Жануарлар • 29 Қаңтар, 2024

Буаз киіктердің обалы кімге?

405 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты, «Аmanat» партиясы фракциясының мүшесі Ерболат Сатыбалдин Бас прокурор Берік Асылов пен Эколо­гия және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевқа ақбө­кендердің аяусыз қырылуына қатысты депутаттық сауал жолдады. Онда салалық министрлік қабылдаған регламентке сай жұмыс атқарып жатпағанын жеткізді.

Буаз киіктердің обалы кімге?

Е.Сатыбалдиннің айтуынша, кезінде 2 миллионға дейін өскен киіктің саны 2003 жылы 21 мың басқа кеміп кеткен.

«Былтырдан бері «киіктің қатары қоюланып кетті, егінге түседі» деген шаруалардың уә­жін естіп жатырмыз. Сол се­бепті 2024 жылдан бастап киікті азайтуға мемлекеттік органдар­дан ресми түрде рұқсат беріл­ді. Алай­да құзырлы орындар «азай­ту» дегенді «аяусыз қыру» деп түсінген сияқты. Таяу­да Ұлы­тау облысы Жаңаарқа ауда­нының Қызылжар ауылында «Охотзоопром» ӨБ қызмет­кер­лерінің киік санын азайту же­леуімен буаз киіктерді атып жат­қаны жергілікті тұрғын­дардың наразылығын тудырды», деді депутат.

Бұл ретте ол киіктердің по­пуляциясын шаруаларға зиян тигізбейтіндей, халықты дүр­белеңге салмайтындай етіп реттеу қажеттігін еске салды. Оның айтуынша, «Охотзоопром» ӨБ қызметкерлерінің жасаған бұл қадамына құзыретті орындар құқықтық бағасын беруі керек.

«Аталған мекеме қызмет­керлерінің салалық министрлік қабылдаған регламентке сай жұмыс атқармағаны белгілі болды. Біріншіден, ақбөкендер ауыл маңына 10 шақырым жа­қындағанда жауапты мекеме қызметкерлері елді дүрліктірмей, халыққа бірінші кезекте құлақ­тандыру, ақпараттандыру жұ­мыс­тарын жүргізуі керек. Екін­шіден, ақбөкендердің попу­ляциясын шектеу шараларын орындау – жаппай қыру емес. Ақбөкендер табынын са­­нитарлық реттеу үшін ақсақ-тоқсағын, кәрі-құртаңын, ауру-сырқауын бірінші нысанаға алу керек. Үшіншіден, ең бастысы, ақ­бөкенді буаз кезінде азайту ша­ралары іске асырылмауға тиіс», деді Е.Сатыбалдин.

Осы жайттарды ескере келе, ол аталған ведомство басшыларына депутаттардың мынадай ұсыныстарын жеткізді: «Бас прокуратура мәселенің мәнін терең қарастырып, «Охотзоопром» ӨБ қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне құқықтық бағасын беруі керек; Экология және табиғи ресурс­тар министрлігінің киік са­нын азайтуға бағытталған шара­ларды толық пысықтап, тиіс­ті регламентке өзгерістер ен­гізуі қажет; Тиісті регламентке киік­тердің табынын реттеуді ақбө­кеннің лағы аяқтанған кезең мен күйекке түсер мезгіл арасында, яғни қазан, қараша айларында іске асырылуға тиіс деген өз­герістің енгізілгені маңызды; Киік­ті атудың маусымдық шараларын іске асыруда жауапсыздық танытқан қызметкерлерге шара қолданылсын».