Экономика • 07 Ақпан, 2024

«Талап қатаң болады»: Қазақстанда жаңа инвестициялық кезең басталады

185 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономикаға жеткілікті қаражат салынбай жатқанын айтып, салдарынан алдағы уақытта осы бағыттағы өсімді сақтап қалу қиынға соғатынын ескертті, деп жазады Egemen.kz.

«Талап қатаң болады»: Қазақстанда жаңа инвестициялық кезең басталады

Фото: inbusiness.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық ахуалға қатысты өзекті мәселелерге тоқталды. Соның ішінде инвестиция тарту мәселесі маңызды екенін мәлімдеді.

«Жаңа инвестициялық кезеңді бастау керек. Өндіру саласындағы жобалардан түскен пайда қайтадан инвестиция ретінде экономикаға салынып жатыр. Тікелей шетел инвестициясы, негізінен, осы қаражаттың есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Негізгі капиталға салынған инвестицияның ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесі азайып барады. Бұл күрделі жағдай деуге болады. Себебі, экономикаға жеткілікті қаражат салынбай жатыр. Соның салдарынан, алдағы жылдары елдің даму қарқынын сақтап тұрудың өзі қиын болуы мүмкін», деді Президент.

Мемлекет басшысы осы бағыттағы жұмыстарды жандандырып, дер кезінде шешім қабылдау Инвестициялық штабтың негізгі міндеті екенін еске салды.

«Ішкі және сыртқы инвестицияны айтарлықтай көбейту керек. Бұл – жаңадан құрылған Инвестициялық штабтың негізгі міндеті. Штаб елге инвестиция тартуға қажетті біртұтас экожүйе қалыптастыруы керек. Даму институттарының жұмысын жандандырып, бизнес өкілдерімен тиімді диалог жүргізуге тиіс. Шетелдегі мекемелердің, орталық пен аймақтардың арасында тығыз байланыс орнату қажет. Ең бастысы, Инвестициялық штаб қажетті шешімді дер кезінде қабылдауы керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстанға инвестиция құюға ынталы кәсіпкерлердің жұмысын оңтайландырып, «бір терезе» қағидасын жүзеге асырудың маңыздылығын айтты. 

«Инвесторларға, мысалы, 50 миллион доллардан көп қаржы салуға дайын ірі компанияларға «бір терезе» қағидасымен жан-жақты қолдау көрсеткен жөн. Сонымен қатар, жобалардың іске асырылуын қадағалайтын тиімді мониторинг жүйесін іске қосу керек. Мемлекеттік органдар пайдасы жоқ презентациялар мен іс-шаралар өткізумен әуестенбеуге тиіс. Мекеме басшыларының шетелге жасаған әрбір іссапары нақты нәтиже беруге тиіс. Сапар қорытындысы бойынша Үкімет басшылығына, немесе, қажет болған жағдайда Президентке есеп берілуі керек», деді Қ.Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Мемлекет басшысы аймаққа инвестиция тарту әкімдерге жүктелетінін жеткізді.

«Инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты кедергілер, әсіресе, аймақтарда жиі болып тұрады. Әкімдер инвестиция тартудың орнына ескі әдетке салып, бюджет қаражатына сеніп отырады. Ал, аймақтарға барып, жұмыс істегісі келетін инвестор көптеген тосқауылға тап болады. Жергілікті билік көп жағдайда ешқандай әрекет жасамайды не болмаса инвесторды әуре-сарсаңға салады. Соның кесірінен кәсіпкер жобасын кейінге шегереді немесе біржола тоқтатуға мәжбүр болады.

Аймаққа жеке инвестиция тарту әкімдердің ең басты міндетінің бірі болуы керек. Жалпы, барлық мемлекеттік орган ел экономикасына мейлінше көбірек инвестиция тартуға баса мән беруге тиіс. Бұл – негізгі басымдық, олардың жұмысы да соған сәйкес бағалануы керек. Мәселе штат санын көбейтіп, жұмыс тобын құрып, жаңа тұжырымдама жазуда емес. Бұл, ең алдымен, мемлекеттік аппараттың жұмыс істеу тәсілін өзгертетін нақты реформа. Соны дұрыс түсіну қажет. Біз жарты жылдың нәтижесі бойынша Инвестициялық штабтың жұмысын қорытындылаймыз. Әрбір министр мен әкімнің осы бағытта атқарған жұмысына нақты баға береміз. Талап қатаң болады», деді Президент.