Қоғам • 25 Қаңтар, 2024

Етке берілетін анықтамаларды оңды-солды беруді тоқтату қажет–депутат

604 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов ветеринария саласы мәселелері және кадрлармен қамтамасыз ету туралы Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz

Етке берілетін анықтамаларды оңды-солды беруді тоқтату қажет–депутат

Фото: parlam.kz

Статистика көрсеткендей, жыл сайын адамдар мен жануарлардың «Сібір күйдіргісін» жұқтыруы тіркеледі. Былтыр оған шалдығудың расталғаны 37, оның ішінде Жамбыл облысында 19, Ақмола облысында 15, Қарағанды облысында 3 жағдай анықталған.

«Өкінішке қарай, Қарағанды облысындағы соңғы жағдай қазамен аяқталды. Барлық жұқтырған жануарлармен байланыста болған жануарлар да бірге өртелді. Сол өлген малдардың көні тазаланды ма, ал топырағы ше? Бұл – жабулы қазан қалпында қалып отыр. Сондай-ақ вакцина сатып алуға мемлекеттен жыл сайын бөлінетін қомақты қаражат далаға кеткені ме? Осы орайда ветеринария саласындағы уәкілетті орган жыл сайын жеке үй шаруашылығында инфекциялар пайда болған кезде немен айналысады деген сұрақ туындайды. Бір сөзбен айтқанда біз уақтылы вакцина салуға және жануарлар мен адамдарға жұқтырудың алдын алуға дайын емеспіз», деді депутат.  

Депутаттың сөзінше, Қарағанды облысында болған жағдай алдағы уақытта қайталануы әбден мүмкін. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеудің амалын ойлайтын уақыт. Ал қолында азғантай малы бар жұрттың сенген ветеринарларынан айтарлықтай қайыр болмай тұр. Себебі жұмыс істемейтін зертхана және шайлығына жетпейтін айлық оларды қажытқан. Жастар жағы аталған салаға жолағысы келмейді.

«Қазір мал базарларында, дүкендерде, тіпті, әлеуметтік желілер арқылы да ет сатылып жатыр. Бірақ сатылымда тұрған қандай ет екендігін малға ауру жұқпағандығын ескеріп жатқандары шамалы. Сатылымдағы ет зертханада тексерілген бе, ветеринар мамандардың рұқсаты бар ма?», деді ол. 

М.Жайымбетовтің айтуынша, қала базарларындағы ветеринариялық-санитариялық сараптау зертханаларының көбі жекеменшік иелерінде. Сол себептен етке берілетін анықтамаларды оңды-солды беруді тоқтату қажет. Сонымен қатар ванкциналарды сақтау және тасымалдау бойынша шарттар толық орындалмай жатады.

«Жергілікті атқарушы органдар ветеринария саласындағы нормативтік құжаттарға аналитикалық сараптама жасап, мемлекеттік санитариялық бақылау-қадағалау жұмысын күшейтуі керек. Вакциналарды сақтау процесін күшейту қажет. Зертханалардың жауаптылығын арттыру қажет, тіпті қылмыстық жазаға дейін қарастыру керек. Малдың төлін ескере отырып, жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық препараттарды уақтылы сатып алуды жүзеге асыру қажет, ауру малды өртейтін қондырғыларды қалыпқа келтіру керек, оның ішінде малдың көнін және топырағын тазарту бойынша жұмыстарды оңтайландырған абзал. Шетелдік тәжірибелерді қарай отырып, жануарлардың аса қауіпті ауруларының ветеринариялық іс-шараларын жоспарлау қажет. Әлеуметтік төлемдерді көздеп және жалақыны көтеру арқылы кадрлар мәселесін кешенді шешу қажет», деп түйіндеді депутаттық сауалын Мархабат Жайымбетов.