Құқық • 06 Ақпан, 2024

Адам құқын қорғау жүйесі нығайып келеді

146 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Түркістан облысы полиция қызметкерлері 9 күнде 1 254 құқық бұзушылықты анықтады. Бұл – өңірде криминогендік жағдайды сауықтыруға, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша тиімділікті арттыруға және отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтарға жол бермеуге бағытталған «Тұрмыс» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының нәтижесі.

Адам құқын қорғау жүйесі нығайып келеді

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»

Мемлекет басшысы «Egemen Qazaqstan» газетіндегі сұхбатында полиция органдары 1 шілдеден бас­тап жәбірленушінің шағымын емес, қылмыстың анықталуын негізге алып, қылмыстық істі тіркеуге көшкенін атап өтті. Яғни енді мұндай қылмыс­тарға қатысты іс қозғау үшін зорлық-зомбылықтан жапа шеккен адамның арызы қажет емес.

– Президенттің отбасылық-тұрмыс­тық зорлық-зомбылық профилактика тиімділігін арттыру туралы тапсырмасын жүзеге асыру, қылмыстық жағдайды сауықтыру, құқық бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында облыста жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Мысалы, «Тұрмыс» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 1 254 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы – 91, балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау – 37, кәмелетке толмағандарға темекі сату – 15, алкогольді өткізу жөніндегі талаптарды бұзу – 30 және кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе үйден тыс жерде заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз болуы бойынша 498 дерек анықталып отыр, – дейді Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов.

Сондай-ақ тәртіп сақшылары есепте тұрған 6 095 адамды, оның ішінде 511 қолайсыз отбасын тұрғылықты жері бойынша тексерген. Ал 320 азаматқа «қорғау нұсқамасы» шығарылып, сотпен 77 адамға мінез-құлқы бойынша ерекше талап қойылған. Жалпы, өңірде өткен жылы «Қорғау нұсқамасы» 4 395 адамға қатысты шығарылып, отбасы-тұрмыстық қатынастарда жасаған құқық бұзушылықтары үшін 650-іне сотпен мінез-құлқына ерекше талап белгіленіп, шектеу қойылған. Сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында бірқатар іс-шара атқарылған. Өңірде 400 мыңнан астам отбасыда 900 мыңнан аса 0-18 жас аралығындағы бала өмір сүреді. «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» науқаны аясында мектептерде 2 832 іс-шара өткен. Нәтижесін­де, ата-ана бақылауынсыз жүрген 211 жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Құқық бұзушылыққа бейім – 568, кәмелетке толмаған және бала тәрбие­сіне немқұрайды қарайтын 355 ата-ана ішкі істер органының есебіне алынды, ата-ана құқығынан айырылғаны – 9. Жалпы былтыр облыс көлемінде отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында әйелдерге қарсы жасалған қылмыстардың саны 30-ға төмендеген. «Көп жағдайда жәбірленушілер денсаулығына қауіп төнгенде полициядан көмек сұрайды бірақ арыз жазудан бас тартады. Ал полиция кеткен соң отбасындағы жанжал одан сайын ушығып, соңы ауыр зар­даптарға әкеледі. Былтыр шілдеден бас­тап тұрмыстық жанжал туралы поли­цияға хабарлама түссе болғаны бірд­ен тиісті шаралар қабылданады. Жәбір­ленушінің арызынсыз-ақ сараптамалар тағайын­далып, құжаттар жинақталып, іс сотқа жолданады. Сотта құқық бұзушының жәбір­ленушімен татуласу мүмкіндігі бар, бірақ тек бір рет татуласа алады. Яғни отба­сы­лық жанжал жасаушы бірінші рет сотта жәбірленушімен татуласса, бұл әрекет­тері келесі қайталанғанда оларды тату­ластыруға соттың заң бойынша құ­қығы жоқ. Отбасылық жанжал үшін агрес­сорға ескерту жасалады немесе 5 тәу­лікке қамауға алынады. Қайта жасалған жағдайда – 10, ұрып-соғу фактісі үшін – 10, қайталанса 20 тәулікке қамау көз­делген. Денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін – 15, ал қайталанса 25 тәулікке қамау жазасы бар. Отбасындағы зорлық-зомбы­лық бұл қылмыс. Отбасылық кикіл­жің тудырғандар, әлсіздерге жәбір көр­сеткендер заң алдында жауапкершілікке тартылады», дейді М.Қабденов.

Жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесінде адам құқықтарын қорғау жүйесі нығая түскенін айтқан Мемлекет басшысы «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында заңдарға қазылар­дың тәуелсіздігін күшейтетін түзетулер енгізілгенін де атап өтті. «Алқа билер­дің қарауына жататын істердің аясы кеңей­ді. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты толық жұмыс істеп тұр. Оған конституциялық мәртебе берілді. Мен былтыр желтоқсан айында адам құқықтарына қатысты екінші Жарлыққа қол қойдым. Мұның бәрі осы салада дәйекті әрі түбегейлі өзгеріс жасалып жатқанын көрсетеді», деді Президент сұхбатында. Осы орайда Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Түркістан облысы бойынша өкілі Наталья Қожабекова елімізде «Алқабилер туралы» заң күшіне енгеннен бері алқабилердің қатысуымен қылмыстық істер облыстық және оған теңестірілген соттарда қаралып жатқанын айтады. «Алайда алқабилер жайлы халықтың көпшілігі толық біле бермейді. Биыл 1 қаңтарда қолданысқа енген аталған заңда аса ауыр қылмыс қана емес, алқабилердің соттылығына жататын қылмыстардың басқа да санаттарын қарау бойынша саны ұлғаяды. Сонымен қатар, биылдан бастап алқабилер сотының қарауына Қылмыстық кодекстің бірқатар бөлігі ұсынылып отыр. Елімізде уақыт талабына сай жұмыс істеп жатқан алқабилер соты сот төрелігін жүзеге асыруда заңдылық пен әділдіктің кепілі болуға тиіс. Алқабилер соты халықтың сот билігіне деген сенімін арттырады. Қазіргі қабылданып отырған заң нормаларындағы өзгерістер осыған дәлел бола алады», дейді Наталья Қожабекова.

Сот жүйесінде кейінгі өзгерістердің барлығы дерлік халықтың сенімін арттыруға бағытталған. Бір кездері орын алған сот саласындағы жүйесіздік салдарынан халық сенімі төмендеп, шешімдерге наразылық танытушылар көбейген болатын. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі мұндай наразылықтар әлі де болса орын алып жатқанын айтты. Өткен жылы Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталықтың Түркістан облысы бойынша өкілдігіне 273 арыз-шағым келіп түссе, оның 23 арызы сот шешімімен келіспейтіндігі туралы жазылған. Ал 5 арыз бойынша өкіл тарапынан сотқа бақылаушы ретінде қатысу туралы өтініш қабылданды. «Елімізде азаматтарды құқықтық оқытудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі қарастырылмаған. Қалыптасқан ақпараттық саясаттың бағыты құқықтық білімді белсенді насихаттауды көздемейді. Жай сөзбен айтқанда, әр мемлекеттік орган өз саласына қатысты заңнамалық ақпаратты таратуға тырысады. Осы орайда, барлық мемлекеттік орган тарапынан бірлескен құқықтық ағарту жүйесін қалыптастырып, іс-шара атқарған жөн. Халыққа баянадама оқып, заңды тілде сөйлеудің қажеті шамалы, қарапайым тілде түсіндіру керектігін айта кеткім келеді. Осы мақсатта ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, қоғамдық институттарды құқықтық ағарту жөніндегі қызметке кеңірек қатыстыру қажет. Облыстағы құқықтық ағарту бойынша айта кететін мәселе, ол атқарылатын іс-шара­лардың бірсарындылығы. Құқық­тық ағарту іс-шарасына жергілікті әкім­дік­терге халықты ұйымдастыру туралы өтініш білдірсек, әкімдіктің төңірегінде жүре­тін активтерді жинаумен шектеліп, қара­пайым халық тыс қалып кетеді. Екін­ші бір мәселе – халықтың тарапынан жаңа заңнамаларға құлақ түріп, көз жүгір­туге талпыныс жоқ, керісінше елге іріткі са­латындардың өсек-қауесетіне баса назар аударып, жедел түрде таратып жата­тын­дар көп. Өз құқығын білмейтін адам­дар­дың пікір жазатындары қаншама», дейді Наталья Қожабекова. Сондай-ақ өкіл азамат­тарды құқықтық ережелер мен заңна­мадағы өзгерістер туралы хабардар ету маң­ызды міндет, оны тек халықты құқықтық ағарту арқылы шешуге болады деп есептейді.

Ауылдық жерлерде азаматтардың әлеуметтік қорғалмаған санаттарының жоғары болуымен қатар адвокаттардың жоқтығы және егде жастағы адамдар үшін өлкелік орталыққа барудың қиын­дығы сияқты жағдайлар заңгерлік көмек көрсету қажеттілігін білдіреді. Ауыл тұрғындарының көпшілігі үшін жеке заңгерлердің кеңес алу ақысы өте жо­ғары. Наталья Қожабекованың айтуынша, облыстағы қажеттілігі өте маңызды бағыт – өмірлік қиын жағдайға тап бол­ған адамдарға тегін, сапалы заң көме­гін көрсету. Осы орайда азаматтарға қажет­тілігіне қарай тегін заң көмегін көрсе­ту бойынша іс-шаралар өткізу, адам құқық­тары сақталуына бағытталған форум, конференция, семинар, басқа да іс-шараларды атқару мәселелері қолға алынған.

 

Түркістан облысы