Әйел әлемі • 30 Қаңтар, 2024

Маңғыстауда іскер әйелдер бас қосты

202 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстаудың іскер әйелдері отбасылық міндеттермен ғана айналысып қоймай, қызметте мансапттық жетістіктерге жетеді және қоғамдық өмірге белсенді қатысады. 27 қаңтарда Достық үйінде аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен іскер әйелдер қауымдастығымен әйелдер күштері Альянсының кеңейтілген отырысында кездесуге жиналғандар өткен жылды қорытындылап, алдағы 2024 жылға арналған жоспарларын бөлісті, деп хабарлайды Egemen.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Маңғыстауда іскер әйелдер бас қосты

Ақтауда Маңғыстаудың 70-тен астам кәсіпкерлері мен белсенділерін жинаған іскер әйелдер қауымдастығы мен әйелдер күштері Альянсының кеңейтілген отырысы өтті.

Жиынға қатысушылар әйелдер кәсіпкерлігі мен жұмыспен қамтуды дамытудағы жаһандық және өңірлік трендтерді талқылады.

Маңғыстау іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы Шолпан Ильмұханбетова, қазір әйелдер еліміздің саяси және әлеуметтік өмірінде үлкен рөл атқаратынын айтты. Оның айтуынша, бүгінгі таңда 9 млн экономикалық белсенді азаматтың 4,3 млн-ы әйелдер. Еліміздегі барлық педагогтардың 84%-дан астамын және дәрігерлер мен медициналық қызметкерлердің 80%-ын нәзік жандылар құрайды.

«Жиналысты өткізудің мақсаты - қауымдастық пен әйелдер күштері Альянсы арасындағы өзара іс-қимылды ынталандыру. Сонымен қатар, әрқилы салада қызмет ететін әйелдерді оқыту және қолдау, елдегі демократияның дамуына ықпал ету және еңбекші әйелдердің әлеуметтік мәртебесін арттыру болып табылады. Бүгінгі таңда Маңғыстаудың экономикалық белсенді тұрғындарының жартысына жуығы - әйелдер. Біз әйелдердің құқтарын қорғау, отбасылық құндылықтарды дамыту және әйелдердің ерлермен тең дәрежеде саясат пен экономикаға белсенді араласуын қамтамасыз етуге ұмтыламызБіздің мақсатымыз ерлердің алдына шығу емес, тең дәрежеде бірлесе әрекет ету», деп атап өтті Шолпан Ильмуханбетова.

Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтауда және дамуда әйелдің рөлі орасан зор екенін атап өтті. Сондай-ақ әйелдер еліміздегі бейбітшілік пен өркендеудің ажырамас бөлшегі екеніне тоқталды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның әрбір азаматы елдегі азаматтық қоғамды дамытуға белсенді түрде атсалысуы тиіс екенін әрдайым айтады. Біздің өңірімізде әйелдер аналық міндеттерін кәсіпкерлік пен басшылық лауазымда, әлеуметтік жауапкершілік пен қайырымдылықта сәтті үйлестіріп жүргенін білеміз. Әйелдердің бұл күш-жігері біздің еліміздің келбетін қалыптастыруда шешуші рөл атқарады, олардың қоғамдық қызметтің әртүрлі салаларындағы ықпалын көрсетеді. Олардың көптеген рөлдерді қатар ұстай алу қабілеті әйелдердің қоғамдық дамуға қосқан үлесінің маңыздылығын көрсете отырып, басқаларға шабыт береді», деді Нұрлан Ноғаев.

Маңғыстауда 2023 жылдың соңындағы мәлімет бойынша, әйел кәсіпкерлердің саны ШОБ секторында 57,9%-ды  құрады. Кәсіпкер әйелдердің көпшілігі білім беру, денсаулық сақтау, өңдеу өнеркәсібі, сауда салаларында кәсібін дөңгелетіп отыр.