Аймақтар • 07 Ақпан, 2024

Жаңа жедел жәрдем көліктері

188 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда Солтүстік Қазақстанның дәрігерлік мекемелері 19 жаңа жедел жәрдем көлігімен толықты. Бұл көліктер республикалық бюджеттің көмегімен облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа алынған. Әрқайсының бағасы – 24 млн теңгеден.

Жаңа жедел жәрдем көліктері

Фото: mtrk.kz

Көліктер ресейлік «Газел» авто­көлігінің негізінде жасалған. Жү­рісі аса жайлы болмаса да, қар мен сазға бата қоймайтын екі белдемемен жа­рақтандырылған. Іші науқасқа алғаш­қы медициналық көмек көрсететін құралдармен жабдықталған. «Оның ішінде өкпені қолдан тазарту мүмкіндігі бар, жүрекке қолдан массаж жасай аламыз. Осы көліктердің арқасында біз тұрғындарға жедел медициналық көмектерді толық жасай алатынымызға сенімдіміз», дейді облыстық жедел жәр­дем орталығы директорының мін­детін атқарушы Юрий Белоног.

Сатып алынған 19 көліктің 10-ы қалада қалдырылып, қалғандары аудан орталықтарындағы ауруханалардың техникалық мүмкіншіліктерін арттыратын болады. Осылайша, біздің облыс жедел жәрдем көліктерімен қамтамасыз етілу жоспарын 68 пайызға жеткізіп отыр. Облыстың медициналық мекемелерін жедел жәрдем көлігімен толық қамтамасыз ету үшін әлі 52 автокөлік алынуы керек.

Медициналық автокөліктерді тапсыру салтанатына қатысқан облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов алдағы уа­қытта да бюджет есебінен облыстың ауруханаларына қажетті машиналардың алынатындығын айтты.

Айта кететін жайт, мемлекет тарапынан облыстың денсаулық сақтау саласына жыл сайын қомақты қаражат бөлінуде. Мәселен, былтыр 11,7 млрд теңге бөлінді. Облыста барлығы 19 аурухана, 63 амбулаториялық емхана бар. Соның 4-і – облыстық, 2-і – қалалық. Сондай-ақ облыстың елді мекендерінде 397 медициналық бекет пен 41 ФАП жұмыс істейді.

Өкінішке қарай, денсаулық сақ­тау саласының техникалық инфрақұ­рылымдары 77,4 пайызға ескірген. 480 адамға есептелген көпбейінді ауру­ха­­наның құрылысы да белгіленген ме­же­­ден көп кешігіп, әлі күнге аяқ­тал­май жатыр. Алайда жоғарыда ай­тыл­ғандай жақсы қадамдар да жаса­луда. Соның ішінде медициналық меке­ме­лердің өз ішіндегі тәртіп мәселесі де бұ­рынғыға қарағанда жақсарып отыр. Был­тыр бұрынғы облыс әкімі Айдар­бек Сапаров арыз-шағым көп түсе­тін бірінші емханаға ешкімге ес­керт­пей, таңғы мезгілде өзі барып тек­серіп, халықтың кезекте сарғайып тұр­ғанын, науқастарға отыратын орындар да жет­пейтінін, есік алдының да ауру жан­дарға қолайсыздығын, көптеген мамандар негізгі қызметімен қоса, ақылы құры­лымдарда жұмыс істегендіктен, мұн­дағы халықтың қолы оларға жете алмай­тындығын әшкерелеп, үлкен дүм­пу тудыр­ған. Содан бері ауруханалар мен ем­­ханалардың ішкі тәртібі біршама жақ­сарған болатын. Осындай оқыс тек­с­е­­рістердің жиірек болып тұрғаны керек-ақ.

 

Солтүстік Қазақстан облысы