«Бір белдеу, бір жол» ресми порталының мәліметі бойынша, осы уақытқа дейін бастамаға 152 ел мен 32 халықаралық ұйым қатысып, жоба аясында Қытаймен ынтымақтастық туралы 200-ден астам құжат пен келісімге қол қойылған. Он жылда ҚХР «Бір белдеу, бір жолға» шамамен 1 трлн доллар инвестиция құйды. Соның ішінде Қазақстан мен Қытай бірлесіп жалпы құны 21,2 миллиард доллардан асатын 52 жоба жасасты. Алматы саяси зерттеулер орталығының ақпаратына сәйкес, бұл жобалардың жартысы іске асырылып, Шымкент мұнай өңдеу зауытын қайта жаңарту, Ақтауда «CaspiBitum» жаңа кәсіпорнын құру секілді жұмыстар қолға алынған.
Он жыл өтсе де ғалымдар жобаның қыр-сырын әлі де зерттеп келеді. Оксфорд университетінің ғалымы Трой Штенрберг Қазақстан мен Қырғызстан елдеріне зерттеу жүргізген ғылыми мақаласында: «Бастама жарияланған кезде Қазақстан «Бір белдеу, бір жолдан» үлкен пайда табуы мүмкін, бірақ елдің дамуы немесе ішкі қажеттілігі үшін жобаға қатыспағаны дұрыс», деген еді. Оның айтуынша, Қазақстанның мемлекеттік қаржысы өзіне жетерлік.
«Жобаның екінші маңызды елі Қырғызстанмен салыстырғанда, Қазақстан өзін өзі қаржыландырып, инфрақұрылымды дербес басқара алады. Ол Каспий бассейнінде энергия ресурстарын жеткізуші ел және Қытайға қарағанда Батыс мемлекеттеріне жақын орналасқан. Ал Қырғызстанда мемлекеттік қарыздың 50 пайызы Қытайдан келеді», деді ғалым. Алайда түрік ғалымы Атабек Омонкулов пен өзге де сарапшылар Қазақстанның әлсіз жақтары бар деп санайды. «Мысалы, әскери жағдай тұрғысынан Орталық Азия аймағында елдің күші әлсіз. Бұл жағдайда «Бір белдеу, бір жол» сыртқы күш ретінде Орталық Азия елдері арасындағы интеграцияны қолдауға көмектеседі», дейді ол. Сондай-ақ неміс ғалымы Ричард Помфрет Орталық Азия елдері арасында аймақтық құбырлар мен теміржол мәселелері бойынша келіспеушіліктер болғанын және «Бір белдеу, бір жол» аясындағы келіссөздер барысында елдер бұл мәселенің шешімін тапқанын айтады.
Сарапшы, ғалымдардың осы жоба туралы зерттеулерін талдасақ, көптеген ғалым әсіресе отандық қытайтанушылар мен сарапшылар «Бір белдеу, бір жол» бастамасы Орталық Азия елдері, соның ішінде Қазақстан үшін пайдалы деген пікірде.
«Орталық Азия өңірдегі ірі көлік-транзиттік торапқа айналу үшін Қазақстан 2015 жылы «Нұрлы жол» бастамасын қабылдады. Одан соң Қытайдың «Бір белдеу, бір жолы» мен «Нұрлы жолды» біріктірді. Екі бастама да көлік, логистикалық, өнеркәсіптік, энергетикалық, ауылшаруашылық экспортын, инфрақұрылым мен білім беруді жақсартуға, адами капиталды дамытуға және шағын және орта кәсіпорындарды қолдауға бағытталған. «Бір белдеу, бір жол» бастамасы Қазақстанға үлкен пайда әкелді, өйткені ол Қытай арқылы теңізге шығуға қол жеткізді. Цзянсу провинциясының Ляньюньган қаласындағы Қытай-Қазақстан халықаралық логистикалық базасы «Бір белдеу, бір жол» бастамасы іске қосылғаннан кейін салынған алғашқы нысан болды. Жүк пойыздары Ляньюньган, Шығыс терминал және Қорғас, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына қатынауы, отандық астықтың Жапонияға, Корея Республикасына, Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне импорт пен экспортты жеңілдетті. Мәселен, жүк пойызы Ляньюньганнан Алматыға дейін небәрі алты күнде жетеді. Осы бір мысал «Бір белдеу, бір жолдың» арқасында Қазақстан үшін сыртқы сауданың қаншалықты ыңғайлы болғанын көрсетеді», деді Қазақстан-Қытай зерттеу орталығының директоры Гүлнар Шаймергенова.
Қытайтанушының пікірінше, Қытайға қарсы саяси шиеленістерге, санкцияларға және сауда қақтығыстарына қарамастан, «Бір белдеу, бір жол» аясындағы сауда қарқын алып келеді. Мәселен, 2022 жылы Қытайдың жобадағы елдермен сауда көлемі 2 трлн доллардан немесе оның жалпы сыртқы сауда көлемінің үштен бірінен асқан.
«Бір белдеу, бір жол» бастамасының арқасында Орталық Азия экономикалық тұрғыдан жанданды. Миллиардтаған адамның өміріне оң әсер етті. Бұл бастама адамзат үшін ортақ болашағы бар қауымдастық құруға көмектесетініне сенімдімін», деп қосты Гүлнар Шаймергенова.
Ал саясаттанушы, қытайтанушы Әділ Кәукенов Қазақстан Қытайдың көршісі болуынан ұтып отыр дейді. «Біздің елдер шекаралас, көршіміз, мұны ешкім өзгерте алмайды. Қытай – бүгінде әлемнің екінші экономикасы. Бұл елмен бізде қауіпсіздік, есірткі трафигіне қарсы күрес, адам саудасы саласында көптеген бірлескен жоба бар. Біз көрші елдер болғандықтан, бұл – біздің ортақ ынтымақтасқан саламыз. Отандық тауар өндірушілер Қытай нарығында жетекші болуды қалап отыр. Қазір жергілікті бидай, ет, балық және басқа да көптеген азық-түлік өнімін көрші елге кедергісіз жеткізіп отырмыз», деді қытайтанушы.
Әділ Кәукеновтің айтуынша, Қазақстанның транзиттік жағдайы және «Бір белдеу, бір жол» жобаларына қатысатын көлік-логистикалық саланың дамуы еңбек нарығына айтарлықтай оң әсер етті.
«Қазақстанда «халықаралық логист» мамандығы пайда болды. Статистиканы қарасақ, Қазақстанның халықаралық нарықта көрсететін қызметтерінің 30-40 пайыздан астамы халықаралық логистикамен байланысты. Қазір жастар мамандық таңдағанда логистикалық қызметтердің үлкен нарығы қалыптасқанын назарға алып, осы саланы меңгеруге тырысып жатыр. Бір сөзбен айтсақ, біз халықаралық еңбек бөлінісінде Қытай, барлық Азия мен Еуропа арасындағы маңызды тетікке айналдық», деп атап өтті сарапшы.
Сондай-ақ саясаттанушы Қазақстандағы цифрлық экономика мен интернет сауданың дамуы ҚХР-дың арқасында екенін барлығы біле бермейді дейді. «Мысалы, Қытай – қолма-қол ақшасыз төлемдерді енгізген бірден-бір ел. Біз Қытайға жиі баратынымыз соншалық, көршіміздің жетістігі мен тәжірибесін өзімізге ыңғайлап алып, жүйеге енгіздік. Біз қазір бүкіл Еуразияда мақтан тұтатын қаржы жүйеміздің табысының бір бөлігіне Қытаймен көршілес болу арқылы қол жеткіздік», деді Әділ Кәукенов.
«Қытай елдердің экономикалық дамуының, халықаралық көлік, теміржол, теңіз қатынасын құрып, әлемге шығуына ықпал етсе, әсіресе қаржы құйса, жобаға қатысушы мемлекеттер сөз жоқ алып елге тәуелді болады». Сарапшылардың осы пікірінен кейін қоғамда теріс пікір қалыптасқаны белгілі. Қазақ қоғамы да секем алғаны рас. Алайда көптеген сарапшы мен ғалымның айтуынша, Қазақстанға келер қауіп аз. Өйткені Қазақстан өзінің көпвекторлы саясатының аясында алып көршісімен қарым-қатынас жасап, шекарадан аспайды. Орталық Азия елдерінің «Бір белдеу, бір жол» аясындағы Қытаймен байланысын зерттеп жүрген Шеффилд университетінің ізденушісі, сарапшы (Ұлыбритания) Франк Мараккионе: «Қазақстандағы Қытайдың рөлі Еуроодақ, АҚШ және Ресеймен салыстырғанда жоба барысында артты деп кесіп айта алмаймыз. Әрине, құрылыс, көлік, сауда саласында Қытайдың үлесі көп. Алайда ҚХР-дың Қазақстаннан алатын мұнай көлемі біз ойлағандай көп емес. Сондай-ақ Қазақстанның инвестициясын қарасақ, ірі көршісі алдыңғы шепте тұр деп тағы айта алмаймыз. Алдыңғы қатарда – Еуропа елдері. Сондықтан Қытай Қазақстанның қай саласында монополист деп санау қате пікір», дейді.
«Қытайдың Орталық Азиядағы белсенділігі артты, оған, әрине, күмән жоқ. Бірақ ол Қырғызстан мен Тәжікстанда көп байқалады», деген пікірде қытайтанушы Франк Мараккионе.
«Бір белдеу, бір жол» бастамасы екінші онжылдыққа қадам басты. Қытай жобаны әрі қарай жалғастыруға ниетті. Әлем ғалымдары келесі кезеңде жоба жергілікті халыққа оң әсерін тигізсе, жемісті болады деп болжам жасап отыр.