Сенат • 08 Ақпан, 2024

Бірыңғай ұлттық генетикалық банк құру керек – сенатор

294 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сенат отырысында депутат Жанболат Жөргенбаев Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдап, бірыңғай ұлттық генетикалық банк құру мәселесін көтерді, деп жазады Egemen.kz.

Бірыңғай ұлттық генетикалық банк құру керек – сенатор

Фото: senate.parlam.kz

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған 2023 жылғы Жолдауында аграрлық ғылымды дамыту, ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану шараларын қабылдау керектігін атап өтіп, өсімдік шаруашылығын түбегейлі реформалау, егістіктерді әртараптандыру және жоғары рентабельді дақылдар алқабын ұлғайту жөнінде тапсырмалар берді. Бұл ретте ол шаруаларды отандық тұқыммен қамтамасыз ету, жаңа өнімді сорттарды шығарып, өсіру қажеттілігі туралы ерекше атап өтті.

Өсімдік шаруашылығы саласының табысты дамуы үшін өсімдіктің генетикалық ресурстарын тиімді пайдалануға негізделген селекция және тұқым шаруашылығы ерекше рөл атқарады.  Осы бағытта 15 ұлттық бағдарлама мен 6 халықаралық жобаның нәтижелері бойынша орасан зор алуан түрлі түраралық ауыл шаруашылығы дақылдары жиналып, зерттелді және сақталды», деді Ж.Жөргенбаев.

Сенатор Ауыл шаруашылығы министрлігі 2022 жылы «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ-ның ғылыми-зерттеу ұйымдарында сақтаудағы ауыл шаруашылығы өсімдіктері мен олардың жабайы туыстарының генетикалық ресурстарына толық түгендеу жүргізгенін атап өтті. Түгендеу қорытындысы бойынша 63 мыңнан астам коллекциялық үлгілер және олардың ауыл шаруашылығы дақылдарының жабайы туыстары, оның ішінде дәнді дақылдар - 28000, дәнді-бұршақты дақылдар – 2264, майлы дақылдар – 3500 дана, жемшөп дақылдары – 11263, көкөніс-бақша дақылдары мен картоп - 14264, техникалық дақылдар – 615, жеміс дақылдары – 1685, басқа да – 2028 үлгілері тексерілді, ауыл шаруашылығы дақылдарының жабайы туыстары – 1583 үлгі болғанын жеткізді.

Көптеген елдердің үкіметтері 2.5.1 «Азық-түлік пен ауыл шаруашылығын өндіруге арналған өсімдік және зоологиялық тектес генетикалық ресурстардың саны» деген орнықты даму мақсатына (ОДМ) қол жеткізу үшін ұзақ мерзімді қаржыландыру кепілдіктерін қамтамасыз етуді, оларды толықтыруды, сақтауды қоса алғанда, өсімдіктердің генетикалық ресурстарының құқықтық мәртебесін қамтамасыз етуге және олардың құқықтық аспектілерін нығайтуға бағытталған ұлттық саясатты әзірлейді. Ж.Жөргенбаев Қазақстан да жыл сайын осы көрсеткіш бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымына (БҰҰ ФАО) есеп беретінін айтты.

«Бұл өсімдіктердің генетикалық ресурстарының климаттың өзгеруіне, табиғи апаттарға және антропогендік факторларға, қауіптерге байланысты эрозияға осал болуынан туындайды. Қазіргі уақытта қоршаған ортаның жаңа экологиялық жағдайларына, биотикалық және абиотикалық стресстерге бейімделген түрлерге сұраныс артып келеді.

Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) мәліметтері бойынша, өткен ғасырдың ортасынан бастап әлем елдерінде Генбанктердің саны біртіндеп өсіп келеді, ол 80-нен 1750-ге дейін артты, онда флора мен фаунаның 3,6 миллионнан астам үлгілері сақталған.

Әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде көршілес елдерде (Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Беларусь) негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының ex-situ жинақтары бар Ұлттық банктері құрылды, онда ғылыми-зерттеу институттары жанынан генетикалық ресурстарды сақтау бойынша, сондай-ақ, шаруаларды заманауи сорттармен және тұқымдармен қамтамасыз етуде тиімді пайдалану бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр», деген депутат Қазақстан Үкіметі ұлттық генетикалық ресурстарды сақтау мен дамыту мақсатында бірқатар халықаралық құжаттарға қол қойғанын атап өтті.

«Өсімдіктер генофоны саласындағы халықаралық ғылыми қоғамдастыққа интеграциялау үшін «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» жанынан құрылған генетикалық банкке «Ұлттық генофонд» мәртебесін беру және ауыл шаруашылығы дақылдарының генетикалық ресурстарын толықтыру, сақтау жөніндегі жұмыстарды тиісті қаржыландыру қажет», деді сенатор.

Депутаттық сауалында Ж.Жөргенбаев «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС жанынан құрылған генетикалық банкке «Ұлттық» мәртебесін беруді сұрады. Сонымен қатар өсімдік үлгілерінің коллекцияларын мемлекеттік тіркеу бойынша жұмыс жүргізу, азық-түлік ретінде және ауыл шаруашылығында пайдалану үшін өсімдіктердің генетикалық ресурстары бойынша заңнамалық база әзірлеу, өсімдіктердің генетикалық ресурстары субъектілерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту және күшейту, ҚР Бюджет кодексінің 53-бабы 1-тармағының тармақшасына сәйкес өсімдіктердің жоғары бағалы сорттарының, ауыл шаруашылығы жануарларының, құстар мен балықтардың тұқымдары мен түрлерінің тектік қорын сақтау мен дамытуға қаражат бөлуді қарастыру қажеттігін ескертті.