Көрмеге тарихи ескерткіштегі куфи жазуымен жазылған 50-ден аса жазу үлгісі және XIII ғасырда жазылған тарихи тұлғалардың өмір деректері мен XVIII ғасырда Орталық Азиядағы түркі халықтарының көшбасшылары туралы қағазға түскен «Зобдат-уль-тарих» қолжазбасының көшірмесі қойылды.
Мазмұнды шараның ашылуында Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Жандос Болдықов елімізде алғаш рет өтіп отырған көрменің маңызына тоқталды.
«Біздің орталық пен Иран Ислам Республикасының еліміздегі елшілігі бірлесіп ұйымдастырған іс-шара бір аптаға жоспарланған. Соның алғашқысы «Каллиграфия» көрмесімен ашылды. Мұнда көптеген құнды тарихи дерек ұсынылған. Мәдени іс-шара аясында екі елдің осы саладағы мамандары кездесіп, бір-бірімен тәжірибе алмасады», деді Жандос Бекділдәұлы.
Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Али Акбар Джоукар өз сөзінде жазба мұраларды сақтап, қорғау ісі ұлттың тарихына деген үлкен жауапкершілік екенін жеткізді.
«Иран мамандары қолжазбалар мен баспа ісін реставрация жасауда озық тәжірибеге бай. Бүгінгі көрмеге тарихи-мәдени ескерткіштерден алынған көне жазулар үлгісі мен қолжазба көшірмелері және реставраторлардың жойыла бастаған мұраларды қайта жаңғыртқан таңдаулы жұмыстары қойылған», деді елші мырза.
Айта кетейік, апталық аясында «Иран Ислам Республикасының каллиграфия және жазба мұраларды қалпына келтіру өнері» атты ғылыми-тәжірибелік семинар ұйымдастырылып, шеберлік сабағы өтеді. Сондай-ақ Ираннан келген мамандар мен отандық реставраторлар көне қолжазбалар мен сирек кітаптарды каталогтеу, жүйелеу, цифрлық жүйеге көшіру, қалпына келтіру және каллиграфия өнері бойынша тәжірибе алмасады.