«Қазақ» газетінің 1917 жылы 9 наурыздағы №221 саны
Осы орайда біз өткен ғасыр басында халқымыздың болашағы үшін «жүрек майын шам қылған» «Алаш арыстары Наурыз мейрамы хақында қандай ұстанымда болды?» деген сұрақ төңірегінде ой қозғауды құп көрдік. Ол кезде Алаштың үні, халықтың көз-құлағы «Қазақ» газетінің алғашқы саны 1913 жылы 2 ақпанда шыққанын білеміз. Бұл қыстың соңғы айы болатын. Алда көктем. Яғни Наурыз мейрамы. Бұны аттап өтуге болмайды. Сөйтіп, жарық көргеніне бір ай ғана толған газет редакциясы басылымның 1913 жылғы 9 наурыз (март) күнгі 5-санына «Наурыз» атты бас мақала жариялапты. Онда: «Наурыз – қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде әр елде наурыз туғанда, мейрам қылып бас асып, қазан-қазан көже істеп, ауылдан-ауылға, үйден-үйге жүріп, кәрі-жас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді. Хәтті наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында әртүрлі сөйленеді. Біреулер наурыз марттың бірінде, екіншілері тоғызында келеді деседі. Әр жұрттың белгілі күнде жаңа жылы туады. Ескі жыл бітіп, жаңа жыл басталғанда: «Жаңа жыл қайырлы болсын! Жаңа бақыт нәсіп болсын!» деп құттықтасады, ол күнді мейрам қылып шаттықпен өткізеді.
Орыстың жаңа жылы қыс ортасында, нағыз сақылдап тұрған суықта келеді. Біздің жаңа жылымыз – Наурыз марттың басында болсын, ортасында болсын – әйтеуір мартта келетін болса, шын мағынасымен «Жаңа жыл» деп айтуға лайық. Күн жылынып, қар еріп, жан-жануар жаздың жақындағанын сезіп көңілденетін кез. Шаруа адамдарының бейнеттен қолы шешіліп, алты ай қыс баққан арықтарын үмітті күнге жеткізіп дем алып отырған кез. Ағаш, шөптер қар астынан сілкініп шығып, гүлденіп жасаруға даярланып, күн де қыстай бір бүйірлеп жүруін қойып, жоғары көтеріліп, бүтін ғаламға нұрын шашып, үйсізді үйлімен теңгеріп, бай мен жарлыға бірдей сәуле беруге тұрған кез. Міне, табиғаттың осындай көңілді өзгерісінің кезеңінде біздің жаңа жылымыз – Наурыз туып, ата ғұрпымызды ұмытпай, белгілі бір күнді жыл басы қылып алсақ, ұнамды іс болар еді.
Осы туралы білетін адамдар «Қазаққа» жазса екен: біздің жаңа жыл – Наурыз анық жылдың қай айында һәм қай күнде басталады. Біз оқушыларымызды жаңа жылмен құттықтауға Наурыздың анық қай күні туатынын біле алмадық, ғафу өтінеміз» делінген екен.
Яғни жоғарыдағы жазбадан түйгеніміз: өткен ғасыр басында Алаш қайраткерлері Наурыз мейрамынан мейлінше хабардар екені байқалады. Бірақ қай ай, қай күні атап өтуді нақты айтпайды. Сол себепті жоғарыдағы жазбаның соңына «наурыздың анық қай күні туатынын біле алмадық» деп халықтан ғафу өтінеді. Бұл сол уақыттағы ала-құла ресейлік күнтізбені меңзесе керек.
Бірақ Алаш арыстары басылымның 9 наурыз күнгі санын әрдайым Наурыз мейрамына арнаған. Мысалы, газеттің 1914 жылғы №53, 1915 жылғы №110, 1916 жылғы №172, 1917 жылғы № 221 сандары 9 наурыз күні шыққан. Мұнда арнайы мақалалар жарияланып, қызу құттықтау жырлар жолданыпты.
* * *
Мысалы, «Қазақ» газетінің 1917 жылы 9 наурыз күнгі 221-санында (суретте) мынадай құттықтау сөз жазылған екен:
«Барша Алаш азаматтарын жаңа жылы – Наурыз һәм бостандықпен құттықтаймыз. Алла Тағала киіз турлықты қазақтың оң жағынан ай, сол жағынан күн туғызып, ырыс-дәулет, бақ-береке нәсіп етсін!» Ал басылымның екінші бетінде мейрамға арнап «Жаңа тілек» атты жыр жолдары жарияланыпты. Авторы – Мадияр, яғни Міржақып Дулатұлы.
Жаңа жылда жаңа тілек тілелік,
Ескі жылды ескерер де жүрелік.
Кеп жүрмесін қайта айналып түнеріп,
Көзің жасты, көңілің қаяу, Алашым!
Жұрт болудың ойланарлық амалын,
Қамсыз жатар емес енді заманың.
Надандықтың қираталық қамалын,
Мақсатыңа ұмтыл таяу, Алашым!
Жау мен жұттан енді Құдай сақтасын!
Қасекені – қас масқара таптасын!
Кәрі, жасың енді ғафыл жатпасын!
Аш көзіңді, болма баяу, Алашым!
Өз қамыңды ойлан өзің ел болсаң,
Ел боламын, тең боламын дер болсаң;
Көктен теңдік келмес өзің кем болсаң,
Мең-зең болмай, талпын ояу Алашым!
Ұшқан құстай, суда жүзген балықтай,
Табиғатты қолданушы халықтай.
Сен енді сергісейші жалықпай,
Жүргеніңше мәңгі жаяу, Алашым!
Бүгін хақтың қуанышты кең күні,
Күн менен түн – таразының тең күні,
Құт-береке болмаса екен кем күні,
Деп тілелік, қолың жай-ау, Алашым!
* * *
Көзіқарақты қауым жақсы біледі, 1918 жылы «Қазақ» газеті шығып тұрған Орынбор большевиктердің қолына өткендіктен, басылымға тұсау салынды. Осы жылы бар-жоғы 9 нөмірі жарық көрді. Ақыры қыркүйек айында соңғы саны шықты. Бірақ «Қазақ» газетімен рухтас басылым «Сары Арқа» газетінің 1919 жылғы 74-санына (суретте) «Наурыз» атты мақала жарияланып, бұқараға бұл мейрамды «22 наурыз» күні атап өту туралы айтыпты.
«Сары Арқа» газетінің 1919 жылғы 74-саны
Осы орайда Алаш қайраткерлері 9 наурыз деп белгілеген мейрам не себепті 22 наурызға ауысты деген заңды сұрақ туары хақ. Айталық, кеңес өкіметі орнағанға дейін патшалық Ресей ежелгі Мысыр астрономиясына сүйеніп құрастырған Рим империясының күнтізбесімен өмір сүрді. Ал Еуропа болса XVI ғасырда құрастырылған григориан күнтізбесін пайдаланды. Екі күнтізбе арасында 13 күн айырмашылық бар еді. Бұл өз кезегінде халықаралық деңгейдегі жұмыстарды жүргізуге кері әсерін тигізді. Сөйтіп, 1918 жылы 14 ақпанда большевиктер мемлекеттік күнтізбені григориан есебіне ауыстырды.
Ескі есеп бойынша 1917 жылдың 25 қазаны күні жеңіске жеткен «қазан төңкерісі» жаңа жыл санау бойынша 7 қарашаға ауысқаны сияқты, 9 наурызда атап өтіліп келген «Наурыз мейрамы» (9+13=22) 1918 жылдан бастап 22 наурызға ауысты. Қазіргі таңда біз Наурыз мейрамын соңғы дата бойынша атап өтуді әдетке айналдырдық.