Волонтер • 30 Қаңтар, 2024

Мейірімді жүрек лүпілі

290 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қылышын сүйретіп қыс келгелі халық қармен алысып әлек. Облыстық жастар ресурстық орталығының жанындағы «Волонтерлерді қолдау орталығы» фронт кеңсесі қарлы десант акциясын ұйымдастырды.

Мейірімді жүрек лүпілі

Фото: baribar.kz

Қуат кеміп, қажыр сарқыл­ғандай болған шақта көбік қар­дың өзі көп-көрім жүк. Егде адамдарды осы бейнеттен құт­қар­ғысы келген еріктілер облыс орталығындағы қарттар мен мүгедектерге арналған пан­сио­наттың маңайын тазалап, қолғабыс етті. Бірер күн бұрын ғана жапалақтап қалың қар жауған. Биік көктен билеп, ойнап жауған қар аумағы ат­шаптырым ауланы да, жаяу жүр­гіншілер жолын да жауып тастаған. Қолдарына бір-бір күрек ұстаған жастар тығыз­далған қасат қарды кірпіштей ойып алып, әп-сәтте тазалап шықты. Сөз арасында мұндай ізгілікке толы ізетті істің аудандарда да ұйымдастырылатынын айта кетелік. Ең жақсысы, қинал­ған жанға қол ұшын беретін жас­тар қатарының көбейе түсуі. Қар тазаланар, аула күрелер, мұқтаж жандарды мейірімді жүрек лүпілімен жылытатын жас толқынды көргенде көңілге сенім ұялайды екен.

– Жастардың осы бір мейі­рімді ісі көпке үлгі болуға тиіс, – дейді «Мейірімді жүрек Lider.kz» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ирина Катухова.  Осының барлығы тәлімді тәр­биенің нәтижесі. Ұстаздары мен ата-аналарының ақылынан ұққан өмірлік ұстаным деп айтсақ артық болмайтын шығар.

Ел қамын ойлаған еріктілер аула тазалаумен бірге қариялар­дың отындарын жарып, көмір­лерін тасып, қолдарын ұзартып отыр. Мейірімді жандар меке­ніндегі ізгіліктің аспаны осылайша жан жылуымен жадырай түсті.

 

Көкшетау