Қоғам • 02 Ақпан, 2024

Татар баспасөзіндегі ұлт тарихы

261 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда «Тұмар» баспасынан «Қазақстан – татар баспасөзінде» атты монография жарық көрді. Авторы – Қызылорда «Болашақ» университеті филология, журналистика және тарих кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Асқар Еңсепов.

Татар баспасөзіндегі ұлт тарихы

Үш тараудан тұратын монография Қазақстан тарихының ше­тел­дік тарихнамасының негізін қа­лаушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор марқұм Көшім Есмағамбетовтің алғысөзімен бас­талады. Алғашқы тарауы ХХ ғасыр ба­сындағы татар баспасөзінің қа­лып­тасуы мен дамуына, қазақтар арасындағы ықпалына арналған. Бұл тарауда татар тіліндегі мерзімді басылымдардың қалыптасып, дамуы және олардың идеялық ұста­ным­­да­рындағы ерекшеліктер, татар бас­пасөзінің таралу ауқымындағы Қа­зақстан және қазақ-татар баспасөзі арасындағы байланыстар дәйектеледі. Елдегі татар баспасөзінің дамуына әсер еткен геосаяси, әлеуметтік және мәдени факторлар ескеріліп, ХХ ғасырдың басындағы тарихи алғышарттар белгі­ленеді. Татар тілін­дегі мерзімді басы­лымдардың идея­лық ұстанымдары тал­данып, жарияланымдардың сол кездегі саяси, әлеуметтік және мәдени үрдістерді қалай бейнелегені зерттеледі.

Екінші тарауда патшалық Ресей тұсындағы Қазақ­стан­ның қоғамдық-саяси өмірінің татар баспасөзіндегі көрініс табуы қарастырылады. Бірін­ші орыс революциясы кезіндегі қо­ғамдық-саяси өмірдегі өзгерістер, қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғау жолындағы күрестің екпін алуы байыпталған. Осы саяси оқиға­ның Қазақстандағы әлеуметтік-саяси динамикаға әсері зерделенген. Қа­зақ халқының өзгерісті қолдайтын және қарама-қарсы көзқарастары да ескеріліп тал­данған.

Соңғы тарауда татар баспа­сө­зінің 1917 жылғы саяси өзгеріс­тер тұсындағы Қазақстан тарихына қатысты деректері қарас­ты­рылады. Тарау Уа­қыт­ша үкі­мет жағ­дайындағы саяси-әлеу­мет­тік ахуал, Түркістан автономиясы мен Алашорда үкіметінің жариялануы мәсе­лелерін айқындайды. Уақытша үкімет тұсындағы Қазақстандағы саяси-қоғамдық жағдайды татар бас­пасөзінде жариялануына талдау жүр­гізілген. Татар тіліндегі басылымдарда патша өкіметінің құлауынан туындаған өзге­ріс­терге жергілікті ха­­лық­тың ұмты­лысы, үрейі мен реак­циясы анықталады.

Жалпы, ХХ ғасырдың басындағы татар баспасөзінің қалыптасуы мен дамуы, оның қазақтар арасындағы ық­палы – тарихи өзгерістер кезеңін­дегі түрлі этностық және тілдік қауым­дастықтың өзара қарым-қаты­насын айқындайтын қызықты тақырып. Моно­графияда мәселелерді жан-жақты түсіну үшін мұрағаттық материалдар, сол кезеңдегі газеттер мен басқа да жарияланымдар алғашқы дереккөздер ретінде пайдаланылады.

Монографияға Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда университетінің қауым­дастырылған профессоры, тарих ғылымдарының докторы Тастан Сәтбай, Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық универ­си­те­тінің до­центі Күлпәш Ілиясова және Қызылорда «Болашақ» уни­вер­­ситетінің аға оқы­ту­шы­сы, тарих ғылымдарының кан­дидаты Алтын Еспенбетова пікір білдірген. Оқыр­ман­ға ұсынылған моно­гра­фия­ның ғылыми редакторы – «Болашақ» инс­титутының директоры, саяси ғы­лымдар кандидаты, қауым­дас­ты­рыл­ған профессор Мұрат Насимов.