Сұхбат • 23 Қаңтар, 2024

Биологиялық қауіпсіздікке бәріміз жауаптымыз

194 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ғылым саласы қаншама дертке дауа тапты. Сонда да аурудың жаңа түрлері пайда болып, адамзатты сарсаңға салып отыр. Әлемді әлекке түсірген вирустар біздің елді де айналып өткен жоқ. Адам мен жан-жануар инфек­циясы да экономиканың дегбірін қашырды. Осы мәселемен табан тіресіп, ұзын арқан, кең тұсаудан аулақ болуға тырысқан вирусолог-вакцинолог, ветеринария ғылымдарының кандидаты, профессор Қайсар ТАБЫНОВ «Халықтың иммундық ахуалын білу, қадағалау өте маңызды. Содан кейін ғана ауқымды иммундық науқанды бастауға болады», деген еді. Ол әлемде алғаш рет ірі қара малда кездесетін бруцеллез жұқпалы ауруына қарсы екпе әзірлеген.

Биологиялық қауіпсіздікке бәріміз жауаптымыз

– Қайсар Қазыбайұлы, сіз­дің­­ бір­шама ғылыми зерт­теу­іңіздің өнді­ріс­ке енгенін білеміз. Қазір қандай жаңалықтарыңыз бар?

– 2020 жылдың мамыр айында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде халықаралық Вакцинология орталығын құрдық. Осы уақыт ішінде COVID-19-ға­­ қарсы үш вакцина, сондай-ақ жусан тозаңынан пайда болатын аллергиялық ринит пен бронх демікпесіне арналған pollenvax вакцинасын әзірледік. Халық­тың аллергияға қарсы тұратын вакцинаға деген қажеттілігінің жоғары екенін ескеріп, клиникалық зерттеулер сатысына шығаруды жөн көрдік.

– Қателеспесем, сіз осы уақытқа дейін 13 вакцина әзірледіңіз. Осыған дейін ойлап тапқан вакциналарыңыз әлі қолданыста ма?

– Ғылымдағы қызметімнің 20 жылға жуығында әріптестеріммен бірге жылқы тұмауы, ірі қара және ұсақ мал бруцеллезі, құс тұмауы (А/Н5N1), шошқа тұмауы (А/Н1N1pdm09), маусымдық адам тұмауы, сондай-ақ COVID-19 сияқты қауіпті инфекцияларға қарсы 8 ветеринарлық, 5 медициналық вакцина әзірледік. Әзірлемелеріміздің 60 пайызы өндіріске сәтті енген еді. Бірақ қазір тек біреуі ғана кең көлемде тәжірибелік қолданысқа ие. Ол – құс тұмауына қарсы вакцина. Қалғандарын іс жүзінде қолданбаудың әртүрлі себебі бар. Мысалы, құс тұмауына қарсы Kazfluvac және шошқа тұмауына қарсы Refluvac медициналық вакциналары 2013 жылғы пандемия кезінде шұғыл қолдануға арналған препараттар ретінде тіркелді. Содан бері тұмау пандемиясы болған жоқ, сондықтан оларға қажеттілік болмады. Сөйтіп, елде тұмау пандемиясының қаупіне қарсы тұруға мүмкіндік беретін вакцина технологиясының әлеуеті қалыптасты.

– Ірі қара мал бруцеллезіне қар­сы екпені ғылыми түрде әзірлеуіңіз, алғаш рет тәжірибеден өткізуіңіз, оны халықтың қалай қабылдағаны туралы білсек дейміз...

– Жалпы, ветеринария саласында бруцеллез мәселесі өте өзекті. Ол жануарлардың барлық түріне, соның ішінде ірі қара мен ұсақ малға әсер етуі мүмкін. Республиканың ветеринарлық зертханалар желісіне бөлінетін қара­жаттың 90 пайыздан астамы дәл осы аурумен күресуге, ал қалғаны басқа инфекцияларға жұмсалады. Елде 100 жыл бұрын бруцеллезге қарсы жасалған вакциналар бар. Олар Brucella abortus S19 штамынан алынған. Өте тиімді екені рас. Бірақ мұны қабылдаған жануар­лар инфекциямен бірдей антиденелер шығарады. Неғұрлым жетілдірілген вакцинаны америкалықтар 25 жыл бұрын ұсынған. Ол инфекция кезінде пайда болатын антиденелерді түзбейді. Бұл – негізінен мал бруцеллезіне қарсы вакцина жасаудағы үлкен жетістік. Алайда оның да өз кемшіліктері бар. Біріншіден, америкалық вакцинаның тиімділігі бұрынғыға қарағанда төмен. Екіншіден, вакцина әлсіреген болса да, тірі бактериядан жасалған. Соның кесірінен екпе қабылдаған жануарлардың сүтінен вирус бөлініп, адамның вакцинамен байланыс­ты инфекциясын тудыруы мүмкін. Егер адам сүтті қайнатпай ішсе, онда ол ауру жұқтыруы ықтимал. Мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі. Ал салдары қауіпті. Осының бәрін ескере отырып, мінсіз немесе кем дегенде мінсіздікке жақын вакцинаны жасауды мақсат тұттық. Біріншіден, қауіпсіз болуы керек. Екіншіден, эколо­гия­лық таза, егілген жануарларға түсік жасат­пайтын әрі тиімді болуы шарт. Тағы бір мәселе – жануарларды егілгендер мен егілмегендерден ажырата алу мүм­кін­дігі. Ауқымды өндіріске де жарамды болса дейміз. Осы талаптардың бар­лы­ғына OMP16 және L7/L12 бруцеллез ақуыздарын білдіретін рекомбинант­ты тұмау вирустарына негізделген әлем­дегі алғашқы векторлық ірі қара мал бру­цел­лезіне қарсы вакцинамыз сәйкес келді. Тұмаудың вирустық векторларын жобалау қазіргі уақытта гендік инженерия саласындағы ең озық әдістердің бірі, кері генетика әдісімен жүргізілді. Қауіпсіздігін тексеру үшін оны көп сынақтан өткіздік. Сөйтіп, кейінгі 20-30 жылда әзірленген екпелердің ішіндегі ең үздік вакцина пайда болды. 2018 жылы вакцина өндірістік комиссиялық сынақтардан (апробациядан) сәтті өтті, ал 2019 жылдың қаңтарында Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық препараттар мен жемшөп қоспаларының мемлекеттік тізіліміне енді. 2020 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданы «Бай-Нұр» шаруа қожалығында бруцеллезден сауықтыру жұмыстарын жүргіздік. Өкінішке қарай, бұл вакцина елімізде әлі кең қолданысқа ие болған жоқ.

– Аустралиядағы «Vaxine Pty Ltd»  биотехнологиялық компаниясында тағылымдамадан өтіпсіз.

– Иә, «Болашақ» халықаралық бағ­дарламасы аясында «Денсаулық сақ­тау үшін қауіпсіз және тиімділігі жоғары вакциналарды жасау жөнін­дегі инно­ва­циялық технологиялар» тақы­рыбы бо­йынша бір жылдық тағы­лым­дамадан өттім. Тағылымдама, ең алдымен, ғылыми зерт­теулерді ұйымдастыру жүйесіне деген көз­қара­сымды түбегейлі өзгертті. Бұл қағи­даттар біздің халықаралық Вак­цино­­логия орталығына толық енгізілді. Бүгін­де­ «Vaxine Pty Ltd» компаниясы – біздің орта­лықтың сенімді серіктесі. Әрі әрбір тарап біздің ұйымдардың дамуына өз үлесін қосады.

– Құс тұмауына қарсы А/H5N1­ ек­­пе­­сін өндіріске ен­гіз­ді­ңіз. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

– Біз H5 типті құс тұмауына қарсы белсенді емес эмульсияланған вакцинаны әзірлеп, өндіріске енгіздік. Оның өнеркәсіптік өндірісі 2008 жылдан бері жалғасып келеді. Вакцина бастапқыда ел аумағы үшін эпизоотиялық өзек­ті­лікті білдіретін құс тұмауы вирусының 2007 жылы Павлодар өңірінде үй қазынан анықталған (Н5N1) жергілікті штаммы негізінде әзірленді. Қазір технология тұмау вирусының кез келген түріне қарсы вакцина жасау­ға­ мүмкіндік береді және ол CDC (ауру­ларды бақылау және алдын алу орталықтары, АҚШ) және Nibsc (Ұлттық биологиялық стандарттар және бақылау институты, Англия) алынған тұмау вирусының эпидемиялық өзекті вакциналық рекомбинантты штамдарын пайдалану арқылы жүзеге асырылады.

– Қазір қай бағытта зерттеу жүргізіп жатырсыздар?

– Аллергияға қарсы вакци­на­ны­ жасап шығару жолында терең зерт­теу­лер жүргізіп жатырмыз. Елі­міз­де ал­лер­гиялық ринит пен бронх демік­пе­сімен ауыратын балалар мен жасөс­пірім­дер­дің ең үлкен сенсибили­зациясын, яғни 80 пайызын жусан тозаңы тудырады. Бұл ретте елде мемлекеттік және жеке меди­ци­налық мекемелердің аз ғана бөлігі аллергенге тән иммунотерапия бойынша қыз­мет көрсетеді. Осыны ескере отырып, Денсаулық сақтауды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасында «Имму­но­логиялық медициналық көмек­тің сапа­сын жақ­сарту үшін рекомбинантты моле­кулаларды пайдалана отырып, жу­санға арнайы поллинозды иммунотерапия үшін ұлттық вакцина жасау» міндеті қо­йылды. Pollenvax вакцинасының біре­гей­лігі ультра қысқа режімде төрт тері ас­тын­дағы десенситизациялық иммундау мен аллергиялық ринит, астмаға қа­тысты ай­қын терапевтік тиімділікті қам­та­ма­сыз етеді. Қазіргі уақытта вакцинаны кли­ни­ка­лық зерттеулерге дайын­дау жүр­гі­зіліп жа­тыр.

– Еліміздегі биотехниканың жағ­дайын қалай бағалар едіңіз?

– 90-жыл­дар­дағы тоқырау вирусо­ло­гия­ға ғана емес, тұтас отандық ғылымға салқынын тигізді. Сол кезеңде жас әрі жігерлі, шығармашылық мүмкіндіктерінің шыңында тұрған ғалымдар ғылымды тас­тап, күнкөріс үшін басқа дүниемен айналысуға мәж­бүр болды. Сөйтіп, өз уақытында қаржыландырудың болмауына бай­ла­нысты ғылым­ның дамуына елеулі үлес қоса алмаған ғалымдардың аз ғана шоғырына иек артуға тура келді. Әрине, шетелге шығуға немесе халықаралық ұйымдардан қаржы тар­ту­ға қол жеткізген жеке адамдар немесе зерттеу топтары да бар. Мәсе­лен, бұрынғы жұмыс орнымды – Био­ло­гиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтын айта аламын. Бұрын жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларының қоздырғыштарымен жабық тақырыпта зерттеу жүргізе алатын. Өз жұ­мысының ерекшелігіне байланыс­ты институт жаппай қырып-жою қаруын таратпау жөніндегі үкіметаралық бағ­дар­ламаға сәйкес Халықаралық ғылыми-техникалық орталық тарапынан белсенді қаржыландырыла бастады. Содан кейін ғалымдар лайықты жалақыға қол жеткізіп, заманауи және қымбат жабдықтар сатып алынды. Бұл қолдау, сайып келген­де, институтқа кадр ресурстарын жоғалт­пауға, биологиялық қауіпсіздік саласындағы отандық ғылым­ның көшбасшысы болуға мүмкіндік берді. Қазір вирусология ғылымының дамуы­на­ жас ғалымдарымыз да үлкен үлес қо­сып жатыр. Олар «Болашақ» бағдар­ла­­масымен әлемнің үздік оқу орындарын­да­ оқыды. Қазақ ұлттық аграрлық зерт­теу уни­вер­­ситеті басшылығының қол­дауы­мен Вак­­цинология саласында халық­ара­лық деңгейде жұмыс істейтін орталық құр­­­ға­­нымызды жоғарыда айттым. Бұл орта­­­лықта вирусология, био­ло­гиялық қауіп­­сіздік, биоэтика, гендік ин­же­не­рия, пато­логиялық морфология және аллер­­гология сияқты басқа да сала­лар­да ма­ман­данған жас әрі креативті ма­мандар бар. Болашақта біз елдің био­ло­гиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айтар­лық­тай үлес қоса аламыз деп сене­мін.

– Елдің биологиялық қауіпсіздік дең­гейі қандай?

– Біз ғаламшардың климатын өзгерту арқылы жабайы фаунаның тір­ші­лік ету ортасын өзгерттік. Сонымен бірге жануар­лар мен құстардан тарала­тын көптеген жұқпалы аурудың шекарасын кеңейттік. Кейінгі жылдары елімізде үй жануарлары арасында бұрын Африка мен Таяу Шығыс елдерінде ғана тіркелген экзотикалық аурулар анықталғанын атап өткен жөн. Тіпті болашақта пандемияның пайда болу жиілігі де арта түседі. Адам­дарға жұғатын барлық жұқпалы ауру­дың шамамен 70 пайызы жануарлар­дан тарайтыны белгілі. Бұл мәселеде жұртшылықтың сауаттылығы, қажетті ақпараттан хабардар болуы аса қажет. Меди­циналық және ветеринарлық қыз­мет­тердің бір-бірімен үйлесімді әрі тығыз жұмыс істеуі маңызды. Бұл ретте ветеринарлық қызметті едәуір ны­ғайту, жабайы фаунадағы инфекция­лар қоздырғыштарының жүйелі мони­то­рингін қамтамасыз ету және жұқпалы дерт­тің жануарлардан адамдарға бері­луі­нің алдын алу үшін басқа да іс-шара­лар жүргізу қажет. Биологиялық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету ісінде мамандарды даяр­лау және биологиялық қорғау деңгейі жоғары алдыңғы қатарлы зертханалардың болуы да маңызды. Біз ел ретінде заманауи зертханалық кешен М.Айқымбаев атындағы Аса қауіп­ті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы және Ұлттық биотехнология орталығы, Ветеринария жөніндегі ұлттық рефе­рент­тік орталықтың иелігінде тұрған орта­лық референттік зертханаға ие бол­ға­нымызға қуанамыз. Орталық Азия өңі­рінде баламасы жоқ мекемеде жоғары ха­лықаралық стандарттар бойынша зерт­теу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Елдің биологиялық қауіпсіздігін нығайту үшін кем дегенде осы секілді тағы бір­неше зертхана салу қажет. Өйткені био­ло­гия­лық қауіпсіздік жауапсыздықты кө­тер­мейді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Елігімай ТӨҢКЕР,

«Egemen Qazaqstan»