Спортты дамыту дирекциясы мәлім еткендей, жарысқа 45 елден 136 спортшы қатысты. Оның ішінде 4 Олимпиада чемпионы, 10 әлем чемпионы, 3 Еуропа чемпионы, 1 Азия чемпионы және 2 қазіргі әлем рекордсмені бар.
Атап айтсақ, турнирге сырықпен секіруден Токио олимпиадасының жеңімпазы, екі дүркін әлем чемпионы, тағы күміс жүлдегері, қазіргі әлем рекордының иесі (6,23 м) Арман Дуплантис (Швеция) қатысты.
200 метрге жүгіруде Гауһар лига финалының жеңімпазы Андре де Грасс (Канада), 100 метрге кедергі арқылы жүгіруден әлем чемпионы, Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Ниа Али, 100 метрге кедергі арқылы жүгіруден әлем чемпионы Тоби Амусан секілді жеңіл атлетика жұлдыздары да бақ сынады.
– Бәсекеде 5.80 метр биіктікке секіріп, 1-орын алсам да, көрсеткішіме көңілім толмайды. Неге? Ұзақ уақыт ұшақпен ұшу, уақыт айырмашылығы, ағзамның дер кезінде бейімделмеуі үздік көрсеткішті тіркеуіме кедергі келтірді. Алдағы уақытта Астанада тағы да осындай ірі жарыс болса, келуге тырысамын, – деп жабық кешендегі жеңіл атлетикадан соңғы әлем рекордын жаңартқан Арманд Дуплантис жарыс жайлы ойымен бөлісті.
Қазақстан сапынан ең үздік нәтижені биіктікке секіруден 2-орын алған (1,90 метр) Надежда Дубовицкая (суретте) көрсетті.
– 2024 жылдағы бастапқы жарыстарымның бірі. Былтырғы нәтижемен салыстырған көрсеткішім әлдеқайда жақсы. Елімізде «алтын» деңгейлі турнирдің өткені өте жақсы. Шынымды айтсам, көп көрермен жиналады деп ойламадым. Маған ғана емес, еліміздің жас спортшылары әлемдік деңгейдегі жұлдыздармен бірге бақ сынау олардың нәтижелері мен ынталарын күшейтетіні анық. Бір аптадан соң Астана қаласында кезекті ел чемпионаты басталады. Артынша көктемде Шотландиядағы әлем чемпионатына дайындыққа кірісемін, – деді жабық кешендегі әлем чемпионатының қола жүлдегері Н.Дубовицкая.
Жарыс қорытындысы бойынша чемпион атанған спортшылар көктемде Глазгода (Шотландия) өтетін жабық кешендегі әлем чемпионатына тікелей жолдама алды.