Аймақтар • 18 Қаңтар, 2024

Екі ауданда – 58 қоныстой

189 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданына қарасты 7 ауылда мұқтаж тұрғындар баспанаға ие болды. Ал Ақжайық ауданы орталығында 24 пәтерлік үй салынып, ауылдарда да бірнеше отбасы үйлі болды.

Екі ауданда – 58 қоныстой

17 қаңтар күні Қазталов, Жал­пақтал, Жаңажол, Болашақ, Талдықұдық, Қараөзен, Қо­шан­көл ауылдарынан 22 тұрғын үй жаңа иесін тапты. Бұл үй­лер аудандық тұрғын үй-комму­налдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі арқылы кезекте тұрған тұрғындарға берілді. 22 пәтердің 18-і – жекелерден сатып алынған, ал 4-еуі жаңадан салынған.

Бұл қуанышты жағдай ха­лықтың әлеуметтік осал топ­тары үшін жалға берілетін тұр­ғын үйлер сатып алу үшін респуб­ликалық бюджеттен бөлінген 192 млн теңге қаражаттың есе­бінен жүзеге асты.

– Бүгін біз өнегелі істің куәсі болып отырмыз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өңірлерді дамыту, ауылдық елді мекендерді гүлдендіру мақсатында бірқатар бағдарлама жүзеге асып жатыр. Соның нәтижесінде бүгін тұрғын үй кезегінде 4 санат бойын­ша тұрған 22 отбасына жаңа бас­пана беріп отырмыз. Бүгінгі пәтер иелерін қуанышымен құт­­тықтаймын! Жаңа баспана татулық пен берекенің ордасы болып, қуаныш пен бақыт, құт пен ырыс салтанат құрсын! – деді аудан әкімі Асланбек Сарқұлов.

2020-2025 жылдарға «Нұр­лы жер» мемлекеттік бағ­дар­ламасы шеңберінде ком­муналдық тұрғын үйін салу және реконструкциялау мақ­сатта қуатты аймақтар мен да­мыған инфрақұрылым қа­­лып­тастыру ісі Ақжайық ауда­нында да жүйелі түрде жү­зеге асып келеді. Осының дәле­ліндей аудан орталығында үш қабатты 24 пәтерлік тұрғын үй құрылысы аяқталды. Бұған қоса Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес республикалық бюджет есе­бінен тұрғын үй кезе­гінде тұрған аза­маттарға ком­му­налдық тұрғын үй қоры­ның үйлерін сатып алу бағ­дар­ламасы аясында ауылдық округ­тер бойынша 12 тұрғын үй пәтері пайдалануға берілді.

 

Батыс Қазақстан облысы