Экономика • 07 Ақпан, 2024

Шаруа уайымын қалай сейілтеміз?

239 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазақстан ғана емес, Орталық Азия елдеріне қатысты күрделі мәселе – су тапшылығы. Жыл өткен сайын жерүсті суының сарқыла бастауы бізді ғана емес, көршілерді де әбден ойлантып тұр. Ал былтыр Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында 2040 жылға қарай Қазақстанда су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін екенін айтқан болатын.
«...Жалпы, біз трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер», деген еді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Шаруа уайымын қалай сейілтеміз?

Инфографиканы жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

 Жобада тың бастама көп

Президент тапсырған мін­деттің бірі – еліміздегі Су кодексін қазіргі заман талаптарына сай етіп қайта бекіту. Бүгінде аталған құжат Мәжілісте қаралып жатыр. Ал қаңтар айы­ның соңында бұрынғы премьер-ми­нистр Әлихан Смайыловтың төраға­лығымен өткен Үкімет отырысында Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырым­дама жобасы қабылданды. Су ресурстары және ирриграция саласының басшысы Нұржан Нұржігітов баяндама жасап, елдегі су тапшылығының алдын алуда бірқатар жоспарлы жұмысымен таныстырды. Ми­нистрдің айтуынша, құ­жат әзір­леуде саладағы қазіргі ахуал мен үздік халықаралық тәжі­рибелер ескерілген. Сондай-ақ 20 жаңа су қоймасын салу, жұ­мыс істеп тұрған 15 су қой­масын реконструкциялау және 14 мың шақырымнан аса ирригациялық каналдар мен гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту көзделіп отыр.

– Мұнымен қатар тасымалдау кезіндегі өнімсіз су ысыраптарын 50-ден 25 пайызға дейін азайту және қолда бар су ресурс­тарын 2,4 текше шақырымға арт­тыру көзделіп отыр. Жалпы, жос­парланған тәсілдерді іске асы­ру 2030 жылға қарай суармалы жерлерді 2,5 млн гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік бере­ді. Бүгінде hydro.gov.kz цифр­лық платформасын құру бойынша жұмыстар аяқталуға жақын. Онда су объектілерін, гидро­техникалық құрылыстарды және су бассейндері мен аумақтарын, гидропосттарды және т.б. бей­нелейтін бірыңғай су кадастры қалыптастырылады, – деді министр.

Бүгінде Қазақстанда 2,3 млн гектар суармалы жер бар. Алайда былтырғы қорытынды бойынша 1,5 млн гектар суармалы жердің 75 пайызы борозда  әдісі, 6 пайызы күріш алқаптарын суға бастыру, ал 21 пайызы заманауи тамшылатып немесе жаңбырлату арқылы суарылады. Жалпы, елімізде 2020 жылдан бастап су үнемдеу технологиялары енгізілген алаң 91 мың гектарға ұлғайған. Бұған фермердің суару жүйелерін сатып алуға, су алу және беру үшін инфрақұрылым жүргізуге жұм­саған шығындарының 50 пайыз өтелуі себеп болды.

Жағымды жаңалықтың бірі, шаруаларды су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру үшін суару жүйелерін құруға, оған қоса тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алуға арналған шығындарды субсидиялау үлесі 50-ден 80 пайызға дейін өспек. Осының арқасында суармалы жерлердің ауданы 1,3 млн гектарға дейін өсіп, шамамен 2,1 текше км су үнемделеді және өнімділік артады.

Дәл сол Үкімет отырысын­да бұрынғы премьер-министр «Суды тиімді пайдалану – аса маңызды міндет­тердің бірі, сол үшін ұсынылған тұжы­рым­дама осы бағыттағы негізгі бағ­дарламалық құжат бо­лады. Ең маңызды бағыты – су ша­руа­шылығына қажетті инфра­құрылымды салу,  реконструкция­лау және су үнемдеуді ынталандыру қажет» дей отырып, елдегі басты су арналарының бүгінгі күйі көңіл көншітпейтінін де айтты. Мысалы, Орталық Қазақстан мен Астананың басты су арнасы – Қаныш Сәтбаев атындағы ка­налда сорғы стансалары жұ­мысының тиімділігі – небәрі 30 пайыз-ақ. Үлкен Алматы каналы қолданысқа берілгелі 40 жыл, содан бері жөнделмеген. Ал суармалы жердің 80 пайызын алып жатқан оңтүстік өңірлердегі су арналары тозған, соның кесірінен 40 пайыз су далаға кетіп жатыр. Екіншіден, су үнемдеуге қатысты бірізділік жүйе қа­лыптаспаған. Тамшылатып немесе жаңбырлатып суаруға қажет технологияның құны қымбат әрі өзімізде бұл жабдықтар шықпайды. Премьер-министр мұндай қажетті дүниені еліміз­де шығару керектігін, осыған қатысты жобалардың қазір талқыланып жатқанын сөз етті. Үкімет басшысы бір ай мерзімде отандық су үнемдеу жаб­дық­тарының өндірісін ұйымдастыру жөнінде нақты ұсыныстар беруді тапсырды.

 

Басты мақсат – көршілермен келісім

Бастысы – біздегі су тапшы­лығында трансшекаралық суды пайдалану мәселелерін шешу керек. Өйткені геогра­фия­лық ерекшеліктеріне байланыс­ты Қазақстанның сегіз су шаруа­шылығы бассейнінің жетеуі трансшекаралық болса, соның салдарынан біз көрші елдер – Қытай, Ресей және Орталық Азия елдерінің су шаруашылығы саясатына тәуелді екеніміз ап-анық.

– Бүгінде су қорының проблемасы ең өткір болып отырған аймақ – Африка және Орталық Азия. Оның ішінде Қазақстанның жағдайы өте күрделі. Елдегі су ресурсының 40 пайыздан астамын құрайтын Ертіс, Іле, Сырдария, Жайық, Тобыл, Есіл және Шу секілді елдің басты өзендері көр­ші Ресей, Қытай, Тәжікстан, Қырғызстаннан бастау алады. Оған Сырдарияның Тәжікстан, Өзбекстан аумағынан өтетінін қосыңыз. Президентіміз аталған өзекті мәселені саясиландыруға жол бермей, трансшекара­лық өзендердің жоғары ағысын­­да орналасқан мемлекеттермен нәтижелі келіссөз жүргізіп, тиісті көлемдегі судың бөлінуіне жағдай жасап келеді. Ал осы өзендер арқылы ел аумағына келген суды тиімді пайдалануды үйлестіру – Үкіметтің тікелей жауапкершілігі, – дейді Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемов.

Салалық министрлік берген ақпаратқа сүйенсек, көрші елдер арасындағы трансшекаралық өзендер бойынша ынтымақтас­тық қолданыстағы үкіметара­лық келісімдер негізінде жүзеге асады. Ол бойынша су ресурс­тарын пайдалану және қорғау жөніндегі бірлескен комиссия мен жұмыс топтарының отырыстары өткізіледі.

– Қазір Қазақстан тарапы өзбек тарапымен «ҚР Үкіметі мен ӨР Үкіметі арасындағы трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және пайдалану» туралы келісім жобасын әзірлеп жатыр. Сондай-ақ ресейліктермен бірге Жайық өзені бассейнінде зерт­теулер жүр­гізу бойынша ын­ты­мақтас­тықты арттырудың бірың­ғай жол картасының жұмысы бас­талды. Зерттеу нәтижесін­де су қоймаларын пайдалану ере­желеріне қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізу және су тасқыны кезінде өзен бассейнінде орналасқан су қоймаларының жұмыс режімдерін синхрондау бойынша ұсыныстар әзірлен­бек. Бұл жайылымды суға толтыру, уылдырық шашатын жерлерге су жіберу және Жайық өзенінің экологиялық жағдайын жақсарту үшін табиғатты сақтауға қажет­ті су ағынын өткізуге мүмкіндік береді, – дейді Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі. 

Сондай-ақ министрлік өкіл­дерінің хабарлауынша, Шу және Талас өзендерінің суын бөлу мәсе­лесіне қатысты мемлекет­аралық қолданыстағы су шаруа­шылық құрылыстарын пайдалану жөнін­де Қазақстан мен Қырғыз­стан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге бағытталған жұмыстар жүргізіле береді.

 

Шаруа тіршілігі қожырамасын десек...

Сала мамандарының пікі­рін­ше, шаруалар­дың суға деген қажеттілігі бірінші ескеріліп, жетіспеушілікті азайту үшін арнайы зерттеу жүргізу қажет. Елдегі барлық су пайдалану көлемінің 65 пайызы ауыл шаруашылығы саласының қажеттілігіне жұм­са­латынын, тұрақты суару кезін­дегі су шығындарының көптеп кезде­сетінін ескеріп, алдағы вегетациялық кезеңге ерекше көңіл бөлінген дұрыс.

– Су – ресурс ретінде елдің әлеу­меттік-экономикалық дамуы­ның негізгі тірегі. Сусыз өндіріс пен ауыл шаруашылығы саласын дамытып, сыртқа тасымалдап, табыс табу әсте мүмкін емес. Мемлекет басшысы Жолдауда су үнемдеу технологиясын кеңінен енгізу, суды шақтап пайдалану мәдениетін дамыту, жаңа тариф саясатын қалыптастыру жөнін­де кеңінен тоқталып, атқару­шы органдардың алдына нақ­ты міндеттер қойды. Көптеген сарапшының пайымдауын­ша, гидромелиорация саласының мамандарын даярлау жұмыстары да жетілдіруді қажет етеді. Сон­дай-ақ қазіргі қолданыстағы «Су кодексі» суды шаруашылық мақсатқа пайдалану тәртібін ғана реттейді, ал су ресурстарын сақ­тау және тиімді пайдалану шараларына ықпалы мен мүмкін­дігі өте төмен. Сол себепті жаңа «Су кодексінде» осы мәселелер қамтылғаны жөн. Президенттің тапсырмасымен өткен жылы құрылған салалық министрлік қалыптасқан жағдайды шұғыл сараптап, барлық деңгейдегі су шаруашылығының жұмысын тиімді үйлестіруді қолға алуы қажет, – дейді сенатор Р.Рүстемов.

Министрлік тарапынан былтырдан бері вегетациялық кезеңнің тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдар және облыс әкімдіктерімен бірлескен дайындық жұмыстары да басталып кетті. Ең алдымен олар 2023-2024 жылдардағы вегетациялық және вегетациялық кезеңге арнал­ған жұмыс жоспарын бекітті, осы арқылы сыртқы және ішкі іс-шара­ларды іске асыру көзделген. Екін­шіден, вегетациялық кезеңнің тұрақ­ты өтуі үшін барлық су ша­руашылығы объектілері, ола­рдың су жинауға дайындығы зерт­тел­ді. Үшіншіден, тариф есе­бінен гид­ро­техникалық құры­лыстарды жөндеу жоспарланыпты.

– Су қоймаларын салып немесе күрделі жөндеген дұрыс. Сондай-ақ көктемгі тасқын су мен күз кезінде табиғи көздерден жиналатын артық суды барынша пайдалану керек. Осы сумен тоспалар мен ішкі өзендер арқылы суармалы жайылымдар мен елді мекен жанындағы көп көлді суландырсақ, жаз айында қиындық болмайтыны анық. Шабындық, қысқы мал азығының мол болуы да ауыл айналасындағы ішкі каналдар мен көлдерге, суармалы жерлерге байланысты. Екіншіден, қазір су қоймаларын салудан бөлек, ондағы жиылған судың жерге тез сіңбеуі маңызды. Ғалымдар түрлі зерттеулер арқылы су қорын сақтайтын амалдар та­уып жатыр. Өзге мемлекеттерде мұндай ғылыми ізденістердің нәтижесінде көктемгі тасқын су, еріген қар, жауған жаңбыр суын босқа ысырап қылмай, ауыл шаруашылығына пайдаланып келеді. Ал бізде керісінше, су басқан аймақтарға жыл сайын көп қаржы бөліп, тұрғын үйлерді көшіру, адамдарды басқа жаққа орналастыру жұмыстарымен айналысып кететініміз жасырын емес. Біздегі су үнемдеуде көп зерттеу және жаңашылдық қажет, – дейді ауыл шаруашылығы сарапшысы Мырзахмет Өксікбаев.

Айтпақшы, Үкімет отырысында қабылданған тұжырымдаманы іске асыру үшін 2 трлн теңгеден аса қаржы керек. Аталған қара­жат жаңа су нысандарын салу, қолданыстағыларын қайта жаң­ғырту, 3,5 мың шақырымнан ас­там каналды цифрландыру және суа­ру жүйелерінің су есебін авто­мат­­тандыруға жоспарланған. Сон­дай-ақ су ресурстарын ұтым­ды пай­далану үшін суармалы жер­лер­дің мелиорациялық жай-күйін жақ­сарту көзделіп отыр. Ал биыл су қой­маларын зерттеуге 1 жарым млрд теңге ақша бөлінеді. Жал­­пы қазір еліміздің су ша­руа­шылығы кешенінде жобалық кө­лемі 87,8 текше метр болатын 331 су қой­ма­сы, 125 су торабы, 3392 канал, 473 бөгет және 1667 гидротехникалық құрылыс бар.