Тарих • 08 Ақпан, 2024

Ұжымдастыру саясатының зардаптары

361 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 24 қарашасында «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойып, комиссия сәтті жұмыс істегені баршаға аян. Былтыр жыл соңында Мемлекеттік кеңесші Е.Т.Қарин төрағалығымен осы комиссияның жұмысы қорытындыланды. Жүйелі жұмысы үшін ел басшылығы мен комиссия тарапынан алғыс арқалағандардың ішінде Атырау университетінің ғалымдары да бар.

Ұжымдастыру саясатының зардаптары

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Қазақстан тарихының ең маңызды беттерінің бірі – көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларын күштеп отырықшылдандыру арқылы ұжымдастыру саясаты. Кеңестік билік 1928 жылы жаңа экономикалық саясаттан бас тартысымен қазан төңкерісінің қағидаттарын басшылыққа ала отырып, тап күресі теориясын жүзеге асыруға ашық кірісті. Бұл іске НКВД жұмылдырылды. Қазақстанды әкім­шіл-әміршіл тәсілмен билеп-төстеген ста­линдік-голощекиндік большевиктік бас­шылықтың ресми саясаты көшпелі және жартылай көшпелі қазақ ауылдарын зорлап отырықшылдандырудан айқын көрінеді. Қазақстанның Өлкелік компартиясы және оның басшысы Ф.Голощекин қысқа мерзім ішінде қазақ шаруа қожалықтарын жедел, жап­пай жоспарлы отырықшылыққа көші­руге тапсырма берді.

Еліміздің экономикалық, әлеуметтік, ұлттық ерекшеліктерін ескермей жүр­гізілген зорлап отырықшылдандыру қазақ халқын «ақтабан шұбырындыға» салып, атақоныстарын тастап көшуге, сонымен қатар ашаршылыққа ұрындырды.

Ресми құжаттардан анықталған­дай, қазақтарды отырықшылдан­дыру көшпелі өмір салты бар мал шаруа­шылығының экономикалық тиімділігінің мардым­сыз­дығымен, сондай-ақ көшпелі тұр­ғындарға саяси бақылауды орнату қажеттілігімен байланысты болған. Бір сөзбен айтқанда, партия мен үкі­меттің жоғарғы эшалонындағылар ұжым­дастыру мен көшпелілік бір-бірімен сыйыспайды деп есептеді. Тағы да ке­зек­ті қиратушы зардаптары бар іс-шара­ларды жоғарғы партия мен үкімет ор­гандары бастады. Жаңа кеңшарлар мен ұжымшарларды құру жолымен көшпелі ауылдарды отырықшылыққа көшіру қатаң және адамгершілікке жат әдістермен жүргізілді.

1930 жылы қаңтар айында ҚАКСР Халком кеңесі жанынан «Отырық­шы­ландыру жөніндегі комитет» құрылды. Дәл осындай құрылымдар 1929-1930 жыл­дары округтер мен аудандарда пайда болды. Ақтөбе, Гурьев, Маңғыстау, Орал және басқа округтерде қаржы көзі белгіленіп, 84 шаруашылықты отырықшылдандыру көшіру жоспарланды. Алай­да БКП(б) ҚӨПК қаулысында оты­рық­шыланатын көшпелі және жарты­лай көшпелі шаруашылықтардың саны 79,8 мың болды, бірақ бұл қарама-қай­шылықтар кезекті науқанды «больше­вик­тік қарқынмен» жүргізудегі келеңсіз құбылыстарды көрсетеді.

1930 жылдың сәуір айында респуб­лика­лық партия және кеңес органда­рына 1500 қазақ отбасының Қара­құмға көшіп кеткендігі жөнінде хабар келіп түсті. Қызылқұмнан кей­бір ауылдар Қарақалпақ арқылы Түрік­менстан мен Бұхара бағытына кө­шіп кетті. Олар жүздеген кедей-орташа шаруа­шы­лықтарын құрады. БКП(б) ҚӨПК қаһар­лы ескертуі тағы да қайталанды. Оны 1930 жылғы 15 маусымдағы бюросы шешімінде: «БКП(б) ҚӨПК бар­лық округтік комитеттер мен өлкелік ұйым­дарға ескерту жасайды, осы жыл­ғы отырықшылдандыру жоспары орын­далмаған жағдайда, мұны партияның ұлт саясатының маңызды іс-шараларына әдейі кедергі жасау деп қарастырады», деп атап көрсетті. Бұдан кейін округтің өзінің шынайы мүмкіндіктерін, тұр­ғын­дардың мүдделерін есепке алмаған отырықшыландырудың жоспарын «кө­теру» туралы округтік партия комитет­терінің жергілікті жерлердегі тоқтаусыз әрекеттері басталып кетті. 1930 жылғы 15 тамыздағы «Колхозцентр» деректері бойынша отырықшылдандыру іс-шара­ларымен 58507 шаруашылық қам­тылды, ол жоспар көрсеткішінің 70 пайызын құрады. Бұл шаруашылықтар 743 ұжымшарға бірікті. Көптеген шаруа­шы­лық сусыз, егін егуге жарамсыз аудан­­дарға көшірілді.

Үздіксіз қудалаудың, қуғын-сүргін мен аштықтың қысымынан құтылуға тырысқан қазақ ауылдары өз орындарын тастап, Қазақстаннан шеткері жерлерге көше бастады. Ұжымшарлар­дың қаңырап қалуы жаппай етек алды. Ең алдымен, қазақ ауылдары аштықтың салдарынан қырылды. Экономикалық жағынан әлсіз, мемлекеттің назарынан тыс қалған және тіршілік етудің негізгі көзінен айырылған олар төтенше келген қиындыққа қарсы тұра алмады. Ауылда миллионнан астам адам өмірден кетсе де, Ф.Голощекин мал шаруашылығы аудандарындағы қайғылы жағдайды мойындай қоймады.

1932 жылы 13 қарашада ҚАКСР Хал­ком кеңесі «Көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруашылықтары­на берілетін жеңілдіктер туралы» қаулы қабылдады, онда қазақ тұрғындарын жайлаған орасан зор апатты айғақтай­тын осы құжат тармақтарының әрекеті қолданылатын аудандардың тізімі берілді. Мал шаруашылығы өлшеусіз шы­­ғынға ұшырағаны анық еді. 1928-1932 жылдар кезінде ірі қара мал басы 6 509 мыңнан 965 мыңға, қой 18 566 мыңнан 1 386 мыңға, жыл­қы 3 616,1 мыңнан 416 мыңға дейін кемі­ді. Республикадағы түйе шаруа­шы­лығы құ­рып бітуге айналды (93 пайызға кеміді). Жалпы алғанда, Қазақстан­ның мал ша­руа­шылығының шығыны 1929 жылдан 1933 жылдың 1 шілдесі аралығында 87 пайызға азайды.

1934 жылы қаңтар айында Қазақ­стан партия ұйымының VII конферен­­ция­сы өтті, ол тағы да «мал шаруашы­лығы аудандарындағы ұжымшар қозғалы­сының негізгі нысаны жерді бірлесе өңдеу мен шабу (ЖБӨС) жөніндегі серіктестік болып табылады» деп атап көрсетті. Осымен бірге 1934 жылы жел­тоқсан айында БКП(б) ҚӨПК бюросы ұжымшарларды ұсақтау туралы нұсқау берді. Негізінде, 23 шақырым радиус көлемінде орналасқан 60-тан аспайтын көшпелі және жартылай көшпелі тұрғындары бар мал шаруашылығы аудандарындағы мал серіктестіктері мен артельдердің мөлшерін белгілеу ұсынылды. Республикадағы мал басын қайта қалпына келтіру жөніндегі ең маңызды іс-шара мал шаруашылығы аудан­дарындағы колхозшыларға өзінің жеке шаруашылықтарында 150-ге дейін қой-ешкі, 10-ға дейін ірі қара, 10 жылқы және 5 түйеге дейін ұстауға рұқсат етілуі еді. Ауданның жеке­шелерінде 100 бас қой мен ешкі, 5 басқа дейін ірі қара, 5 жылқы және 3 түйеге дейін жеке пайдалануына рұқсат етілді. Колхозшылар мен жекешелерге малды жеке иелену мөлшерін едәуір кеңейту, жаңа жеңілдіктерді белгілеу, барлық секторда мал шаруашылығын дамытуды ынталандыру, ауылшаруашылық техникасымен жабдықтау жөніндегі іс-шаралар, көшпелі және жартылай көшпелі аудандардағы жемшөп базасын жасау және нығайту 1935 жылы-ақ мал басының өсуіне мүмкіндік ту­ғызды. Көшпелі және жартылай көш­пелі аудандардағы ірі қара мал басы 1932 жылы 291,4 мыңнан 1935 жылы 916,1 мың басқа дейін, қой мен ешкі 175,8 мыңнан 1 057,5 мың басқа дейін өсті. Көрсетілген кезеңде жалпы рес­публика бойынша ірі қара 965,3 мыңнан 1 424,5 мыңға дейін, қой мен ешкі 1 386,2 мыңнан 2 323 мың­ға дейін жеткенін көреміз. Мал шаруа­шылығы аудандарындағы малы жоқ шаруа­шылықтардың саны 7 пайызға дейін қыс­қарды. Бұл жаңа басшылықтың 1933 және 1934 жылдар ішінде әрбір ша­руа отбасын малмен қамтамасыз ету жос­парының орындалмағанын көрсетеді. Көш­пелілерді отырықшылыққа көшіру проб­лемаларын да шешу міндеті тұр­ды. Өлкелік партия комитетінің VI Пле­нумында Л.Мир­зоян отырықшылдандыру орындарын таңдау, поселкелердің түрі жөніндегі мәселелердегі қателіктер мен асыра сіл­теу­лердің салдарынан жоспарланған нәтиженің аз болғанын мойындады. Жалпы, халық басына түскен аштық пен қуғын-сүргін нәубеті Қазақстанның зор қасіреті ретінде тарихқа енді.

Біздің мақсатымыз – осы бағытта басталған зерттеулерді әлі де болса әлемдік ғылым талабына сай жүйелі жалғастыру.

 

Жамиға ТАҢАТАРОВА,

тарих ғылымдарының докторы, профессор