Үкімет • 25 Қаңтар, 2024

Әлеуметтік зәруліктер талқыланды

134 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында бірқатар заң жобасы қабылданды. Сондай-ақ депутаттар тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына сауалдарын жолдады.

Әлеуметтік зәруліктер талқыланды

Басты мақсат – байланыс саласын дамыту

Жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс, цифрландыру және ақпараттандыру саласының инвестициялық ахуалын арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Аталған мәселе бойынша Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева баяндама жасады.

Депутаттың айтуынша, үш блоктан тұратын заң жобасында байланыс саласын, цифрландыруды дамыту, инновацияларды қолдау ескерілген. Құжатта бірқатар ерекшелік бар. Мәселен, радиожиілік спекторын қайта қарау, байланыс инфрақұрылымына арналған орындарды бас жоспарға енгізу көзделген.

«Виртуалды байланыс операторлары­ның құқықтық мәртебесі енгізіледі. Байланыс желілері мен құрылыстарын орналастыру орындарына операторлардың тең дәрежеде қол жеткізуі заңнамалық тұрғыда бекітіледі. Ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп нысандарында байланыс қызметтері субсидияланады. Автокөлік жолдарында талшықты-оптикалық байланыс желілерін қамтамасыз ету мін­деттеледі. Геостанционарлық емес бай­ланыс спутниктерінің жұмысы рет­теледі. Жергілікті атқарушы орган­дарға байланыс инфрақұрылымын құру саласында қосымша құзырет беріледі», деді Е.Смышляева.

Баяндамашының сөзіне сүйенсек, заң жобасында салалық шешімдерді цифр­ландыру үшін құқықтық жағдайлар енгізілген. Мәселен, жаңа туған нәрестеге ЖСН бекіту және басқа да іс-қимылдар ескерілген. Жаңа туған баланың жеке деректерін жоғалту қаупін болдырмау үшін бала туғаннан кейін бірден, алғашқы 20 минут ішінде жеке сәйкестендіру нөмірлерін (ЖСН) беру ұсынылады. Осылайша, алаяқтық және адам ұрлау сияқты заңсыз әрекеттердің қаупін азайту көзделіп отыр.

«Заң жобасы қабылданған жағдайда байланыс желілерінің құрылысы жедел­дейді. Екіншіден, байланыс қызметтерінің сапасы жақсарады, қамту аймақтары кеңе­йеді. Үшіншіден, байланыс операторлары арасында бәсекелестік дамиды. Төртіншіден, жаңа спутниктік байланыс жұмыс істей бастайды», деді Е.Смышляева.

Құжатта айшықталған мәселелерді тарқатып айта кетсек. Мәселен, байланыс мәселелері бойынша түзетулер аясында радиожиілік спектрін бөлу тәртібін қайта қарау арқылы нарықты монополия­сыздандыру ұсынылған. Қазіргі таңда бірқатар жиілік ірі компанияның монополиясында, кейбірі мүлде қолданылмайды. Осы орайда оларды қайтарудың құқық­тық тетігі адал операторларды жұмыс­қа тартуға және қызметтерді қамтуды арттыруға мүмкіндік береді.

Байланыс операторларының кабель­дік кәрізге тең қолжетімділігін қамтама­сыз ету мақсатында облыстардың, респуб­ликалық маңызы бар қалалар­дың, астананың әкімдіктері жергілікті бюджет қаражаты есебінен салынған кабельдік желілерді түгендеу және байланыс қызметі операторларын қабылдау, меншікке беруді жүзеге асырады. Сондай-ақ табиғи монополиялар субъектілерін байланыс операторлары пайдалануы үшін қолданыстағы кабельдік каналдармен қамтамасыз етуге міндеттейтін норма ұсынылды.

Республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету талабын белгілеу ұсынылады. Елді мекендердің бас жоспарлары мен егжей-тегжей жоспарлау жобалары шеңберінде байланыс желілері мен басқа да инженерлік инфрақұрылым объектілерінің (антенналық діңгек құрылымдары, ортақ пайдаланылатын мұнаралар, байланыс мұнаралары) орналасуын анықтау ұсынылады.

Виртуалды ұялы байланыс операторын енгізу де қарастырылады. Виртуалды байланыс операторлары – байланыс қызметтерінің агрегаторлары. Олар стансасы жақынырақ операторлардан барлық мүмкін сигналды қабылдайтын әмбебап SIM-карталарға қызмет етеді. Мұндай карталарға арналған тарифтер біршама қымбатырақ болады, бірақ бүкіл ел бо­йынша үздіксіз байланысқа мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта әмбебап карталар «ЭВАК» апаттық түймелерінде қолданылады. Болашақта олар Төтенше жағдайлар министрлігінің, патруль және жол қызметінің, туристердің және басқа да мәселелерді шешеді.

 

Ескерту жүйесіндегі кемшіліктер

Заң жобасын талқылау барысында депутат Сергей Пономарев жақында жерасты дүмпуі басталған кезде тиісті хабарламаның уақтылы таратылмауы мәселесін көтерді.

«Кеше Алматыда жер сілкінгенде азаматтарды ескерту жүйесіндегі кем­шіліктер байқалды. Тек «Google» андроид жүйесі арқылы алматылықтарды хабардар етті. Біз бұл туралы ақпаратты Төтенше жағдайлар министрлігінен емес, ұлттық оператордан емес, жаһандық қызметтерден алдық. Сондықтан мұндай жағдайда бізге кім ескертуі керек? Ескерту жүйеміздің несі дұрыс емес? Неліктен байланыс арналары жұмыс істемейді? Осы заң жобасы бойынша біз қандай шешім таба аламыз?», деді С.Пономарев.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева аталған жағдайда еліміздің ескер­ту жүйесінде қандай да бір кемші­ліктер болуы мүмкін екенін алға тартты. Оның айтуынша, кінәліні анықтау мақсатында тексеру жүргізіліп жатыр.

«Ақпарат көзі мәліметті дер кезінде жолдамады немесе ескерту жүйесі жұмыс істемеді. Қолданыстағы заңда байла­ныс операторлары қысқа хабарлама жібе­руге міндеттелген. Бірақ қысқа хабарла­малардың мерзімі ешқандай жолмен шектелмеген. Олар хабарламаны күні бойы жіберуі мүмкін. Сондықтан бұл тұрғыда жедел хабарлар түсінігін қайта қарап, тиісті талаптарды енгізу қажет екенін байқадық. Төтенше жағдай болған кезде олар қысқа әрі жылдам болуы керек, яғни бір уақытта жіберілуге тиіс», деді Е.Смышляева.

Сондай-ақ Мәжіліс 1994 жылғы 9 тамыздағы Қазақстан мен Литва арасындағы азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы шартқа өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялады.

Хаттамаға 2022 жылғы 31 тамызда Қазақстан аумағында шетелдік соттардың шешімдері мен өтінішхаттарын орындау саласында, сондай-ақ екі тараптың құзыретті мекемелерін өзгерту бөлігінде құқықтық көмек көрсету жөніндегі сот органдарының функцияларын нақтылау мақсатымен қол қойылды.

 

Вейпке тыйым салынады

Бұдан кейін депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қабылдады. Құжатқа сәйкес, Қазақстанда медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігі сақтандырылады. Бұл мақсатта әрбір медициналық ұйым сақтандыру компаниясымен шарт жасасады. Сақтандыру сыйлықақылары­ның мөлшері медициналық қызметтер­ге, тарифтердің көтерілуіне байланыс­ты тәуекел дәрежесі мен медицина қыз­меткерлерінің штаттық деңгейіне байланысты есептеледі.

Сондай-ақ дауларды сотқа дейін шешу тетігі енгізіледі. Науқас «дәрігер қатесі» салдарынан оның өмірі мен денсаулығына зиян келгенін айтып шағымданғанда, шағымды тәуелсіз сараптама комиссиясы қарауды ұсынады. Оның қорытындысы емделушіге сақтандыру төлемін жасауға негіз болады. Төлем мөлшері келтірілген зиянның дәрежесіне байланысты (қайтыс болған – 3 мың АЕК; мүгедектікті белгілеу: бірінші топ – 800 АЕК, екінші топ – 600 АЕК, үшінші топ – 500 АЕК; мүгедек балаға – 500 АЕК; мүгедектік анықталмағанда – 300 АЕК). Емделушінің Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті­не немесе сотқа шағымдану құқығы сақталады.

Заң жобасы жөнінде баяндама жасаған депутат Гүлдара Нұрымованың сөзіне сүйенсек, медицина қызметкер­лерін құқықтық қорғау да күшейтіле­ді. Медицина қызметкерлеріне жаңа әлеуметтік кепілдіктер енгізіледі.

«Денсаулық сақтау мәселелері бо­йынша түзетулер аясында 1000 АЕК мөлшерінде біржолғы төлеммен «Қазақ­станның еңбек сіңірген дәрі­гері» құрметті атағы белгіленді. Сон­дай-ақ «Мамандық бойынша үздік» респуб­ликалық байқауы өткізіледі. Оның жеңімпазына 500 АЕК көлеміндегі төлем табысталады», деді Г.Нұрымова.

Сондай-ақ ауылға жұмысқа келген медицина қызметкерлеріне бір мезетте 100 ең төменгі жалақы төлеу жоспарланып отыр. 2024 жылы бұл сома 8,5 миллион теңгені құрайды. Ең төменгі жалақының өсуімен төлем мөлшері де өседі. Бұл ережені депутаттар өңірлерге барған сапарында енгізді. Өңірлерге сапар барысында тұрғындар медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі мәселесін көтерген болатын. Осылайша, ауылдардағы медициналық кадрлар тапшылығы мәселесін жүйелі шешу қарастырылып отыр.

Медицина қызметкерлерінің балалары балабақшаға қабылдауда ба­сым­дыққа ие болады. Ал қызметтік міндеттерінің салдарынан қайтыс болған немесе мүгедектігі анықталған медицина қызметкерлерінің балаларын жоғары оқу орындарына конкурссыз қабылдау ұсынылды. Медицина қызметкерлеріне медициналық мамандық бойынша әскери қызмет өткеру немесе мерзімді әскери қызметке шақырудан кейінге қалдыру құқығы да беріледі.

«Бұдан бөлек, заң жобасында вейп­терді әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға толық тыйым салынады. Әскери медицина қызметкерлерінің қызметі жетілдіріледі. Медициналық көмек көрсету кезінде клиникалық хаттамаларды ұсыныстар ретінде қолдану жөніндегі нормалар көзделген», деді Г.Нұрымова.

Денсаулық сақтау мәселелері бо­йынша түзетулер тұжырымдамасынан тыс темекі өнімдерін тұтынуды шектеу нормалары да қарастырылған. Вейптерді әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынады. Олардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі: сатқаны үшін ең жоғары жаза – 50 тәулікке дейін қамауға алу; әкеліп, таратқаны үшін – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, қылмыстық топ жасаған не аса iрi мөлшерде жасалған, бiр­неше рет жасалған әрекеттер үшiн 5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостан­дығынан айыру көзделген.

 

Өндірісті өңірде зілзала қаупі жоғары

Жиын соңында депутаттар тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына сауалдарын жолдады. Бақытжан Базарбек Алма­тыдағы зілзалаға байланысты жер сілкінісіне дайындық мәселелерін көтерді.

«Алматылықтар орын алуы мүмкін жер сілкінісі туралы хабарлама алмады. Тұрғындар әбігерге түсті. Бойын үрей билеген халық жапатармағай сыртқа ұмтылды. Тіпті көпқабатты үйлердің терезесінен секіруге дейін барды. Көліктерімен қала сыртына шығып кетпек болғандарда есеп жоқ. Оның соңы ұзынсонар кептеліске ұласты. Бұл – еліміздің ең үлкен қаласы, жан-жақты дамыған, инфрақұрылымы мықты Алматыдағы жағдай. Абырой болғанда, ғимараттар құламады, адам шығыны жоқ. Десе де, мұндай жағдайдың қайта­ланбасына кім кепіл?! Әсіресе еліміздің таулы аймақтарында, жерасты қазынаны өндіріп жатқан өндірісті өңірлерде зілзала қаупі жоғары», деді Б.Базарбек.

Осы орайда депутат Төтенше жағ­дай министрлігі мен басқа да тиісті мекемелердің зілзаладан қорғану бойынша жұмыстарын мұқият қайта қарауды ұсынды. Сонымен бірге тұрғындар арасында да зілзаладан қорғану шаралары бойынша оқу, жаттығу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп отырудың маңы­зына тоқталды.

Наурыз Сайлаубай қолданыстағы тұрғын үй бағдарламаларының тиімділігі туралы мәселе көтерді. Оның айтуынша, мемлекет тарапынан жасалған жеңіл­діктерге қарамастан, баспанаға қолы жетпей жүргендер жеткілікті. Бұған себеп ретінде депутат мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының шарттарында жіберілген кемшіліктерді атап өтті.

«Мысалы, «Тұрғын үй коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қалың көпшілікке емес, тұрғын үй кезегінде тұрған мұқтаж жандарға ғана арналған әрі бұл бағдарлама аясында тек әкімшілік ұсынған жаңа үйден баспана алуға болады. Ал қазір кейбір өңірде кейінгі екі жылда салынған нысан жоқ. Себебі ондай арзан үйлерді салу үшін қаржы керек. Салдарынан үй кезегі жылжымайды. Ал «7-20-25» бағдарламасы бойынша көп адам ипотека ресімдей алмай жүр. Бұл бағдарламаға жылына 100 млрд теңге бөлінеді, айына шаққанда 8,3 млрд теңге. Осы қаражатты банк­терге бөлсек, бір банк тек 70 адамға ипотекалық несие бере алады», деді Н.Сайлаубай.

Қарақат Әбден Ұлытау облысын дамыту жөнінде сауал жолдады. Депутаттың сөзіне сүйенсек, облыс құрылғалы бір жарым жыл ішінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы байқалмайды.

«Біріншіден, «Жезқазған-Қызылорда» тасжолын төсеудің «сақалды құрылысқа» айналды. Еуразия кіндігі саналатын еліміздің қақ ортасында орналасқан Ұлытау – әлі күнге дейін «қиыр-қиян» аймақ болып отыр. Басты себеп – жобалық-сметалық құжаттаманың уақтылы жасалмауы.

Екінші мәселе. Бөлінген бюджеттің жетіспеушілігінен және жобалардың қымбаттауынан бірқатар маңызды іс-шара жүзеге аспай отыр. Мысалы, қалаішілік су құбырлары жүйесін, шаруашылық және ауыз суды тазарту ғимараттарын қалпына келтіру, жылу жүйелерін жандандыру жұмыстарында кемшілік көп. Үшіншіден, жергілікті бюджет көлемінің аздығы және жаңа бастамаларды жүзеге асыру бойынша бюджеттік өтінімдердің болмауы өңір үшін өте маңызды жобаларды бастауға қолбайлау болып отыр», деді Қ.Әбден.

Сондай-ақ жалпы отырыста Мәжіліс депутаты Динара Шүкіжанованың өкі­леттілігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселе қаралды. Бұған дейін оның өтінішіне байланысты Орталық сайлау комиссиясы тиісті қаулы шығарған болатын.