Аймақтар • 22 Қаңтар, 2024

Қойға шапқан қасқыр ма?

251 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шығыста қаңтар туа жыртқыштың малға шабуы қалыпты жағдай. Тебіндегі жылқыны, жайылымдағы ірі қараны ит-құс тартып кетіпті деген әңгімені жиі естиміз. Ал қасқырдың қораға түсуі таңғаларлық жағдай. Кеше ғана Самар ауданында белгісіз жыртқыш бір үйдің жабық қорасындағы он бес қойды жаралап, он бесін орып кеткен.

Қойға шапқан қасқыр ма?

ФОТО: sn.kz

Самар ауданы, Көкжота ауылында болған жағдайды естіген аудан әкімдігінің өкілдері, полиция қызметкерлері дереу оқиға орнына жеткен. Аудан басшылығы малға шапқан жыртқыштың сілеусін болуы мүмкін деп бол­жап отыр. Себебі қасқыр қора­ның кішкентай қуысынан кіріп кетуі неғайбіл. Оның үстіне қойды жалмағанымен, жармаған. Құйрық тұсын ұңғып кетіп отыр­ған.

– Белгісіз жыртқыш қораға есіктің түбін қазып кірген. Сі­леусін бе деп ойлаймыз. Қасқыр болса, қойды жарып кетер еді. Бұл жыртқыш қан ішкен се­кілді. Жаралы қойлар бауыз­далды. Бәрін жинап алып, ауыл іргесіндегі мал өлексесін кө­муге арналған орынға апарамыз. Себебі жыртқыштың сіле­кейінде түрлі аурулар болуы мүмкін. Округ әкімі келтірілген шы­ғынды есептейді, – деді Са­мар ауданы әкімінің орынбасары Қайдар Сұрашев.

Ал мал иесі Еділхан Сарбасов қойын қырған қасқыр ма деп жорамалдап отыр. Әзірше жорамал ғана. Анығын аңшылар да дөп басып айта алмай отыр. Көкжота ауылы Құлынжон қорығына іргелес жатқандықтан, аң түрі көп мұнда. Оның үстіне қорық аумағында аң аулауға заңмен тыйым салынған.

– Таңертең қораға кіріп барсам, іші қан-жоса. Қой қырылып жатыр. Шошып кеттім. Кәсіби аңшылар ауылға кірген және шыққан ізіне дейін тауып алды. Қасқыр ма деп болжап отыр. Шамасы үшеу секілді. Бі­реуінің ізі – үлкен, екеуінікі – кіші­леу. Әуелде сілеусін деп ойла­дық. Аңшылардың айтуын­ша, сілеусін бұлай бір сәтте қы­рып кете алмайды екен. Мұнда жантүршігерлік жағдай ауылда бірінші рет болып отыр. Ба­лалар кешкісін жай келеді. Жыртқыштар ауылда жайбарақат жүр. Алаңдайтын болдық. Адамға шапса қайтеміз? – дейді мал иесі Еділхан Сарбасов.

Аңшылар із кесіп көргенімен, жыртқыш тоғайдың ішіне кіріп жоқ болған. Аң шаруашылығы мамандары қорық аумағынан тыс жерде болса, 15 ақпанға дейін атуға рұқсат беріп отырған көрінеді. Ветеринар инспек­ция­сы да тиісті мекемелерге алдын алу керектігін ескертіп отыр. Осы орайда ит-құстың малға шабуыл жасау оқиғаларының алдын алу үшін жергілікті аңшыларға және орман шаруашылығының инспекторына жыртқыштарды бақылауға алуға қатысты арнайы тапсырма берілді. Айта ке­тейік, түз тағыларынан қауіп Самар өңірінде ғана емес, басқа аудандарға да төніп тұр.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Самар ауданы