Тағзым • 18 Қаңтар, 2024

Ән мәтінінің зергері

180 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде әннің алар орны ерекше. Ғасырларды аттап, байтақ даламыздың төрт бұрышына тегіс таралып, «бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғанына» қарамастан, белгілі авторлардың есімдері уақытпен бірге көмескі тартып, соңында қалған бай мұра халық қазынасына айнала береді. Әлдеқандай себеппен авторы ұмыт болып, иесінен ажырап қалған әндерді ырғағына, құрылымына, қолтаңбасына қарай анықтап, шығарманы шырғалаңнан құтқарып, ғылыми айналымға енгізгендердің басында ұлы Ахмет Жұбанов тұр. Сонымен бірге өткен ғасырлардағы көрнекті әншілер мен композиторлардың музыкалық мұрасын зерттеушілердің арасында Ахмет Қуанұлының талантты шәкірттерінің бірі, өнертану ғылымдарының кандидаты Зейнұр Қоспақовтың да есімі бәрінен гөрі биігірек аталады.

Ән мәтінінің зергері

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

А.Жұбановтың жетекшілігімен аспирантура тәмамдап, ұлттық музыка өнерін, дәстүрлі ән өнерін дамылсыз зерттеп, әр әннің тарихына бойлап, төл өнердің құндылығына қылау түсірмей, қаз-қалпында сақтау үшін бір ғалымдай тер төккен музыкатанушы, фольклортанушы Зейнұр Қоспақовтың еңбегімен бүгінгі ұрпақ жете таныс болмаса да, ғалымның ғылымдағы бағыты, жазған еңбектері әлі күнге өзектілігін жойған жоқ.

Азан шақырып қойған аты – Зайнақұл, Зейнұр Қоспақов кім еді? Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияны 1957 жылы тәмамдаған жас маман 1964 жы­лы А.Жұбановтың жетекшілігімен аспи­рантураға түсіп, ғылымдағы ізденісін бас­тайды. Әдебиет және өнер институтының му­зыка бөлімінің ғылыми қызметкері бо­лып жүріп, музыка өнерінің тарихы мен теориясына байланысты елеулі еңбек­­терін жариялайды. Оның әр жылдары жарық көрген «Әнші тағдыры», «Жаяу Мұса», «Ақ сиса», «Қазақтың музыка фоль­клоры», «Қазақ музыкасының тарихна­масы», «Сыр тартсақ әншіліктің тарихынан», «Ғасырлардан жеткен үн» атты зерттеу еңбектерінде ол, белгілі халық композиторлары мен әншілерінің әндерінің шығу тарихын, тақырыбын, көркемдік және стильдік ерекшеліктерін, әншілік шеберліктерін анықтап, толымды, тың көзқарас-ойын алға тартады. Өзге де әріптес музыка зерттеушілерімен бірігіп жазған монографиялары өз алдына бір төбе. Әсіресе, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Біржан сал, Ақан сері, Естай, Айтбай, Кенен, Майраның өмірі мен шығар­машы­лығын зерттеу жолында жазған еңбектері – ұлттық музыка тарихын тану жолындағы сүбелі еңбек.

ХХ ғасырдың І жартысынан музыка­тану мектебінің іргесін кеңейткен А.За­таевич, А.Жұбанов, Б.Ерзаковичтер мен олар тәрбиелеген шәкірттерінің ішінде ән өнерінің тарихын теориялық тұрғыда дамытуға ден қойған Зейнұр Қоспақов өзінің барлық ғылыми еңбектерінде «Өлең мен әуен – әннің екі қанаты, бірінсіз екіншісінің өмір сүруі мүмкін емес. Өлең – әннің мән-мақсатынан, керек жерінде тарихынан да хабар беретін мол дерекнама. Әннен сөзді бөліп тастауға болмайды» деген пікірін барлық ғылыми еңбектерінің негізгі темірқазығы етіп алды. Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның ұста­зы, өнертану кандидаты, профессор Саида Еламанова ұлтқа қызмет етудің нағыз үлгісін көрсеткен музыка білгірі З.Қоспақовтың ән өнері алдындағы жан­­кешті еңбегіне әлі күнге тәнті.

– Зейнұр аға Жаяу Мұсаны зерттеп, танып-білуге бүкіл ғұмырын арнады. Мұ­са туралы иненің жасуындай хат, дерек, естелікті жерге тастамады, тұтас сарап­тады, бәрін кәдеге жаратты. Жаяу Мұса туралы кітаптың авторы халық компо­зиторының көптеген әндерінің мәті­нін тазалап, кейбірін нотаға түсіріп, фоль­клортанушы ғалым ретінде жан-жақты қырынан танылды. З.Қоспақов қазақ-орыс тілінде еркін сөйлеп, еркін жазатын. Ол барлық ғылыми еңбегін сал­мақ­ты, дәйекті, мазмұнды етіп жазды. Ол ең­­бек­­тердің өзектілігі, жаңалығы осы күн­­ге дейін ескірген жоқ. Мұны ғалым­ның ең басты артықшылығы деп біле­мін. Зейнұр ағаны қажырлы еңбегі, адам­гер­ші­лігі үшін құрмет тұтамын, – дейді бүгінгі музыкатанудағы белгілі тұлға С.Еламанова.

Ән-күй халықтың ортақ қазынасы болғандықтан, шығу тарихы, авторлары төңірегінде түрлі талас-тартыс туындап жатады. З.Қоспақовтың өз сөзімен айтқанда, «ән мәтіндерінің бір-біріне ауысып кетуі, бір мәтіннің екі-үш әнге телініп жүруі, авторлары бар әндерді, халық әнінің санатына қосу, кейбір туындыларды қисынсыз басқа бір авторларға апарып таңу» сияқты келеңсіздіктерге ән зерттеушісі үнсіз қалмай, баспасөзде ұдайы өз пайымы мен ұстанымын білдіріп отырды. Халық әндерінің музыкалық ерекшелігіне, атап айтқанда, әуені, интонациясы, ырғақтық-өлшемдік, аймақтық ерекшелігі мен орындалу өзгешелігіне мән беріп, саз бен сарыннан сыр іздеді. Ән мәтіндерінің ғылыми текстологиясын ретке келтіріп, ән мен өлеңді бірлікте қарастыра отырып, көркемдік құнарын байыта түсуді өмірлік мақсатына айналдыра білді. Бір сөзбен айтқанда, З.Қоспақов ғасырлар бойы қағазға түспей, ауызша таралып жеткен әндердің табиғатын танып, стильдік, мазмұндық тұрғыдағы жүйесі мен жігін қуалап отырып, қоспасынан айырып, жіліктеп берді. Қазір ғой сиреп кетті, әйтпесе, ширек ғасырдан астам уа­қыт бұрын баспасөз бетінде «Ши­лі өзен», «Дудар-ай», «Жиырма бес», «Қы­зыл асық», «Қызыл бидай», «Қаратор­ғай», «Әупіл­дек», «Әпитөк», «Ақ құм» әндері­нің ав­торы кім?» деген сарындағы сауал басы­лымдарда жиі талқыланып жататын. Музы­ка мамандары, тіпті жай ғана өнер десе, ішкен асын жерге қоятын танымы сергек азаматтардың өзі ән тағдырына алаң­дап, өзі білетін дерегін ортаға салып, ой-талқы ұйымдастырып, айтысып жататын-ды.

«Ес білгелі естіп жүрген, халық арасына кең тараған әндердің бірі – «Жиырма бес» әні. Белгілі әннің меншікті өлеңі мынадай екенін еске саламыз:

«Жиырма бес, қош-аман бол, қайтып келмес,

Жастықты ойлағанмен қолға бермес.

Қасында қатын-бала күл күзетіп,

Кәрілік ауру болды қолдан келмес.

Ахау, жалған, жиырма бес,

Қайта айналып келмес маған».

Соңғы кезде «Жиырма бес» әнін Жүсіп­бек Аймауытұлынікі деген пікір орын алып, бұл ән сол кісіге телініп жүр. Кезінде музыка этнографы А.Затаевич Жүсіпбек Аймауытұлының орындауынан «Жиырма бес», «Әупілдек», «Ардақ», «Абайкөк», «Қарғам-ау», «Ырғақ­тың» және басқа да ән маржандарын, сондай-ақ Абай, Ақан сері, Мәди, Балуан Шолақ, Мұстафа тәрізді әнші-композиторлардың классикалық үлгідегі туындыларын жа­зып алып, нотаға түсіріп, өшпес мұра­ға айналдырды. Көптеген қазақ зиялылары сияқты, Ж.Аймауытұлы да А.За­таевичке ән шығардым деп айтпаған. Және де «Жиырма бестің» жоғарыдағы өлең­дері Жүсіпбектің аузынан шықты дегенге кім сенеді? Бұл – нақты дерек. Ен­деше сол дерекке тоқтаған жөн, оны кері­сінше бұрмалау шындыққа қиянат» деп, З.Қоспақов «Ғасырлардан жеткен үн» кітабында дауға ұласқан талқының нүктесін қояды. Дәміл-дәміл дауға түсіп жүретін әндер арасынан ел аузында жиі айтылатын «Шынар-ай», енді бірде «Зи­баш-ай» деп шырқалатын әндердің бір-ақ туынды екенін, бастапқы атының «Балым­ша» болғанын бұлтартпас деректермен дәлел­деп, бір әнді үш түрлі ән етіп ән жинақ­тарына енгізген құрастырушылар мен жауапты шаруаға немқұрайды қара­ған редакторлардың сауатсыздығын сын­ға алып, орынды ескерту жасаған да З.Қос­пақов. Өнер зерттеушісінің кітап­тарында мұндай мысалдар жетіп-арты­лады. Әр әннің тарихын тарқатқан дерек­тері қызықты, қолмен қойғандай нақты. Кеңес кезінде жыл сайын басылып шыға­тын «Ән – көңілдің ажары», «Ауыл кеші көңілді», «Қазақ әндері» секілді ән жи­нақ­тарындағы осы тектес «әттеген-ай­лар­мен» күресіп, кемшіліктердің жолын кесіп, қолынан келгенше күресіп баққан еңбегін нағыз жанашырлық емес деп кім айта алады?

Өнертану кандидаты Әлия Сабырова, «Зейнұр Қоспақов – қазақ музыкатану ғылымында өзіндік орны бар тұлға. Біріншіден, ол Ахмет Жұбановтың шәкірті ретінде қазақтілді музыкатану ғылымын өрістетуге өзінше атсалысты. А.Жұбанов пен З.Қоспақовтың кезінде музыкатану ғылымының қазақша бағыты жедел қарқынмен дамыды деп айта алмаймыз. Негізгі бағыт орыс тілінде жүргізілді. Со­ған қарамастан, ғалымның барлық кітап­тары қазақ тілінде жазылды, ол қазақтілді ғылымды дамытуға зор үлес қосқан айтулы ғалым. Музыкатанудың ішіндегі ән өнерін талмай, тынбай зерттеді. Дәстүрлі ән өнері қазақ өнерінің алтын ғасыры атанған ХІХ ғасырдың өзінде бірнеше ән мектептеріне тармақталған болатын. Себебі әр аймақта өзіндік ән дәстүрі, өзіндік орындаушылық мәнер қалыптасты. Ал З.Қоспақовтың не­гізгі бағыты А.Жұбановтың жол сіл­теуі­мен бекітілген басты тақырыбы, ол – Ар­қа­­ның ән дәстүрі. Осы тақырыпта жа­­з­ыл­­ған ғалымның «Сыр тартсақ тарихы­нан әншіліктің» деген кітабы ұлттық музыкатануға жаңалығымен енді. Мұнда, Үкілі Ыбырай, Шашубай, Майра, басқа да Арқаның атақты саңлақ әншілері туралы ғұмырбаяндық соны деректер алғаш рет оқырманға таныстырылды. Алай­да қазақ музыкатану ғылымы үшін осы уақытқа дейін өзекті болып келе жатқан «Әнші тағдыры» кітабының орны бөлек. Бұл кітап ғалымның кандидаттық диссертациясының негізінде жарияланған зерттеу жұмысы. Жаяу Мұса қоғамның әділетсіздігін әшкерелеп, шындықты жа­риялағысы келді. Автор осы тарих шын­дығын зерделеп, әйгілі Жаяу Мұсаның өмірі туралы, оның Мұса Шормановпен ұзаққа созылған күресі, жылдар бойы талас-тартыспен өткен қиындыққа толы тағдыры туралы толғайды. З.Қоспақов әр дерегі алтынға бергісіз архив құжаттарын тірнектеп жүріп жинап, А.Жұбановтан кейін тұңғыш рет Жаяу Мұса өмірінің кө­леңкелі-күнгейлі жағын тұтас зерттеп, әрбір әніне жеке тоқталып, талдау жа­сап, құнды еңбекті дүниеге әкелді. Жаяу Мұсаның толық ғұмырбаянын, шы­ғармашылық стильдік қолтаңбасын ашатын бірден-бір еңбек осы болып тұр. Әр әннің көркемдік сапасына маман, ғалым ретінде баға беріп отырып жазған, 1970-жылдары жарық көрген «Жаяу Мұ­са» кітабы арада жарты ғасыр өтсе де құн­ды­лы­ғын жойған жоқ. Ұзақ жылдар бойы Ғы­лым академиясында еңбек еткен Зей­нұр Қоспақовтың ғалымдығынан бөлек, жеке тұлғалық қасиеті де бөлек әңгі­ме ету­ді қажет етеді», деп әңгімелейді ән жә­ді­герлерінің жоқшысы туралы толға­нысында.

Зейнұр Қоспақов ғасырлар бойы айтылып келе жатқан, халықтың қанына сіңіп, жүрегіне ұялаған әдемі әндерін орынсыз талан-таражға салып, себепсіз, дәлелсіз жеке тұлғалардың қанжығасына бөктеріп беруге қарсы болды. Мұндай үрдіс әсіресе, жазықсыз жапа шеккен алашшыл азаматтар ақталып, халықпен жаппай қауышып жатқан жылдары жиі көрініс тапты. Бұл өте күрделі мәселе әрі таласқа толы дүние еді. Көп жағдайда мұны дәлелдеу мүмкін де емес. Өйткені 1930-жылдарда авторларын мансұқтап, әндерін кесіп, қырқып, қиянат ұйымдастырған қызыл-қырман науқанға тарих пен саясаттың ықпалы аса күшті болды. Мысалы, «халық жауы» жазаланса, атылса, олардың өлеңі, оған қоса әндері де сотталуы тиіс еді. Атын да атауға тыйым салынған авторлардың кең қанат жайып кеткен әндерін сақтап қалу үшін амалсыз басқаларға телитін мәжбүрлік содан туды. Ал кейін нақ өз иесін тауып, сол автордың әні екенін сеніммен дәлелдеп шығу үшін дерек, айғақ әрқашан жеткілікті бола бермеді.

Міне, осындай қысымда өмір сүрген мәдени мұрамыздың жоғын жоқтап, ақтаңдақтарды аршып, өткені мен бүгінгі тағдырына жанашыр көзқараспен қараған өнертанушылар, музыка мамандары арасында дара тұрған Зейнұр Қоспақовтың есімі ешқашан ұмытылмауы тиіс. Өзінен тараған ұрпағының ішінде музыканы ұлағат тұтқан Ғалиясы бар, әкенің арманының орындалғаны да сол болар. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры, өнертану кандидаты, профессор Ғалия Зайнақұлқызы әке кәсібіне адал перзент ретінде бар өмірін музыкатану ісіне арнап, бүгінде осы салада жемісті еңбек етіп келеді. Әке мен бала бағытының айырмашылығы – бірі дәстүрлі ән өнеріне ден қойса, бірі – классикалық музыканың теоретигі. Сахнаны дүбірлетіп әнге бөлеуді домбыра ұстаған әншілерге тапсырып, шымылдықтың сыртында жүріп талай дүлдүл әншінің аспандата салған асау әнін жалынан сипап жұбатты, жуасытты. Жілігін шағып, тіл үйірер тәтті дәмін таңдайға тамызды. Жан дүниені шымырлатқан сұлу саздың шырақшысы болды. Шалқып жатқан теңіз түбіне сүңгіп, інжу-маржан сүзді. Қазына-қамбаны толтырды. Көбік-тортасынан ажыра­тып, жарқыратты. Қажымай-тал­май насихаттады. Құндылығын көрсетті. Көз­дің қарашығындай сақтау жолында қалғы­­май қызмет етті. Ұлы туындыларды биік деңгейімен дестелеу осындай-ақ болар.

 

АЛМАТЫ