­зақстан автомобиль бизнесі қауым­дас­ты­ғының мамырдағы мәліметі бойынша ТОП-10 сатылымға Қытай автомобиль өнеркәсібінің төрт өкілі кірді: Chery (4-орын), Haval (5-орын), Чанган (6-орын) және Exeed (8-орын).

Қытайдан тараған ақпарат көздерінде ішкі нарықта электромобильдерге, «гиб­ридтерге» және сутегі отын ұяшығына арналған көліктерге сұраныс жоғары екені айтылады. Тек 2023 жылдың бірінші тоқсанының өзінде бұл көліктердің 1,58 миллионы сатылды (бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 26,2%-ға көп).

Сарапшылар болса, «біздің электркө­лік­терге көшу жоспарымыз өткен жылы Қытай автокөліктерінің елге келуімен басталды, бұл құбылысты 2023 жыл жыл­дамдатып жіберді», деген болжамды жиірек айта бастады.

2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында әлемде жаңа энергетикалық көліктер (NEV) сатылымы 9,75 миллион данамен тоқтапты. Осы көлемнің 6,28 миллионы немесе 64 пайыздан астамы Қытайдың үлесінде екен. Бұл мәлі­мет­ті Синьхуа агенттігі Дүниежүзілік жаңа энергетикалық көлік конгресінде ұсынылған деректерге сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Әлемдік автонарықтың тынысын зерттеп отырған шолуларда қытай көліктерінің экспанциясы тек біздің елде емес, әлемдік деңгейде жүріп жатқаны айтылады. Әлемдік автоөнеркәсіп нарығындағы ком­паниялардың 80 пайызы іштен жану қозғалтқышы бар автокөліктерден кезең-кезеңмен бас тартып, электр көліктеріне көшіп жатыр. 2023 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қытай көлік экспорты жағынан Жапонияны артта қалдырып, әлемдегі ең ірі автомобиль экспорттаушысы атанды. 2023 жылдың қорытынды деректері әлі жарияланбағанымен, әлемдік басылымдар Қытайдың Жапониядан асып түсетінін болжап отыр.

Өткен жылы қытайлық автоөндіру­ші­лер тарапынан премиалды брендтер бойынша бірқатар баламалы марка нарықтағы сұраныстың орнын толық­тыр­ғанын сарапшылардың бәрі айтып жатыр.

Freedom Finance Global сарапшысы Аңсар Әбуевтің айтуынша, қазір көлік тапшылығы жоқ. Бірақ ішкі нарық біразға дейін Қытай мен Ресей автокөліктерінің қысымында қалуы мүмкін. Себебі ЕО немесе Батыс елдерінен жеткізілетін импорт көлік бізге Ресей арқылы жетті. Енді ол тізбек бұзылды. Бұзылған бұл орын қытайдың импорт көліктері арқы­лы толығып жатыр. Қытайдан жеткен көліктердің бағасы РФ немесе Батыс елдері өнімдерімен салыстырғанда төмен әрі қолжетімді. Біздің автокөлік құрас­ты­ру­шылар да қол қусырып қарап отырған жоқ. Өткен жылдың соңында кейбір көлік түрлері ең төменгі пайызбен 5 жылға несиеге беріле бастады.

Қазақстандық автобизнес қауым­дас­ты­­ғының деректерінде 2019 жылы – 1 304, 2020 жылы – 2 066, 2021 жылы – 4 019, 2022 жылы – 12,5 мың көлік, ал 2023 жылдың алғашқы жартыжылдығында 16 333 автокөлік елге жеткізілгені, саты­лым­дағы көлік түрлерінің де көбей­гені айтылған. 2022 жылы қытайдың 8 бренді сатылса, 2023 жылы олардың қатары Geely, Chery, Changan, Exeed, Haval, JAC, Jetour, FAW, Hongqi тәрізді түрлерімен толығып, біздің нарықтық дәліз арқылы ЕО елдеріне бет алған. 2023 жылдың алғашқы жарты жылдығында Қорғас арқылы Қытайдан 92 мың көлік Азия елдеріне экспортталған.

«2023 жыл әлемдік автоиндус­трия картасына өзгерістер алып келді. Алғаш­қы жартыжылдығында Қытай көлік экспорты жағынан Жапонияны басып озып, әлемдегі ең ірі автомобиль экспорттаушысы атанды» деген пікірді аузы дуалы сәуегей сарапшылардың бәрі айтып жатыр.

ҚХР-дың 2023-2024 жылдардағы жыл сайынғы экономикалық конферен­ция­сын­да автомобиль экспорты 5 миллионнан асып, жаңа тарихи рекорд орнатқаны, экспорттың 2024 жылы шамамен 5,5 млн автомобильге дейін ұлғаятыны айтылды. Қытай мен Ресей автоөндірушілерінің қазақ нарығындағы бәсекесінің қызып кетуіне нақ осы фактор әсер етуі әбден мүмкін. Ресей үйренген аймақтағы үлесінен айы­рыл­ғысы келмесе, Қытай біз арқылы Еуропа нарығына жол салғысы келеді.

Көлік саласының сарапшысы Артур Мискарян осыған дейінгі кездесулерде ішкі нарық қытайлық автокөліктермен толыға бастағанын, қазірдің өзінде ірі брендтерді өзімізде құрастыруға байланысты ресми келісімшарттар да жасалып жатқанын айтқан болатын. Сарапшының айтуынша, әлемдік нарықтағы Қытай техникасы үлесінің артуы – қашып құтыла алмайтын қалыпты құбылыс. Алдағы уақытта біз оның ішкі нарықтағы ықпа­лына дайын болуымыз керек. Себебі осыған дейін ішкі нарықтағы шетелдік көлік­тердің басым көпшілігі Ресейде жиналатын, БАЖ салығымен, алғашқы тіркеу салығы үстеме болып қосылғандықтан, бағасы да қымбаттау-тын.

 

Көлік бағасы қытай көліктері есебінен арзандай ма?

Freedom Finance Global сарапшысы Аңсар Әбуевтің айтуынша, 2023 жылды Қазақстанның автомобиль нарығының қазіргі тарихында бетбұрыс кезең деп атауға болады. Оның себебі еліміздегі көлік санының күрт өсуінде ғана емес, сондай-ақ отандастарымыздың жаңа өзгерістерге бұрынғыдан да ашық болуы­на байланысты болып отыр.

«Автокөлік нарығы бұл – тұрақты пікірлер, стереотиптер, консерватизм және прагматизм туралы жиі айты­латын орын. Алайда Қазақстан үшін сұранысы төмен инже­нер­лік шешімдермен жабдықталған қы­тайлық автомобильдердің белсенді түрде өсуі жергілікті сатып алушының парадигмасының өзгергенін көрсетті. Қазір біз ірі ойыншылардың жаңа үрдіс­терге бейімделіп, трендтен қалмай жат­қанын көріп отырмыз. Былтырғы жыл өсудің жалғасуында айтарлықтай үлкен із қалдырды және 2024 жылы оның бізді қайда апаратынына куә боламыз», дейді Аңсар Абуев.

Электромобильдердің ең көп саны Қазақстанның ең ірі қаласы – Алматыда тіркелген. 1 қазандағы жағдай бойынша олардың саны 3 600-ға жуық немесе елдегі электрмобильдердің жалпы санының 59%-ын құрады.

Статистикалық деректерге сәйкес 2022 жылға дейін Қазақстанда электр авто­мобильдеріне деген ешқандай сұра­ныс іс жүзінде болған жоқ, яғни 1 қаңтарда бүкіл ел бойынша мұндай автомобильдердің саны 491 ғана болды. 2022 жылдың басында Алматыда 43 электрокар болды, бұл олардың Қазақстандағы жалпы санының шамамен 8,8%-ын құрады.

Freedom Finance Global компания­сы жүргізген салалық зерттеудің қоры­тындысы бойынша Қазақстанның авто­көлік нарығының қазіргі тарихындағы ең маңызды кезеңдердің бірі деп аталды. Бастапқы және қайталама автомо­биль нарықтарын талдау кезінде ашық дереккөздерден алынған деректер, кәсіби қатысушылар мен сарапшылардың пікірлері, сондай-ақ автокөлік сатып алу туралы шешім қабылдайтын ел аза­мат­тарының автокөлік иелері мен жүр­­гізу­шілерінің сауалнамасының нәти­же­лері ескерілді. Былтырғы жылы елі­міз­дегі жеңіл автомобильдер санының өсуі 2013-2022 жылдардағы кезең – 10 жылдағы көрсеткіштерден асып түсті,

«Hyundai мен Chevrolet жеке бренд ретінде көшбасшылық позицияларын сақтап қалады, бірақ қытайлық автомо­биль­дердің жалпы сатылымы 2024 жылы нарықта басым болады. Екінші жағынан, қытайлық автомобильдердің қосалқы бөлшектерінің тапшылығы кем дегенде тағы бір жарым-екі жыл бойы сақталады деп болжануда. Болашақта елдегі электркарлардың өсу қарқыны қызмет көрсету желілерінің дамуына және осы автомобильдерді елге импорттау шығындарына байланысты. Сондай-ақ жеке сатушыларда да, дилерлерде де қытайлық электркарлардың модельдері кеңейеді деп күтіп отырмыз. Қазір отандық сарапшылардың қытайдан келген электркарлардың модельдерінің қосалқы бөлшектері тапшылығын қалай шешеміз деген мәселеге алаңдайтын естіп жүрмін. Тек 2022 жылы Қытай үкіметі электркөліктер экожүйесін дамыту үшін 24 млрд доллар инвестиция салды, тіпті әрбір қосалқы бөлшегі мемлекет есебінен субсидияланды. Демек бұл мәселе мемлекеттік деңгейде шешімін тапқан», дейді сарапшы.

Қазақстандағы автокөлік сарапшысы Алексей Алексеевтің айтуынша, биыл бірнеше жаңа автобрендтері пайда болып, Қытайдан электрлі көліктердің ресми сатылымы басталады. Оның айтуынша, қытайлық автомобильдер бірқатар параметрі бойынша басқа шетелдік брендтерден іс жүзінде кем емес, электронды жабдықтың деңгейі де дұрыс. Chevrolet, Kia, Hyundai және Toyotaға да сұраныс өз деңгейін сақтап қалады. Себебі 2023 жылы LADA мен Renault сатылымы логистикалық тізбектердің үзіліп қалуы салдарынан төмендеп кетті. Сарапшының айтуынша, көлік бағасы қазір болжамға бағынбай тұр. Кейінгі бірер жылда баға орта есеппен 10 пайызға қымбаттады. «Көлік нарығының беталысын экономикалық жағдай анықтайды. Жоғары сұраныс бағаның өсуін тудыруы мүмкін, бірақ тапшылықтың уақыты өтті. Әрбір көліктің соңғы үлгісінің бағасы алдыңғыларымен салыстырғанда қымбат болып, бағаға әсер етеді. Қытай долларға тәуелді емес, сондықтан өз ере­же­сімен баға қоя алады. Бұл онсыз да тұралап тұрған елдегі машина жасау саласын тежейтіні рас. Бізде бағаға әсер ету мүмкіндігі жоқ», деді сарапшы.

Сарапшылардың басым көпшілігі қытайлықтар көлікті негізі 5 жылға ғана, яғни 200 мың шақырым жүруге есептеп шығарғанын айтып жатыр. Алматы мен Астананың орталық көшелерінде кемі 20 жылдық көлікпен жүйткіп жүрген, 5 жылдық көлікті «салоннан жаңа шыққан су жаңа» деп бағалайтын заман­дас­та­рымыздың көңілінде «5 жылдан кейін оларды көлік санатына жатқыза аламыз ба, 5 жылдан кейінгі тағдырына кім кепілдік береді?» деген алаң бар. Себебі әр бес жыл сайын көлігін ауыстырып мінуге екінің бірінің қалтасы көтермейді. Ал әзірге ішкі көлік нарығы Қытайға қарап құбылып тұр.

 

АЛМАТЫ