Кино • 31 Қаңтар, 2024

«Жаралы сезімді» түсіру үшін Тасмағамбетовтің үйін жалға алдық - Еркін Рақышев

8271 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Белгілі режиссер Еркін Рақышев ақпан айында «Жаралы сезім 2» фильмі жарыққа шығатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Жаралы сезімді» түсіру үшін Тасмағамбетовтің үйін жалға алдық - Еркін Рақышев

«Менің өмірім» бағдарламасына сұхбат берген режиссер-сценарист  алдымен бұл мамандықты интернеттен меңгергенін жасырмады.

- Құдай маған кино түсіре алатын талант беріпті. Алғаш рет кино түсіру үшін қаражатым болмады. Үйімді кепілге қойып, несие алғанмын. Әйелім қатты қорықты. Содан кейін менің атыма ешқандай жылжымайтын мүлік жазбайтын болды. Несие алғаннан соң енді не боларын мүлде білмедім. Сөйтіп жүріп «Жаралы сезім» фильмін түсірдік. Жобаны аяқтағаннан кейін ақшасын шығарып алуды ойламадым. Басты арманым мен мақсатым – режиссер болу. Жалпы, өзім елге белгілі адамдармен өте көп араласқанмын. Сондай жандардың бірі – сол кездегі қала әкімі болған Иманғали Тасмағамбетов, - деді Еркін Рақышев.

Ол экс-шенеуніктің «Жаралы сезім» фильмінің шығуына қосқан үлесі зор екенін атап өтті. Кино түсіру үшін үйін жалға алуға рұқсат еткен.

- Одан кейін фильмнің тұсаукесерін жасағанда 300 доллар бергені есімде. Бір күні тұсаукесерге керек құрал-жабдықтарын алып келген жігіт: «Мына фильмді біздің кинотеатрда көрсетейік, күніне бір адамнан 100 теңге беріп отырамын» деп ұсыныс тастады, мен басында түсінбей, артынан келістім. Бірінші күні киноға 7 адам келді, мен 700 теңге алдым. Ойлансам, билет құны 800 теңге, менің алатыным 100 теңге, екінші күні 25, үшінші күні 30 адам келді. Киноны мен түсіремін, бірақ пайданың көп бөлігін басқа адам алады. Бұл дұрыс емес қой деп ойланып, жаңағы жігітпен сөйлесіп, 50/50-ге бөліп, ақшамды шығарып алдым. Сол кезде режиссер боламын деп түбегейлі шешім қабылдадым, – дейді әуесқой режиссер.