Фото: Игорь Бургандинов
Әлемнің мінезі аумалы-төкпелі қазіргі қоғамда қылпып тұрған мәселенің түйткілін тарқатуды айтқан дөңгелек үстелге қатысушылар ұлттық бірегейлікті нығайтуға тоқталды. Құндылықты күшейтуге дін мен қоғам үндестік тапқанда ғана үлесін қосып, серпін беретінін алға тартты. Тұғыры мығым мемлекет қашанда халқының әлеуметтік әлеуетіне ғана емес діни ұстанымына да бей-жай қарамайды.
Бүгінгі қазақ қоғамы екіұдай күйге түсіп, қақ жарылып дінге неге тосырқап қарайтын, үркетін деңгейге жетті? Жат ағымның жетегіне ілесушілердің, түрлі ұстанымдағы адастырушылардың артынан кеткендердің де дін ұғымына кесірін тигізіп жатқаны белгілі. Дәстүрімізді діннен алшақтатып алу түптің түбінде опық жегізері анық. Дін мен дәстүрді қатар өрбітіп дәріптеу ісі қалай жүріп жатыр? Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров егемендігімізді жария еткен елең-алаң шақта, етек-жеңімізді қымтай алмайтын кезеңде сырттан оқыған мамандарымыздың өзге елдің діни таным-түсінігін ғана емес, мәдениетін де сіңіріп келуінің әсері екенін ескертті.
«Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы дін қоғамның ажырамас құндылығы екенін, қоғамның түлеп дамуы ұлттық ұстынға байланысты болатынын атап өтті. Ал сол құндылықтың да өзегі дінмен қабысатынын айтты. Мәдениет пен салт-дәстүрді дінмен шатастырып алған жастарымыз шетелге діни оқуға барғанда сол елдің салтын да бойына сіңіре келгенінің көрінісі бүгінгі қазақ қоғамынан айқын аңғарылып отырғанын жеткізді.
Абайтанушы Сұлтан Ибраев ақынның толық адамды қалай сипаттағанына тоқталып, қоғамда хәкімнің суреттеуіне сай тұлғалар қалыптасса, кереғарлық түсінік туындамайтынын айтты. «Абай 38-қарасөзінде адам алдымен өзінің тәнін тану, Құдайына құлшылық жасау, адамшылығын бұзып алмай адал жолмен мал табу, дүниені түйсіну қажеттігін айтып отыр. Ақынның ұлттық идеологияға ұйытатын осы танымын баланың бойына мектептен сіңіру көп қатердің алдын алады деді.
Діни фанатизмнің жетегімен шетел асып адасқандарды бағытынан бұрып, тура жолға түсуіне үлес қосып жүрген дінтанушы Кеңшілік Тиышхан алмағайып кезеңде бейғамдық танытуға болмайтынын ескертті. «Адам санасына иелік ету арқылы радикализмді қолданатын топтар елді жік-жікке бөліп билеуге ұмтылатыны сөзсіз. Осындай діни топтарды саяси мүддеге пайдалану тәсілі де дендеп еніп алды. Әсіресе дінмен қоса ғылымы да дами қоймаған елдерде бұл айқын көрініп отыр. Сондықтанда да жастарымыздың ой-санасына, таным-түсінігіне ұлттық салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды сыналап сіңіру қажет. Әлеуметтанушылардың сараптауына сүйенсек, Сирияға кеткен азаматтардың басым көпшілігі құндылыққа бойламаған, ұлттық тәрбиеден ада, тұрмысы төмен отбасынан шыққан. Діни топтардың арбауына түсіп, Сириядағы соғысқа кеткен жандардың елге оралғаннан кейінгі тағдыры да түзеліп, бейбіт қоғамға үйренісуі үшін де аз жұмыс атқарылмайды. Әрине, олардың балалары тез бейімделіп кетеді. Ал ересек жандарды райынан қайтарып, бағытынан айныту оңай емес», дейді К.Тиышхан.
Сарапшы Ержан Байбол елімізде 4 мыңға жуық діни ұйым, 18 діни конфессия жұмыс істейтінін жеткізді. Діни бірлестіктердің қызметін реттеп, жұмысын жүйелі жүргізуді қадағалау мемлекеттің міндеті екенін ескертті.
«Ұлттық санақ жүргізілгенде азаматтардан қандай дінді ұстанасыз? Қандай діни наным-сенімге сенесіз? деген сұрақ қойылды. 2009 жылғы халық санағы кезінде осы сауалға жауап беруден бас тартқандардың саны 81 мың болса, қазір діни көзқарасы мен ұстанымын айтудан бас тартатын азаматтардың қатары 2 миллион 1 мың болып отыр. Осының өзі көп жайтты аңғартады», деді Ержан Байбол.
Жиынға қатысушылар ұлттық құндылықтың түп тамыры саналатын дәстүрді дінмен қатар өре өрбіте жас ұрпақтың санасына сіңіру уақыт талабы екенін айтты.