Пікір • 25 Қаңтар, 2024

Шетелге кетемін...

6147 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары айналамызда – туған-туыс, дос-жаран, әріптестер мен құрбы-құрдастар арасында шетелге кету, уақытша жұмысқа тұрып, ақша табу, тіпті біржола қоныс аудару туралы әңгімелер жиі айтылып жүр. Шыны керек, бұл ұсынысты құр талқылап қана қоймай, тәуекелге бел буып, шетел асып кеткендері де аз емес.

Атамекеннен емес, Америка секілді алыстағы озық елден нәпақасын іздегендердің арасында жасы елуді еңсерген таныстар да бар. Жарытып тілді де білмейді, құшағын жайып күтіп отырған жақындары да жоқ. Бала-шағасының біразы туған топырағында орныққанына да қайырылған жоқ. Үйін сатты, көлігін сатты. Жат жерде жұмыс тауып, орналасқанша жетер қаражатын қалтасына салды да жолға шықты...

Бұл жерде мәселе білім алу, іскерлік, туризм, емделу визасына қолжеткізгендер туралы емес. Әңгіме заңсыз жолмен болса да шетел асып, жұмыс істеп, ақша табуға кеткендер, қарапайым тілмен айтқанда гас­тарбайтерлер туралы болып отыр. Ешкім еріккеннен елін тастап кетпейді. Қағанағы қарқ, сағанағы сарқ жұрт бабасы жатқан жерден бекерден-бекер безінбесі тағы рас. Ең өкініштісі, әу баста «1-2 жыл жұмыс істеп, қор жинап келеміз» деп кеткендердің қазір келгісі жоқ. Өйткені жат жердегі жақсы табыс, өмір сүру салты, адам құқын сақтауға берілетін басымдық пен еркіндікке бірден арбалып қалады. Сәл мүмкіндік туса әлі де шекара асып, қандай жұмыс болса да кірісіп кетуге дайын отырғандар әлі де аз емес.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, өткен жылдың бірінші тоқсанында ғана 194 мыңнан аса отандасымыз шет мемлекеттерге жұмыс істеу үшін кеткен екен. Оның 162 мыңы – Ресей, 13 мыңы – Польша, 6 мыңы – Оңтүстік Корея, 5 мыңы Ұлыбританияға нәпақа табу үшін аттанған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев өткенде Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері және басқа да елдермен сол жақтағы отандастарымыздың еңбек құқықтарын қорғайтын жаңа келісімдер жасалып жатқанын айтты. Тіпті Оңтүстік Кореяда ел азаматтарын заңды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету үшін Қазақстанды «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» енгізу мәселесі де көтерілді. Айтуларына қарағанда, бұл жүйе шетелде жұмыс істегісі келген адамға алдымен тіл үйренуге, міндетті медициналық тексеруден өтуге, қажет құжаттарды рәсімдеуге көмектеседі.

Бұрын отбасын тастап, шетелге жалданып жұмыс істеуге ер азаматтар кетуші еді, кейінгі кездері шет тілін білмесе де түзде қара жұмысқа жегілген аналар көбейген. Осыдан тура бір жыл бұрын Кореяда үш жыл жұмыс істеп, елге келгенде ұлы мен қызын бірден мектепке іздеп келген ананың бейнежазбасы әлеуметтік желіні шарлап кетті. Анасын көре сала бас салып құшақтап, еңкілдеп жылаған балаларының көз жасы сол мектептегілерді ғана емес, бұл жазбаны көрген барша жұрттың жүрегін езіп жіберді. Ал бірер күн бұрын әлеуметтік желіде Германияда көше сыпырып жүрген қазақ қызының бейнежазбасы шықты. Қос дипломы бар келіншектің үш баласы Қазақстанда қалған екен. Өзі елде қалған балалары үшін жат жерде қара жұмыс істеп жүргенін, 80 мың теңге айлықты 10-15 еселеп тауып жатқанын айтады. «Жексенбі күні 2 сағат көше тазалап, 50 мың теңге табамын. Бұл ақшаны сіздер Қазақстанда жарты айда табасыздар, дұрыс па? Мен елімді жақсы көремін. Сіздердің де жағдайларыңыз жақсарса екен деймін», дейді ол. «Дәл мына жүрісім мақтаныш емес», деп күс-күс қолдарын көрсетіп, ағынан жарылған қазақ қызы өзге жұртта демалып, қыдырып жүрмегенін де жеткізген. Бірақ осы бейнежазбада дәл маған келіншектің тапқан табысы емес, «Үш балам елде, жаным, жүрегім тыныш емес. Ұйқым тыныш емес» деген сөздері қатты әсер етті.

Аналар неге шетел асып, қара жұмыс істеуге мәжбүр? Неге айдың күні аманында, бейбіт заманда ана мен бала бір-бірінен алыстады? Себебі сан алуан. Бірі мол табыс тапқысы келеді. Екіншілері 2-3 жылда елде алаңсыз өмір сүретіндей қаражат жинасам дейді. Үшіншілері өмір бойы тіленіп өмір сүргісі келмейтінін айтады. Тағы бірі елде әділдік жоқ деп санайды. Бірақ бәрінің айтатын ортақ бір жауабы бар, ол – балаларымның болашағы үшін деген сөз. Бірақ жүрек тыныштығы жоқ жерде тапқан табыс берекелі бола ма? Анасыз өскен, аяулы алақанын сезінбеген, тәлімін алмаған баланың тағдыры сол тапқан табысқа тати ма? Ұлының алғаш мектепке барған, қызының қолына қалам ұстаған, тіпті күнделікті баласын емірене иіскеп ұйықтату бақытынан саналы түрде бас тартқан ана жүрегінің мазасыздығын жат жерде жүріп жиған ақшасы өтей ала ма? Осы сұрақтарды өзіме де қойып көрдім. Шетелге кетемін деп айта алмаймын...