Форумның ашылуында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Digital Almaty» бизнес өкілдері, халықаралық сарапшылар және IT-қоғамдастық кездесетін бірегей алаң екенін еске салды. Ұсынылған идеялар нақты шешімдерді табатынын айтты. Мысалы, былтыр Кремний алқабында ашылған «Silkroad Innovation Hub» стартап жобалардың тартылыс нүктесіне айналды әрі өңірімізде цифрлық шешімдерді қолдану аймағын кеңейтуде күш-жігерін біріктірді. «Silkroad Innovation Hub» резиденттік жобалары ішкі және әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие. Айталық, жақында «Skype», «Tesla» және «SpaceX» компанияларына табысты инвестицияларымен танымал әлемдегі ең ірі венчурлық инвестор Тим Дрейпер отандық «Citix» стартапына 1 млн доллардан астам инвестиция салды. Хаб резидентінің тағы бір стартапы – «TrustMe» АҚШ-тағы «Hero Training» бағдарламасында үздіктердің бірі деп танылды. «Барлық бастамамыз, соның ішінде «Google for Startups» және «Draper University»-мен бірлескен бағдарламалар, «Silkroad Innovation» хабын іске қосуға қолдау көрсету, «Digital Bridge» және «Digital Almaty» IT форумдарын өткізу – осы мақсатқа жету құралдары», деді Бағдат Мусин.
Министр айтып өткендей, біздің ел БҰҰ рейтингінде онлайн қызмет көрсету бойынша әлемде 8-орында, ал «электронды үкіметті» дамыту бойынша біз 28-орындамыз. Көлікті үйде отырып-ақ 5 минуттан аз уақыт ішінде тіркеуден бастап, қолма-қол ақшасыз төлемдерді енгізуге дейін біздің еліміз цифрлық инфрақұрылымды дамытуда табысқа жетті. Мемлекеттік қызметтердің 93 пайызға жуығы электронды форматта көрсетіледі. 50 миллион сертификат цифрлық форматқа ауыстырылды. Б.Мусиннің айтуынша, қазақ тілін қолдайтын GPT чатының баламасын іске қосуға дайындық жұмыстары басталып кетті.
– Қазіргі үрдістер бізге мемлекеттік қызметтерді көрсетуде жаңа шешімдерді енгізуге мүмкіндік берді, бұрын қиял болып көрінген дүниелер шындығымызға айналды. Биыл eGov пен жасанды интеллект арасындағы ынтымақтастықты бастаймыз. Алда талай қызық әрі қиын жұмыс күтіп тұр. Қазіргі уақытта ел азаматтарының саны 20 миллион адамға жеткенін ескеру керек. Экономикалық белсенді азаматтардың 68%-дан астамы ай сайын eGov жасанды интеллект қызметін пайдаланады, – деді министр.
Бұдан кейінгі тақырып «GovTech X: мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға арналған цифрлық құралдары» атты панельдік сессиясында жалғасты. Оған спикерлер ретінде Ресей Федерациясының Цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрі Мақсұт Шадаев, Қырғыз Республикасының Цифрлық даму министрі Нұрия Кутнаева және «Freedom Holding Corp.» бас атқарушы директоры Тимур Турлов қатысты.
Б.Мусин электронды үкіметті енгізу көрсеткіштері жылдан-жылға артып келе жатқанын, былтыр онлайн режімде 50 млн қызмет көрсетілгенін, қызметтердің 92%-ы азаматтарға үйден шықпай-ақ қолжетімді болғанын айтты. Сондай-ақ проактивті қызметтерді жүзеге асыру бойынша жұмыстар үнемі жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта мұндай қызметтердің 46 түрі бар және олар 2 млн-нан астам рет көрсетілген. «Қазір бізде электронды үкіметтің орасан зор экожүйесі қалыптасты, оған мемлекеттік порталдармен қатар, банктік қосымшалар еніп, басқа да сервистер мен стартаптар кіре бастады. Біз мемлекет ретінде өнімдер мен қызметтерді құруға арналған көптеген құрал түрін ұсынамыз. «Govtech» бойынша көшбасшылардың бірі ретінде өз құзыреттерімізбен, тіпті дайын өнімдерімізбен бөлісу жауапкершілігіне иеміз. Мәселен, былтыр Тәжікстан Республикасына 3 жүйе берілді. Олар – «CPU», «Smart Bridge», «GOV.kz». Біз табысты және дәлелденген өнімдерді серіктес елдерге қайтарымсыз ұсынамыз», деді Б.Мусин.
Сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі ең танымал 45 сервис пен мемлекеттік қызмет ел тұрғындарына екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы қолжетімді екенін атап өтті. Мәселен, олардың ішіндегі ең танымалы – автокөлікті онлайн сату. Оның айтуынша, егер бұрын мәмілелердің шамамен 10%-ы ғана онлайн өтсе, мемлекеттік қызметке реинжиниринг жүргізіліп, оны банктердің қосымшаларына шығарғаннан кейін онлайн сатылымдардың үлесі 75%-ға дейін өсті.
Форум барысында Еуразиялық экономикалық комиссия ЕАЭО аумағында B2G трансшекаралық өзара іс-қимылдарында электронды цифрлық қолтаңбаны өзара тану бойынша жұмыс қалай жүріп жатқаны туралы сөз болды. Еуразиялық экономикалық комиссияның Ақпараттық технологиялар департаменті бірқатар жобаны, соның ішінде «Еуразиялық бестіктің» құжат айналымына арналған электронды цифрлық қолтаңба әзірлеуді жүзеге асырып жатқанын, әрбір мүше ел өзінің электронды құжат айналымы мен электронды цифрлық қолтаңба жүйесіне ие екенін білдік. «Бірақ Еуразиялық экономикалық комиссия ұстанымы бойынша барлық бес ел сенетін құралды әзірлеу бойынша шаралар қабылданып, жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл сенімді құжат айналымы үшін пайдаланылады», деді Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесшісі Мұрат Бостанов.
Ол жобаның іске қосылғанын және бұл шешімдерді әзірлеушілер бар екенін атап өтті. «Біріктірілген жүйені дамыту жоспарларына сәйкес бұл шешімдер белгіленген мерзімде, шамамен 1-1,5 жыл ішінде жүзеге асады деп үміттенеміз», дейді М.Бостанов. Оның айтуынша, мүше елдер электронды цифрлық қолтаңбаны куәландырып, оларды пайдалану туралы шешім қабылдауы керек. 2023 жылғы тамызда Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының отырысында Қазақстан аумағында B2G (бизнес-үкімет) трансшекаралық өзара әрекеттесуінде электронды цифрлық қолтаңбаны өзара тану қағидалары бекітілген болатын.
Қазақстан өзін финтех, бет-әлпетті тану технологиялары, жасанды интеллект саласындағы беделді ойыншы ретінде әлдеқашан танытқаны осы күнге дейін талай рет айтылды. Өнеркәсіптік стартаптар көлеңкеде қалып отыр деген пікірлер көп айтылады. Бірақ ірі кәсіпорындар сәтті жүзеге асырып жатқан жобалар да баршылық.
Форум жұмысына қатысқан «Инновациялық технологиялар паркі» («Tech Garden») автономды кластерлік қорының бас директоры Бауыржан Канкин бізбен әңгімесінде ақпаратты технология сегменті қателіктері, тіпті табыстары туралы айтуды ұнатпайтын өте консервативті нарық екенін айтып берді. Бірақ кез келген сәтті шыққан тәжірибе компанияның алға жылжуына жол ашады. Сол себепті біз үшін технологиялық жарыстан қалып қоймау маңызды. Дұрысы, топтың алдыңғы қатарында болу. «2024 жылдың қыркүйегінде Лас-Вегаста тау-кен металлургия кешенін цифрландыру бойынша көрме өтеді. Негізінде бұл – төрт жылда бір рет өткізілетін және саладағы жетекші ойыншылардың басын қосатын салалық әлем чемпионаты. Онда «Hitachi», «Komatsu», «Siemens» сияқты ірі компаниялардың үздік шешімдері қойылған. Бізде үлкен экспорттық әлеует бар, біз сонда назар аударамыз деп сенемін», дейді ол.
Форум барысында криптобиржалардың екінші деңгейлі банктермен өзара іс-қимылы жөніндегі қанатқақты жобаның аяқталғаны айтылды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Электронды өнеркәсіп және цифрлық активтер индустриясын дамыту департаментінің директоры Ғиззат Байтұрсынов жобаның басты мақсаты – бөлшек және кәсіби инвесторлардың құқықтарын қорғау үшін маңызды саналатын қамтамасыз етілмеген цифрлық активтермен сауда жасау үшін реттелетін орта құру. «Бір жарым жыл ішінде нарық қатысушыларымен тығыз қарым-қатынас жасадық, бұл бізге айтарлықтай жетістіктерге жетуге мүмкіндік берді. Атап айтқанда, АХҚО криптобиржалары мен отандық екінші деңгейлі банктер арасындағы ынтымақтастықтың тиімді тетіктерін орнатты, реттеуші базаны қамтамасыз етуге ықпал етті», деді ол.
АХҚО лицензиялау және қаржылық технологиялар кеңсесінің басқарушы директоры Еркеғали Еденбаев қанатқақты жобаның нәтижелері туралы айтып берді. «Қанатқақты жоба кезеңінде жалпы айналым 239 млн долларға жеткен, ал транзакциялар саны 63 мың, клиенттердің жалпы саны 52,8 мың», деді ол.
Халықтың қаржылық сауаты сын көтере алмайтын біздің елде валютаның мұндай түріне күмәнмен қарайтындар өте көп. Тіпті Батыс елдерінде қаржы сегментінің тамырын басып қана пікір айтатын сарапшылардың өзі валютаның мұндай түрімен қалтаңда басы артық 100 мың доллар болса ғана жұмыс істеуге кеңес беретінін айтады. Е.Еденбаевтың пікірінше, жұрт айтып жүргендей, валютаның мұндай түрімен «ойнай бастағандарға» ешқандай криптомания емес, инвестор ретінде қарауымыз керек.
«Digital Almaty» форумы биыл өнеркәсіптегі цифрлық трансформация және «GovTech,» «4.0 Индустриясы», «ESG», «Smart City» және басқа да салалардағы инновациялық шешімдерді ашатын ауқымды іскерлік бағдарламаны ұсынады. Панельдік пікірталастар шеңберінде халықаралық сарапшылар, сала көшбасшылары, IT және бизнес саласындағы жетекші инноваторлар қатарынан 200-ден астам спикер қатысты. Олар экономика мен инновацияның нақты секторында жаңа технологияларды қолдану нәтижесіндегі табысты кейстермен бөлісті.
АЛМАТЫ