Аймақтар • 07 Ақпан, 2024

«Уәде етілген 4,5 млн теңге берілген жоқ». «Майқайыңалтын» кенішінде қаза болған азаматтың қызы

193 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Майқайыңдағы алтын кенішінде автобус­пен бірге жер астына түсіп кетіп, қаза болған Олег Тышкевичтің қызы отбасына тиесілі өтемақының дұрыс төленбей отырғанын айтады. Марқұм әкесі кә­сіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қыз­мет­терінің респуб­ли­ка­лық орта­лық штабы Павлодар фи­лиалында 27 жыл еңбек еткен.

«Уәде етілген 4,5 млн теңге берілген жоқ». «Майқайыңалтын» кенішінде қаза болған азаматтың қызы

Құтқарушылар автобус құлаған ойықтағы топырақ ара­сынан 4 қаңтар күні 2 аза­маттың мүрдесін алып шық­қан еді. Олар – Сарқыт Бердіқан (1999 жылғы) және Тышкевич Олег Леони­дович (1970 жылғы). Өзге екі құт­қарушыны іздеу жұмыс­та­ры жалғасып жатыр. Ал бұған дейін жазғанымыздай, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қаза тапқан құтқарушылардың отбасына «Майқайыңалтын» АҚ және кәсіби әскери­лен­дірілген апаттық-құтқару қызмет­те­рінің республикалық орта­лық штабы Павлодар филиалынан 4,5 млн теңгеден аса мөлшерде материалдық көмек көрсетілетінін мәлім еткен еді.

Алайда марқұм Олег Тышкевичтің қызы Яна Осо­лод­кова уәде етіл­ген қара­жат­тың дұрыс бөлін­бе­ге­ні­не шағымданып отыр.

– Әкемнің кенеттен көз жұмғаны жа­йында көрші­ле­рім­нен естідім, кәсіпорын бұл жайында жақ ашпады. Марқұм әкемді жер қойнына тапсырған соң бізді барлығы ұмытты. Ешкім байланыспайды, берген телефон нөмірлері жа­уап бермейді. Уәде етілген 4,5 млн теңге берілген жоқ. Тек «Май­қайыңалтын» кенішінен 2 млн теңге көмек бөлінді. Маған тегін қызмет көрсететін психологтің көмегі қажет еді, ол да ұсынылмады. Қазір қыз­мет құны 20 мың теңге тұ­ратын психотерапевтің қыз­метін пайдаланып отырған жайым бар. Әкемнің өлімінен соң жүйке жүйем бұзылып, күйзеліске ұшырадым. Бұдан 1,5 жыл бұрын әкем екеуміз анамды жоғалтып, қатты қиналған едік. Ал қазір қатты қамығу үстіндемін, не істеу керек екенін білмеймін. Әкемді жерлеу шарасына 1 млн теңге шығындандық. Өзім мәжбүрлі түрде Алматы қаласындағы ақылы емханаға барып, 500 мың теңгеге емделдім. Бел­гі­лі себептерге байланысты қаң­тар айында жұмыс істеген жоқпын. Жоғары тұрған органдардан ешбір қаржылай және моральдық көмек көре алмай отырмыз. Әкемнің өліміне кәсіпорын басшылығының немқұрайдылығы себеп болды. Облыстық төтенше жағ­дайлар департаменті мен «Майқайыңалтын» басшы­лы­ғынан бізбен хабарла­суын өтінеміз. Ағамыз екеу­міз қиын жағдайда қалдық, – деп шағымданды марқұм құтқарушының қызы әлеу­мет­тік желіде.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі марқұм құт­қа­рушының қызына тиесілі көмек көрсетілген деп отыр.

«Қаза тапқан құтқару­шы­лар­дың отбасы­ларына 4,5 млн теңге көлемінде мате­риал­дық көмек көрсетілді, оның ішінде «Майқайыңалтын» АҚ 2 млн теңге төледі. Кәсіби әскери­лен­дірілген апаттық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы 500 АЕК немесе 1 млн 846 мың теңге мөлшерінде материалдық көмек көрсетті. Сондай-ақ жер­леу рәсімдеріне 100 АЕК немесе 369 200 теңге мөл­шерінде төлем жасалды. Бірың­ғай жинақтаушы зейнет­ақы қорынан жерлеуге 94 АЕК немесе 347 000 теңге мөлшерінде төлем жасалды», деп жауап берді әкімнің баспа­сөз қызметі.

Мұндай төлемдерді мүрде­лері табылған 2 құтқарушының отба­сылары алған. Жер астында жатқан құтқарушыларды іздестіру жұмыстары аяқтал­ған­нан кейін, олардың мүрдесі табылған жағдайда немесе қайтыс болды деп танылса, өзге отбасыларға да осындай көмек бөлінеді. Сонымен қатар отбасыларға асыраушы­сы­нан айырылу бо­йынша мемлекеттік әлеуметтік жәр­демақы тағайындалады (18 жасқа толғанға дейін отбасын­да­ғы әрбір кәмелетке толмаған адамға ай сайынғы төлем).

«Отбасыларға берілетін көмек тек осы төлемдермен шек­­те­ліп қалмайды. Жергілікті ат­қарушы орган Кәсіби әс­ке­ри­лен­дірілген апаттық-құт­қару қызметтерінің рес­пуб­­ликалық орталық шта­бынан қосымша сақтан­дыру төлемдері және «Майқайыңалтын» АҚ-дан ірі материалдық көмек көрсету туралы мәселені пысықтап жатыр. Бұл төлемдер төленген сомадан бірнеше есеге көп. Төлемдердің нақты сомалары із­дес­тіру жұмыстары аяқтал­ған­нан кейін хабарланатын болады», деп мәлімдеді баспасөз қызметінен.

 

Павлодар облысы