Медицина • 08 Ақпан, 2024

Қымбат құрылғының көмегі

196 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау облыстық балалар ауруханасына ең қымбат құрылғы сатып алынды. Жаңа құрылғының құны – 100 млн теңге.

Қымбат құрылғының көмегі

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қай­сар Абдалиевтің айтуынша, заманауи құрылғыны сатып алуға «Қазақстан халқына» қо­ры демеушілік көрсетті. Осы­лайша, аурухананың нейрохи­рургия бөлімшесі жаңа медициналық құралдармен толықты. Оның ішінде операцияға арналған үстел, нейронавигация құрыл­ғысы мен нейромонитор, операция кезінде қолданылатын қосалқы бөлшектері бар.

Балалар ауруханасы дирек­торының емдеу ісі жөнін­дегі орынбасары Ербол Есболаев­тың айтуынша, аталған құрылғы­лардың, оның ішінде операция үстелінің маңызы зор. Өйткені енді күрделі операцияларды жер­гілікті жерде жасауға болады.

«Біз бас сүйегінде, ми мен жұлында туабітті немесе кейін пайда болатын ісік, өзге де жарақаттарды толық ем­деуге мүмкіндік алып отырмыз. Ней­ромонитордың операция кезінде белгілі бір патоло­гияның ену жолын дәл та­буға септігі мол. Бұл – ми­дағы патологияларды тез анық­тауға мүмкіндік беретін инно­вациялық құрылғы», дейді Е.Есболаев.

Оның айтуына қарағанда, аурухана дәрігерлері жаңа құрылғымен алғашқы операцияны сәтті жасады. Операция үстеліне желкесінде ісігі бар екі жасар бала жатқызылған. Жаңа құрылғының көмегімен балақайдың желкесіндегі ісік алынып тасталды.

 

Атырау облысы