Мәдениет • 08 Ақпан, 2024

Күй тілімен бейнелеген...

59 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әйгілі Сүгір күйшінің «Қосбасарын» тыңдап көрсеңіз, шынында, ғаламат туынды екенін мойындайсыз. Оны тыңдағанда өзгеше әлемге еніп, жан-дүниеңізді мөлдір мұң басады. Күйдің сарынынан елі мен жерін қорғап, шейіт болғандардың жан дауысын естігендей боласыз. Иә, солай. Бұл туындының тарихы да тыңдаушыға ой салады.

Күй тілімен бейнелеген...

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін халқымыз түрлі зұлматты бастан кешті. Ашаршылық, бай­лардың мал-мүлкін тәркілеу, дін қайраткерлерін қудалау, көзі ашық, оқыған азаматтарды қуғындау... Енді айта берсе көп. Осының бәрі халықты титықтатты. Төзімін тауысты. Ақыры, жер-жерде жергілікті тұрғындар кеңес билігіне ашық бас көтерді. Мәселен, 1929-1931 жылдар аралығында әр өңірде дәл осындай 380-ге жуық көтеріліс бұрқ ете қалған. Солардың ішінде ең ірісі – Созақ көтерілісі. 1930 жылы Созақ жеріндегі көтерілісті ел арасынан шыққан намысты ер Сұлтанбек Шалақұлы бас­тап, оны қостаған азаматтардың қатары көп болды. Олар өкіметтің қарулы әскерінен де ықпай, өздерінің мақсат-мүддесін ашық айтты. Алайда оның соңы қанды қырғынға ұласып, біраз адам мерт болды. Солардың арасында Сүгірдің де ағайындары болыпты. Бұл күй осы көтерілісте шейіт кеткен сол боздақтарға арналған.

Мақаланы Сүгірдің «Қос­басарынан» бекер бастап отыр­ған жоқпыз. Себебі бар. Өйт­кені атақты суретші Ерболат Төлепбайдың «Сүгір» атты картинасын көргенде, құлағымызға күйшінің алдымен осы шығар­масының сарыны келді. Мұңлы әуезбен басталған күй адамды бірте-бірте өзен иіріміндей тар­тып әкетеді. Мына суретті көр­генде дәл сондай әсерде болдық.

Қылқалам шебері оны күй тілімен қалай шебер сөйлете білген десеңізші. Мұнда сар да­ла­ның дархандығы дейсіз бе, ұлтымыздың бекзат болмысы дейсіз бе, түрлі тарихи кезеңдер дейсіз бе – бәрін айшықты бедерлеген. Күйшінің асқақ бейнесінен оның тектілігі мен кіді мінезін жазбай танисыз.

Қазіргі қазақ бейнелеу өне­рінің өрен жүйріктерінің бірі Е.Төлепбайдың туындылары елімізге ғана емес, шет мемлекеттерге де өте танымал. Бүгінге дейін суретшінің әлемнің 40-қа жуық елінде көрмесі өтіп, ұлт өнерінің мерейін асқақтатқан. Сондай-ақ оның бірегей ең­бектері дүние жүзінің даңқты музейлерінде Ван Гог, Леонардо да Винчи, Микеланджело, Ра­фаэль, Пикассо секілді алып­тар­­дың туындыларымен қатар тұр­ғаны да мақтаныш.

«Ерболат Төлепбай қазақты танымайтын шет жердің қатып қалған сере мұзына сала­тын мұзжарғыш іспетті. Мәде­ние­тіміздің бейнелеу дейтін тұтас бір әлемін кейде жалғыз өзі кө­теріп жүрген Толағайға келе ме?! Әйтеуір, қалай айтсаңыз да, үлкен бір миссияны дара атқа­рып жүрген адам. Қолда бар алтын! Фараби сияқты қазақтың көгіне шарықтап көтеріліп кеткен жан. Төмендегілер байқамайды. Төбесіндегі тұрмақ, төңірегін көрмейтіндер үшін беймағлұм», деп жазады белгілі суретші Жеңіс Кәкенұлы.

Өнер зерттеушілері Сүгірдің домбырада оң бұраумен қатар теріс бұрауды да пайдаланып, әрі төкпе күй мен шертпе күйдің үздік шебері болғанын айтады. Талант иесінің шертуі мен күй сарынында Сарыарқаның шертпе күйлеріне үқсамайтын ай­рықша ырғақ бар. Ол домбыра үнін қобыз үніне жақындатып, Ықыластың көптеген күйін дом­быраға түсірген. Сондықтан Әлі­ұлының күйлерінде қобыз үні басымдау секілді көрінеді.

Көрнекті жазушы Тәкен Әлімқұлов «Кертолғау» атты әңгімесінде Сүгірдің күй тудырар алдындағы арпалысты сәтін керемет суреттейтіні бар емес пе. Соны оқып көрейік.

«Күйші атаулыда басыр түй­сік болмақ. Сол түйсік Сүгір­дің кеудесінде оқыс оянды. Оның сезімтал саусақтары домбыраның сағасына шоршып түсті де тың дыбыстар шығара бастады. Енді шертіс те, шымшыс та өзгерді. Өкініштің орнын қуаныш басты. Домбыра аңырамай, еркелеп шыға келді. Бейне қу шанақтан қызыл құлын кісінегендей болды. Жіңішке, әсем әуез төгілді. «Тәйри-тәйри-тәйри-тай» деген нәзік те ерке дыбыстар саға­лықтан бұғалыққа қарай өрлеп, бара-бара құлшына кісінеп кетті. Жансыз ағашқа жан бітіп, ыңқылдады. Пернелер иіп, екі ішек еңірегенде көк бие қоса еңіреді. Артынша осқырынып, еміренді. Қоңыр құлынды иіс­кегенде жәудір көзі жасқа толып кетті. Бие иіді. Күйші бусана балқыды…». Құдды қара сөзбен салған сурет пе дер­сіз. Қаламгердің күй тілімен сөй­легенде жүйріктей көсіліп сала беретіні таңғалдырады.

Қысқасы, Тәкен Әлімқұлов біртуар тұлғаның болмысын қара сөзбен кестелеп, мәңгі мұра қалдырса, Ерболат Төлепбай күйші бейнесін қылқалам ұшы­мен көркем өрнектеп, тамаша туынды туғызды.

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024