Сараптама • 30 Қаңтар, 2024

Ғылымдағы гендерлік мәселелер

231 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздегі гендерлік статистика білім беру саласындағы шешім қабылдау деңгейінде гендерлік теңгерімсіздік бар екенін көрсетеді. Экономикалық зерттеулер институтының сарапшысы Жанерке Рахман осындай пікірді алға тартады.

Ғылымдағы гендерлік мәселелер

Оның пікірінше, қазіргі уақыт­та са­лада жұмыс күшінің басым бөлігін әйелдер құрайтынына қарамастан, шешім қабылдауға байланысты және жоғары позициялы қызметтерде әйел­дер­дің репрезентациясы төмен. Жоғары білімді әйелдер санының көпті­гіне қарамастан, басқарма иерар­хиясы бойын­ша көтерілген са­йын нәзік жанды­лар саны азая береді.

«Білім беру саласында зерт­теуші­лер арасында сандық феминизация байқалады. Статистикаға назар аудар­сақ, 2006–2010 жыл­дары әйел зерттеу­шілер мен ер зерттеушілер үлесі арасын­­дағы жағдайдың флуктуация­дан бастал­ға­нын көруге бола­ды. Дегенмен 2010–2015 жыл­дар аралығында үлестік көр­сет­­кіш­тер тең бөлініске барынша жа­­­қын­­дайды. 2015 жылы әйел зерт­теуші­лердің пайыздық көрсет­кіші ер зерттеушілердікіне қарағанда жоғары болып, осы үрдіс 2022 жылға дейін жалғасады. Ал 2021 жылы ген­дер­лік бөлініс әйелдер тарапына қарай ауы­сады: әйел зерттеу­шілердің үлесі – 54,5%, ер зерт­теушілердің үлесі – 45,5%. Әйел зерттеушілердің өсім үрдісіне қарамастан, белгілі бір жыл­­­дары флуктуация болып отыр­­­ған. Мысал ретінде 2012 жыл­­­ғы ең төменгі көрсеткіш пен 2021 жыл­ғы үлестік басымдықты алуға болады», дейді Ж.Рахман.

Сарапшының айтуынша, ғылыми жұмыспен айналысатын зерттеушілер арасындағы әйелдер үлесі кейінгі 18 жыл бо­йына тұрақты түрде 50 пайыздан артық үлесті құраған. Тек 2012 жылы ғана 49,9%-ды көрсеткен. Зерттеушілердің арасындағы әйел­дер үлесінің артуы жақсы үрдіс болғанымен, бұл – тек қана сандық феминизация, бірақ сапалық емес. Мысалы, жоғары білім беру деңгейінде әйел басшылардың үлесі тек 2019 және 2022 жылдары ғана 20 пайыздық көрсеткіштен асқан.

«Білім беру саласындағы бас­шылар арасында гендерлік теңгерімсіздік ерлер тарапына қарай айтарлықтай жыл­жы­ған. Кейінгі жиырма жылда білім беру саласында, оның ішінде басшы­лық позициядағы гендерлік бөлініс өз­гер­мелікті көрсеткен. Десе де, соған қара­мастан бұл салада әлі де болса гендер­лік тең­дікті көру қиын. 2000– 2011 жыл­дар аралығында басшылық деңгей­дегі әйелдер үлесі 7 және 11 пайыз аралығында флуктуация­ны көрсеткен. 2012–2018 жыл­дар аралығында кішкене флук­туацияға қарамастан, өсім тенденциясы анық көрінеді. Ең жоғары пайыздық көрсеткіш 2019 жылы 24% болса, одан кейін­гі жылдарда көрсеткіш тө­мен­­дегенімен, айтарлықтай өз­геріс­тер болмаған. Жоғары білім беру саласындағы шешім қа­былдау деңгейінде әйелдер үле­сінің төмен болуы, еліміздің бі­лім беру жүйесіндегі гендерлік тең­дік бойынша арнайы шараларды жасау қажеттігінің бар екенін көрсетеді», дейді сарапшы.

Ж.Рахманның айтуын­ша, менторлық бағдарламар, ин­клю­зияны қолдау сая­саты секіл­ді бастамалар жағдайды жақ­сарта алатынын ескере отырып, елімізде келесідей шаралар­ды көбірек жүзеге асыру орынды. Бірінші – тәлімгерлік бағдар­ламалар. Жоғары білім беру саласында тәжірибелі әйел көш­басшыларды өз мансап жолын бастап келе жатқан әйелдермен біріктіретін ресми тәлімгерлікті құру жетекшілік, қолдау және нетуоркингті дамытуға үлкен сеп болады. Екінші – көшбасшылық бойынша семинарлар. Жоғары білімді әйелдерге арналған семи­нар­лар келіссөздерді жүргі­зу, кон­фликтілерді шешу және тиімді коммуникация секілді мәселелерді қамти алады. Үшін­ші – гендерлік теңдік сая­са­тын кеңі­нен насихаттау. Ака­демия­лық орталарда гендерлік аспек­тілерді ескеретін саясатты ұстану және қолдау.