Жәдігер • 01 Ақпан, 2024

Құпиялы қос бұйым

164 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Егер сіз Қызылорданың Аралына бара қалсаңыз, «Балықшылар» музейіне кірмей кетпеңіз. Онда балықшы мен балыққа қатысты біз білмейтін деректерге сүрініп жығыласыз. Бәрі де – ұрпаққа керек аманат дүние. Егер ғайыптан әрқайсысына тіл бітсе, біраз сыр мен мұңды төгер ме еді?

Құпиялы қос бұйым

Иә, теңіз толқынында жүзіп, еңбегімен ер атанғандардың суреті көп мұнда. Сондай-ақ балық­шылар мінген арба, ау-құралдары, қабадан мен қайық құралдарын байқайсыз. Кеменің техникалық құралдары да жеткілікті. Тіпті біз бірсыпырасын сұрап та алдық.

Қызыққан экспонаттың бірі – мектепте сыңғырлай қағылатын қоңырау сияқты. Тек тұрқы үлкен демесек, айнымаған сол. Мұны кеме қоңырауы деп атасақ та болатын шығар. Жоқ, олай емес екен. Әлгінің «рында» деген өз атауы барын музейдегілер түсіндіріп айтқан. Бұның қызметі не? Ты­қақтап осындағыларға сұрақты жаудырғанбыз. Естігенімізді енді осында түсірсек.

ыв

Рынданың қызметі сіз бен біз ойлағандай, кеменің сигналы ғана емес. Бұл кәдімгі ұшақ­тардағы «қара жәшіктің» де қыз­метін атқарған. Мысалы, Арал­дан шыққан кеме Мойнаққа бет алды дейік. Мойнағың қазіргі Өзбекстан тұста. Дұрысы, Қара­қалпақстан. Енді қараңыз. Кеме жолға шығарда осы рындаға нөмір салып, арнайы құжат да­йындаған. Құжатқа кемеде неше адам, капитаны кім, не мақ­сатпен шықты, қандай зат бары тү­гел түсіріледі. Қағаз құжат кеме шық­қан аймақтағы кеңседе сақ­талады.

Ал алда-жалда кеме дауылға кез болып, апатқа ұшыраса, рын­даны бірінші іздесе керек. Сон­дағы нөмір арқылы кемеде кім бар, кім жоғын түгендеп, аты-жөнін айғақтап отырған.

Расы сол, тіпті кеме суға батып, белгісіз кетсе де, Құдай ай­дап, 20-30 жылдан соң рында табылуы мүмкін ғой. Нөміріне қа­рап «жарықтық, осында пәлен деген аталарымыз болыпты-ау» деп құ­жатты ақтарған кейінгі ұр­пағы бас шайқайтыны анық.

Айтпақшы, кеме келе жатқанда осы рындамен сигнал береді дедік. Оның да түрлі-түрлісі болған деседі. Біз білмейтін нәрсе көп екен мұнда. Қараңызшы енді. Қайғылы сапар болса, кемедегілер басқа әуенге салып, жағадағыларға белгі берген. Ал балық мол болып, олжалы қайтса, кемедегілер қуанышты хабарды білдіретін рында қоңырау қағыпты.

Қызық жері бар. Балық­шы­лардың жұбайлары рында дауы­сын ажырата білген. Мысалы, портқа бір кеме таянғанда осы дү­ниені қағып, дыбыс берсе, қай кеме екенін үйінде отырып та­ныған көрінеді. «Мына кемеде сенің ағаң жоқ» немесе «Әй, мынау әкең мінген кеме ғой, оралыпты, шай қоялық», деп балаларын тәртіпке келтірген аналардың қасиетінен айналасың кейде…

Музейде бізді назар аудартқан екінші бір дүние бар. Ол – темір аяқкиім. Ғылыми қызметкердің бетіне қарадық. Сұраулы жүзі­мізге сол уақытта музейге еңбегі сің­­ген, бүгінде марқұм болған Ай­­бек Әуесхан жауап беріп үлгеріп жатты.

– Бұны теңіз кемелерін жөн­дейтін механик-шеберлер киген, – деп бастай берді әңгімесін Айе­кең.

– Мынауыңызды тарсылдатып қалай киген? Өзі ап-ауыр екен, – дедім менде аса таңданыспен.

– Иә, бір сыңарының өзі – 7 келі. Екеуі 14 келі тартады. Сал­мақты бұдан да көбейтіп кие­тін болған. Оның басты себебі мынада еді…

Оның айтуынша, темірдің де тозатыны белгілі. Суда жүзіп келе жатқан кеменің бір жартасқа соғып, асты қақырай сөгілуі мүмкін. Тесілген кемені жөндеу үшін арнайы киім киген механиктер су астына түсетін болған. Суға түскенде осы темір аяқкиім қоса киілген. Себебі су астына түскенде салмақты ұстап, адам­ның су бетіне шығып кетпеуі үшін ауыр темір керек екені белгілі.

Кейде кеменің жылдамдығын арттыратын ең астындағы үш не төрт қалақшалы вентиляторына ау оралып жатады. Мұндайда дереу кеме механиктері киімін киіп, әлгі суреттегі темір байпақты ая­ғына сұға салуды ұмытпайды. Солай. Су астында жүріп, кемесін жөндей беретін біздің аталардың жүрегі мықты еді.

Музейде кеменің маяк шамы да көзге түседі. Сенсеңіз, осы маяк­­тың құрметіне Арал қала­сына клуб салынып, атын да солай атаған. Осы маякқа арнайы орын белгілеп, жаңа стела да тұрғызылды. Қазір сол маяк шамы түнде қараңғылықты тіліп, Арал қаласына әсемдік беріп тұр. Ал енді «Синер» деп аталған кеменің макетін көргенде өте қызық дерек естідік.

Арал қаласынан бұрын балық етінен консерві дайындаған. Бірақ оның қайда дайындалып, қандай цехта шығарылғаны жайлы ешкім біле бермейді. Мына «Синер» деп аталатын кеме ішінде осы тамақ өнімін дайындағанға ұқсайды. Иә, кәдімгі кеме ішінде шағын цех болған. Кеме теңізде балық аулап, сонда бұзып, аршып, дайын өнімді қала сыртындағы портқа жеткізіп отырыпты. Ал енді бұны жалғыз бір «Синердің» атқармағаны бел­гілі ғой. Мұндай кеменің Арал теңізінде тоғызы жүзіпті. Ал тоғызы балық консервісін дайындаса, онда көп елге теңіздің дәмі бұйырып тұрғаны да.