Өздеріңіз көріп отырғандай, материалы ағаштан (қайың) құрастырылып жасалған ердің түр-сипаты мен пошым-бейнесі ежелден таныс қазақы ерден аумайды. Алдыңғы және артқы қасы асқан шеберлікпен қиюластырылған һәм формасы жарты ай пішіндес. Қос қапталы, белдік ағашы – кәдімгі өзіміздің күнде көріп жүрген дүние. Үзеңгілігі қалталанған, салбыраңқы, белағашы қайқы, қанжығалық бөлігі үш ноқатты...
Бұл ердің қай кезеңге тән жәдігер екенін Жапония елінің Акселераторлық институт зертханасы радиокарбондық (С 14) тәсіл арқылы анықтапты. Жапон мамандарының айтуына қарағанда, бұл бұйым біздің дәуірдің 243–357-жылдарына тән екендігі 91,1 пайыз нақтылықпен дәлелденген. Бұл кезең – Сяньби ұлысының (93–234 ж.ж) соңғы, Жужан (Нирун) мемлекетінің алғашқы дәуіріне тән. Одан кейін дәл осы өлкеде 550 жылдары Жужан мемлекетін құлатып, Көк түркілер қағанаты орнағаны белгілі.
Кәсіби тарихшылар жақсы біледі, Сяньби-Жужан-Түркі ұлыстарының қай-қайсысы – б.з.д 145–86 жылдары өмір сүрген Ғұн империясының құрсағынан шыққан ұлыстар. Ал ғұндар тілі ежелгі түркі тілі екені және ел басқару мәдениеті мен әскери-шаруашылығы ешқандай өзгеріссіз бірінен біріне көшіп отырғаны – күллі әлем оқымыстылары мойындаған шындық. Оның бер жағында жәдігер (ер) табылған өлке – Х–ХІ ғасырларда Таян хан билеген Найман ұлысының ұйық мекені болғаны айдан анық.
Бұл арада айта кетерлік жаңалық – ежелгі ерді стилдік және жасалу мазмұнына байланысты біраз зерттеуші бүтіндей «түркі мұрасы» дегенді айта бастапты.
Жалпы, адамзаттың өткен өмір тарихына қатысты жәдігерлер мәңгі мұздақта немесе суық райлы үңгірде сақталған (жерленген) жағдайда бұзылмай, бүтін табылары анық. Мысалы, Таулы Алтай жеріндегі «Пазырық қорғандары» мен Үкөк даласынан табылған «Алтай ханшайымы». Осы жәдігерлердің арқасында, әлем руханиятына «Пазырық мәдениеті» деген тіркес қосылып, жинақталған деректер Еуразиялық аумақта ірі құбылысқа баланса, біз сөз етіп отырған ермен бірге табылған жылқы сүйегіне генетикалық сараптама жасау арқылы, оның түр-түсін, жасын, сол дәуірдегі атқа міну мәдениетін білуге толық негіз бар дейді мамандар.