Қоғам • 07 Ақпан, 2024

«Бәріңе разымын». Актер 17 жылдан бері хабар-ошарсыз кеткен әкесін таба алмай жүргенін айтты

212 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Нысана» әзіл-сықақ театрының актері, әзілкеш Жарас Ахметов із-түссіз кеткен әкесін 17 жылдан бері іздеп келе жатқанын айтты, деп жазады Egemen.kz.

«Бәріңе разымын». Актер 17  жылдан бері хабар-ошарсыз кеткен әкесін таба алмай жүргенін айтты

banket.kz

«Нұрлы жан» (NURLY ZHAN) ютуб арнасына сұхбат берген актер 2007 жылы әкесінің үйден кетіп, әлі оралмағанын айтты.

«Отбасында екі ағайындымыз, өзімнен кейін қарындасым бар. 2007 жылы әкеміз еш себепсіз үйден кетіп оралмады. Қарындасымның үйіне барып тілдей қағазға «Бәріңе разымын» деп жазып кеткен екен. Басқа еш дерек-дәйек жоқ. Қазақстанның барлық аймағын  шарлап іздедім, бірнеше ай көше кезген үйсіз жандардың да қасында болып, әкем туралы қандай да бір хабар шығып қала ма деп сұрастырдым, еш қайран болмады.  Үмітім зор, әкем осы сұхбатымды көріп, болмаса естісе оралса екен деймін. Әкенің орны бөлек қашанда, асқар тауыңды әрқашан құрметтеу керек, оған қарсы сөз айтуға болмайды. Кейінгі жастар осыны ұғынса екен деймін. Әкем такси қызметін атқарып, жинаған ақшасымен мені жоғары оқу орнында оқытты. Өзі бала күнінен жоқшылықтың зардабын тартқан, сырқат анасын өзі бағып-қағып жеткізген кісі. Әкем Ахметов Кәмбіл Болатұлы туралы қандай да бір ақпарат білетіндер болса, хабарласса екен. Үйде бес немересі, құдай қосқан қосағы анамыз, ұл-қызы, келіні күтіп отыр. Бұған дейін әкем жайында бұлай көпке  жария етіп айтпап едім», деген актер әкесінің табылатынына сенімді екенін жеткізді.