Пікір • 22 Қаңтар, 2024

Ойлы ұлттың сыбағасы

488 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматыдағы Ұлттық кітапхананы оқырман қауым еліміздің мәдени ордасы ретінде жақсы біледі. Ұлы Абай ұлағатына сай «білмекке құмар» заман­дас­тардың, әсіресе жастардың қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Бізде кітап оқумен қатар озық тәжірибелер негізінде келушілердің өзара кең пікір алмасуына қолайлы жағдай жасалған. Ашық қорлардың және заманауи технологиялардың ар­қа­сында адамзаттық ақылдың мол қазынасы қол­жетімді.

Ойлы ұлттың сыбағасы

Фото: aikyn.kz

Зиялы қауымның қатысуымен әдебиет пен мәдениет, білім мен ғылым жайында басқосулар өткізу жақсы дәс­түрге айналды. Мұндай кездесулерде мемлекетіміздің бү­гіні мен ертеңіне қатысты жұртшылықты толғандырған мәселелер де қозғалады. Өткір сауалдарға биліктің дер кезінде құлақ асып, қоғамның толыққанды жауап алуы ел тұрақтылығының кепілі екені белгілі. Бұл Мемлекет бас­шы­сының ұстанымына сай «еститін мемлекет» құрғанда ғана мүмкін болмақ.

Ел Президентінің жыл беташарында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында көкейкесті мәсе­ле­­лер ашық әрі жан-жақты сөз болды. Ол халқымыздың бү­гінгі барының бағасын пайымдап, ертеңгі дамуының көкжиегін айқындап берді. Шынында да, біздің бұрын кім болғанымыздан қазір кім екеніміз, ең бастысы, бола­шақта кім болатынымыз әлдеқайда маңызды. Сон­дық­тан «өткенді аңсаумен өмір сүрмей», болашаққа қоян-қолтық қадам басуымыз қажет.

Қазір күн тәртібінде халқымыздың ұлттық құндылық­тарды жоғары қоятын жаңа сапасын қалыптастыру міндеті тұр. Баршаға ортақ іске белсенді атсалысу кітапханашылар қауымдастығы, оның ішінде Ұлттық кітапхана ұжымы үшін де абырой. Бұған республика бойынша кітапханашы мәр­тебесін көтеріп, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағ­дайын жақсартуға байланысты кейінгі жылдары қабылданған шаралар жігерлендіреді.

Егемен елімізде былтырғы 24 қазанда бірінші рет атап өтілген Кітапханашы күні – сол қамқорлықтың дәлелі. Өйткені даму мен тұрақтылықтың іргетасы – сауатты қоғам. Біз осыны ескере отырып оқырман қатарын көбейтуді тұрақты назарда ұстап келеміз. Оларға сапалы да үлгілі қызмет көрсетудің оңтайлы әрі тиімді жолдары ұжым­дық жоспарда айқын көрсетілген. Осы сан-салалы жұ­мыста еліміздің бірлігі мен ынтымағын нығайтуға қызмет ететін шараларға да баса көңіл бөлінеді.

Бұл айтылғанға көз жеткізу үшін кітапханада ұйымдас­ты­рылатын танымал тұлғалармен кездесулерге, ел өмірін­де­гі айтулы оқиғаларға арналған ғылыми конференциялар мен әдеби кештерге, жаңа шығармалардың тұсау­кесерлері мен түрлі тақырыптағы кітап көрмелеріне қатысу жеткілікті. Жас ұрпақтың бойына адамзаттық құнды­лықтарды сіңіру – күнделікті қызметіміздің бір саласы. Жастарға отаншылдық пен ұлттық салт-дәстүрлерге құрмет рухында тәлім-тәрбие берудің әдіс-тәсілдері ұдайы жетілдіріліп келеді. Дүние жүзі халықтарының 123 тіліндегі 7 миллионнан астам кітап қоры – білім мен ғылым, парыз бен парасаттың ой салып, өнеге тұтар қазынасы. Мұнда оқырман кітап атты ойлы әрі сырлас достар тауып, бұл оның кемел тұлға болып қалыптасуына көмектеседі.

Әсіресе ұлттың ұлы тұлғалары әл-Фараби мен Абайдың асыл мұрасына арналған және шет мемлекеттердің елшілік­те­рімен бірлесе отырып ашылған ғылыми-әдеби орталықтар кітапқұмарлардың жиі бас қосатын орнына айналды.

Мемлекет басшысы сұхбатында ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін ти­гізе­тінін атап өткен. Өскелең ұрпақтың өзінің шығу тегін, ұлттық тарихын оның барлық күрделілігі мен тереңдігінде түсінуі өте маңызды. Біздің көпғасырлық тарихымыз, бай материалдық және рухани мәдениетіміз жас ұрпақтың жүрегінде мақтаныш пен патриотизм сезімін, Отанға адал қызмет етуге деген ұмтылысын оятуға арналған.

Биыл ғұлама Қаныш Сәтбаевтың туғанына – 125, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі Әбілхан Қастеевтің туғанына – 120, балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың, даңқты батырлар Әлия Молдағұлова, Рақымжан Қошқарбаев, Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толады. Осы мерейлі дата­ларға орай Ұлттық кітапханада ұлт тарихындағы бел­гілі тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына, қызме­тіне арналған кітап көрмелері, еске алу кештері, әдеби кештер, дөңгелек үстелдер өткізу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ биыл көрнекті мемлекет және қоғам қай­раткері Ораз Жандосовтың туғанына 125 жыл толуына арнал­ған республикалық конференция өтпекші. Ораз Жандосов – Ұлттық кітапхананың тұңғыш директоры. Ол кітапхананың қалыптасуына зор үлес қосқан, Қазақстан туралы, қазақ тіліндегі барлық баспа басылымын жи­нақ­тау туралы мәселе көтерген. Кітапхана бүгінгі күнге дейін қазақ халқының және Қазақстанның басқа этнос­та­ры­ның жазба мәдениетін жинақтап, сақтаушы мем­ле­кеттік ұлттық қазына қызметін атқарып келеді.

Осындай халқымыздың біртуар тұлғаларын еске алып, олардың мұрасын қазіргі жастарға, өскелең ұрпаққа паш ету, ата дәстүрлеріміз бен ана тілімізді ұлықтап, жас ұр­пақ­т­ың бойында ұлттық мақтаныш пен елдік сезімдерін ояту – абыройлы парыз. Халық ауыз әдебиеті мен атақты ақын-жыраулардың асыл мұрасын, қазақтың тілі мен тарихын, мәдениеті мен әдебиетін дәріптейтін іс-шаралар үзілгенімізді жалғап, жоғалтқанымызды түгендеуге сеп­тігін тигізеді. Бір сөзбен айтсақ, сан ғасырлық та­рихы бар рухани және салт-санамызды қалпына кел­тіруге бағытталған іс-шараларға қатысушылар мұндай басқосуларды қоғамда адамгершілік құндылықтарын орнықтырудың тиімді жолы ретінде қабылдайды. Озық дамудың сауатты қоғам мен ойлы ұлттың ғана сыбағасы екенін әрқашан есте ұстаған абзал. Жыл басы – Ұлыстың ұлы күнін атап өту де ұлттық болмысымызды тереңірек танытып, кітапхана қыз­метінің мән-маңызын арттыра түсері сөзсіз.

 

Бақытжамал ОСПАНОВА,

Ұлттық кітапхана директоры