Есірткі • 07 Ақпан, 2024

Есірткі тарату азаяр емес

156 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірде есірткі тарату қылмысы өршіп тұр. Қоғамға запыранды тұтынушыдан гөрі таратушының ісі зиян екені белгілі. Тұтынушыларды теріс жолға түсіретін қаскөйлер ұйымдасқан топ құрып, интернеттің де мүмкіндігін пайдаланып, түрлі қитұрқы әдіспен халықтың санасын улап, ақша табудың оңай жолына түскен.

Есірткі тарату азаяр емес

Есірткі таратушылардың ұйымдасқан топтары Петро­павл­дың да түкпір-түкпіріне жайы­лып, қалада есірткі таратып жүргені белгілі болып отыр. Облыстық полицияның есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының жедел қызметкерлері бірнеше ай бойы қылмыстық топтың соңына түсіп, ақыры сегіз мүшесін марихуана мен гашиштің үлкен партия­сын таратуға дайындау кезінде, қылмыс үстінде ұстаған.

Жедел іздестіру қызметкер­лерінің бір­неше ай бойы есірткі келетін ка­на­л­дарды және оларды тарата­тын нүктелерді зерттеуі нәти­жесін берді. Полицейлердің ай­туына қарағанда, есірткі негі­зінен Астанадан келетін көрі­не­ді. Демек оларды жасай­тын нүктелер елордада шоғыр­лан­ған. Облыстық полиция депар­та­менті баспасөз қызметінің өкілі Игорь Мерцаловтың ай­туы­­на қарағанда, ұсталған осы сегіз күдіктінің жетеуі Петропавл қала­сы­ның тұрғыны, тағы бі­реуі – олардың басшысы және ұйым­дас­тырушысы 35 жастағы Астана қаласының тұрғыны болып шыққан. «Қылмыстық топ мүшелерін ұстау кезінде барлы­ғы 49 кг 318 грамм есірткі заттары алынды. Оның 81,5 грамы – гашиш. Қазір сегіздің төртеуі қамауда отыр, қалғандары по­лицияның қарауында. Қазір барлық тиісті тергеу ісі мен сараптама жасалып, іс сотқа өт­кізуге дайын», дейді облыстық полиция департаменті есірткіге қарсы күрес басқармасының басшысы, подполковник Руслан Сапаров.

Айта кететін жайт, өткен жылы желтоқсан айында да Петропавлда бір есірткі таратушы ұсталған еді. Жедел ақпараттар негізінде Набережный көшесінің бойымен келе жатқан «Hyundai Elantra» көлігі тоқтатылып, тексергенде жолаушы орындығында отырған 43 жастағы әйелдің сөмкесі­нен синтетикалық есірткіге жататын «мефедронның» қағазға оралған 80 бөлшегі табылған. Тер­геу барысында оның тара­­туға дайындалған есірткі екені бел­гілі болған. Әйелдің өзі Ас­тана қаласының тұрғыны болып шықты. Петропавлда уақыт­ша тұрып жатқан оның пәте­рін тексергенде, таратуға әзір­леніп, фольга қағазына бөлшек­теп салынған жарты килограмм есірткі шыққан. Руслан Сапа­ровтың айтуынша, бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалған.

 

ПЕТРОПАВЛ