Экономика • 07 Ақпан, 2024

Қабылданған стратегияның тиімділігі

106 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Таяуда «Қазақстанның Даму банкі» АҚ қаржы институты және Өнеркәсіпті дамыту қорының директорлар кеңесі мен топ-менеджменті мүшелерінің арасында басқосу өтті. Онда банк жұмысының негізгі бағыттары бойынша есептер мен жоспарлар тыңдалып, 2024-2033 жылдарға арналған жаңа даму стратегиясы талқыланды. Басты назар елдегі экономиканың шикізаттық емес секторын, инфрақұрылымды және экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды одан әрі дамытуды қолдау арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруға негізделіп отыр.

Қабылданған стратегияның тиімділігі

«Құжаттағы басты басым­дық­тар­ды ескере отырып, дамудың үш бағыты белгіленді. Банктің ел экономикасына қосқан үлесін ұлғайту және банк активтерін басқарудың тиімділігі мен тұрақты дамуы айқындалды. Бұл Мемлекет басшысының 2029 жылға қарай ішкі жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру жөніндегі белгіленген міндетке қол жеткізуге елеулі үлес қосатынына сенімдіміз», дейді «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ экс-бас­қарма төрағасы, ҚДБ директорлар кеңесінің басшысы Нұрлан Байбазаров.

Аталған тұрақты дамуға қа­тыс­ты бірінші бағытта, банк әлеу­меттік-экономикалық әсері мол, орта және жоғары қайта өңдеу өнімдерін шығаруға зер салып, өңдеуші өнеркәсіп жобаларын қаржыландыруды көздейді. Сонымен қатар импортты алмас­тыруды қамтамасыз ететін және экспорттық әлеуеті бар жоба­ларға қолдау көрсете отырып, елі­міздің инфрақұрылымын да­мытуға қаржылай құралдар ұсы­натын болады. Бұл бағыттағы басты міндеттердің бірі – жалпы ел экономикасын дамытудағы жеке сектордың рөлін нығайтуға көмектеседі.

Осы міндеттерді іске асыру үшін ҚДБ инвестициялық жобалар мен экспорттық операция­ларды орта және ұзақмерзімді несиелеуді, ағымдағы қызметті несиелеуді, синдикатталған қар­жы­ландыруды, лизингтік мәмі­лелерді қаржыландыруды, кепіл­діктер беруді және банкара­лық қар­жыландыруды қоса алғанда, құрал­дардың кең спектрін пайдаланатын болады.

2033 жылдың соңына қарай ҚДБ-ның мақсаты Өнеркәсіпті да­мыту қорының құралдары ар­қылы 3,1 трлн теңгені қоса ал­ғанда, өңдеу өнеркәсібі мен инфра­құрылымға 9,3 трлн теңге сомасында инвестиция бөлуге тиіс. Бұл ретте банктің несиелік қоржыны құрылымындағы орта және жоғары қайта өңдеу тауарларын шығару жобаларының үлесі 2033 жылға қарай кемінде 30%, ал инфрақұрылымдық жоба­лар­дың үлесі 35%-ды құрауы шарт. Осылайша, нақты қолдаудың арқа­сын­да кәсіпорындар өз қаржы­лық көрсеткіштерін жақсарта алады. Мәселен, банк мақсаты іске асқан жағдайда қолдау көрсетілген кәсіпорындардың түсім көлемі 2024-2033 жылдары 5,17 трлн тең­ге­ге дейін өсіп, экспорттық түсім көлемі 2 трлн теңгеден асуға тиіс деген болжам бар.

Екінші бағыт – ҚДБ қоржы­нының қаржылық тұрақтылығы мен жоғары сапасын сақтауды, жобаларды кейіннен қаржыландыру үшін қорландыру базасын ұлғай­ту­ды білдіреді. Осы бағыт­ты іске асыру нәтижесінде банк актив­те­рінен несиелік және лизингтік қоржындардың үлесі 2033 жылға қарай 77%-ды құрауға тиіс. Банк қаражат тарту үшін ішкі және ха­лық­аралық капитал нары­ғын­да бел­сенді жұмыс істеуді жал­ғас­ты­­рады.

Үшінші бағыт – осы жылға дейін банк қызметіне ESG-қағи­даттары түгел енгізіліп, осы ар­қылы тұрақты даму саласындағы бел­гіленген халықаралық келісім­дер мен көрсетілген стандарттар талаптарына сәйкес жүргізілетін болады. Бүгіндері әлеуметтік жауапты ұйым ретінде ESG енгізуде өзінің «Жол картасын» іске асыруды қолға алды.