Жәдігер • 08 Ақпан, 2024

Ғұндар кешені

146 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ақын Мағжан Жұмабаев «Ерте күнде отты күннен ғұн туған, Отты ғұннан от боп ойнап мен туғам» дегендей, біздің ежелгі ата-бабамыздан қалған мұра көп. Күллі Еуразия даласында ғұндарға тән 13 қорған-кешен болса, осылардың 9-ы моңғол даласында екен. Ішіндегі ең көлемдісі әрі өте құнды жәдігерлер табылған нысан – Ноин Ула кешені. Бұл жерден табылған тарихи жәдігерлер дүниежүзілік археологияға зор төңкеріс әкелді. Биыл осы жаңалықтың ашылғанына 100 жыл толып отыр.

Ғұндар кешені

Кешен ел астанасы Ұланбатыр қаласынан 130 шақырым қашықта, Төб аймағының Борнор сұмын жеріндегі атақты Ноян тауындағы (Ноин Ула) Сүжікті, Жұрым­ты, Құжырты атты үш сайдың кең қо­латына орналасқан. Аумақтың жерасты гидромеханикасы жартылай мұздақ болғандықтан мұндағы көне заман жәдігерлері жақсы сақталған.

Ескерткіш кешен алғаш рет 1912 жылы ресейлік алтын іздеуші – техник А.Баллодтың назарына ілінеді. Бұл адам Жұрымты са­йының ауызында адам қолымен қазылған терең ұраны көріп, «ерте заманда алтын өндірушілер қазған із болуы мүмкін» деген оймен ол жерді қазып көреді. Бірақ ол жерде алтын емес әлі белгісіз көне тарихи жәдігерлер жатқанын аңдайды.

Сөйтіп, алтын іздеуші тапқан дүниелері жайлы сипаттама жазып, оны Петербордағы Орыс география қоғамына жолдайды. Бұл хабар патшалық Ресей ғалым­дарының құлағына жетеді. Олар дереу аттанбаққа қам жасағанымен бірінші дүниежүзілік соғыс басталып кетіп, сапар аяқсыз қалады. Одан кейін патша тақтан құ­лап большевиктер билікке келеді. Ақыры моңғол даласында жатқан құнды дүниелерді зерттеу ісі Кеңес үкіметінің еншісіне бұйырады.

Аталған тақырып бойынша, еңбек жазып жүрген талантты тарихшы һәм ғұн дәуірінің білгірі, археолог, Ұланбатыр қаласындағы Америка мектебінің ұстазы, ұлты қазақ Маратхан Анарханұлына тілдесіп, Ноин Ула кешені хақында сұрап көрдік. «ІХ ғасырдың 70 жыл­­­дары Патерн деген саяхатшы Күреден (қазіргі Ұланбатыр қаласы) аттанып Ұлястайға бара жатып, жол бойында қаптаған қорған-обаларды көреді. Оның бәрін сызып-жазып сипаттамасын қағазға түсіреді. Кейін осы жазбасын ғылыми көпшілікке таныс­тырады. Нәтижесінде, бұл дерек еуропалық археологтердің назарын аударады», дейді бауырымыз.

Сол екі арада, яғни 1923 жылы әскери географ, саяхатшы-этнограф Петр Кузьмич Козлов экспедиция бастап, 1908 жылы моңғол-тибет шекара маңындағы Эзен өзені сағасынан орнын өзі тап­қан Хара-хото бекінісін тереңдете зерт­теу үшін Күре қаласына келе­ді. Бұл жолы Козлов мырза Хара-хото бекінісін толық зерттеумен қатар, көк түріктер кешені Көше Цайдам жазба ескерткішіне де баруды жоспарлаған көрінеді. Бірақ жағдай күрт өзгереді. Осы жылдары билікке ие болған большевиктер Козловты бұрынғы пат­шалықтың адамы деп танып, экс­педиция жұмысына тоқтау са­ла­ды. Өзін кері шақырады. Ком­му­нистерден сақтанған ғалым өзі Күреде қалып қояды да, көмек­шісін жібереді.

Осы екі арада П.Козлов Ноин Ула кешені туралы шығыстанушы поляк Жоза деген адамнан естіп біледі. Тіпті осы кісінің нұсқа­уы­мен жоғарыдағы алтын іздеуші А.Баллодтың Күреде өмір сүріп жатқан жесірін тауып, одан күйеуінен қалған жазбасын алып танысады. Сонымен қатар әйелдің қолында сақтаулы жәдігерлерді (матаға ораған шаш, алтын бұйым­дардың қиығы, ағашты ойып жа­саған әшекей заттар, т.б.) көреді. Сөйтіп, Ноин Улаға көңілі ауады.

Осы кезде жаңадан социалис­тік бағытты таңдап, даму жолы­на түскен Моңғолия астанасы Күре қаласында «Көне қолжазбалар орталығы» атты ғылыми мекеме ашылады. Оның басшысы ресей­лік бурят оқымысты Жамцарано Цыбен деген адам еді. Ноин Ула алқабына қазба жұмысын жүр­гізу үшін аталған мекемемен ке­лісе отырып, 1924 жылы 20 ақпан күні өзінің көмекшісі А.Кон­дра­тьев­ті Ноин Ула кешенін кө­ріп ке­луге жұмсайды. Ноин Ула қор­ған­дарын барып көрген ол көп­те­ген дерек алып келеді. Коз­лов бол­са көмекшісі әкелген де­рек­ке Бал­лодтың сызбасын қо­сып Пе­тер­борға жолдайды әрі қаз­ба жұ­мы­сын жүргізуге рұқсат сұ­рай­ды. Кешікпей сәуір айында оған «Ноин Улаға зерттеу жа­са­­сын» деген қуанышты хабар келеді.

Дереу зерттеу ісін қолға алған П.Козлов бастаған моңғол-ти­бет экспедициясы Ноян тауына келіп, кең алқапта 200-ден астам қорған-оба барын анықтап, картасын жасайды. Осылардан таңдап алынған 10 қорымға (6-ауы үлкен, 4-еуі шағын қорым) қазба жұмысын жүргізеді. 6-қорымнан 14551 дана кілемнің, 13904 дана торғын-мата қалдықтарын санап алады.

Оның сыртында бұғы, қодас сиыр, барыс қатарлы жануарлар­дың бейнесі бәдізделген сырмақ, жібек желек, сауыт киген сарбаздар бейнесі, хас гауһар тастан жасалған әшекей, тапталған алтын бұйымдар, сонымен қатар бітеу самырсынды ойып жасаған табыт ішінен астық толтырған құмыра қатарлы толық нұсқалы 1900 дана артефакт табады. Қазіргі таңда осылардың 60 па­йыз, яғни 1150 данасы Эрмитажда сақтаулы тұр.

Ноин Уладан қазып алынған бұйымдарға ғылыми тұжырым жасап, сараптама беру үшін 1925 жылы КСРО ғылым академиясынан арнайы адамдар келеді. Олар бірауыздан «табылған жәдігерлер ғұндар мұрасы» деген пәтуа айтады. Сөйтіп, Ноин Ула кешенін ашу арқылы Козлов ату жазасынан аман қалып, әлемге әйгіленді.

1927 жылы Ноин Ула қорған­дарына А.Симуков зерттеу жүр­гізеді. Бұл жолы киіз сырмақ­тың бір жартысы, жапырақ оюлы қи­қым заттар, қытай жазуы бар бояу­лы кесе табылады. Бұл артефакті­лер әлем археологтерінің назарын ерекше аударады. Кеседегі қытай жазуын оқығанда бұл бұ­йым б.ж.с. алғашқы жылы Сы­чуан өлкесінде жасалғаны анық­талады. Сонымен қатар кесені жасаған шебердің аты, аяқта­ған уақыты, сапасы... бәрі бүйірін­де жазулы тұр. Осындағы дата негізінде ғалымдар Ноин Ула қорғандарының тұрғызылу мерзімі б.ж.с алғашқы ғасырына тән деген тұжырым айтуда.

Бұл орайда, атап өтуге тұрар­лық дүние – қазір Эрмитажда тұрған «ғұн сырмағы». Ол алтын­шы қорымды қазған кезде шыға келген. Сырмақ қабірдің ішкі бөлмесінің еденіне төселіпті. Жерастында 2000 жыл жатса да бүлінбей сақталған. Жәдігерді археолог-ғалымдар бірауыздан «әлем археологиясының ХХ ға­сырдағы керемет жаңалығы» деп бағалады.

* * *

Ноин Ула кешенін зерттеу жұмысы кейінгі 20 жыл көлемінде қайтадан жаңғырды. Атап айтар болсақ, Моңғолия ҒА Археология институты мен РФ ҒА Сібір бө­лімшесі Археология – этнография институты бірлесіп 2006–2015 жылдар аралығында төрт үлкен қорғанға және дәл осындай төрт кіші обаға қазба жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, жаңадан 1300-ге жуық заттық бұйымдар табылып отыр. Осылардың 60 па­йызы Орталық Азия стилінде жа­салған тоқыма бұйымдар болса, қалғаны кілем, киіз сырмақ, мифтік хайуандар бейнеленген алтын-күміс заттар, сондай-ақ грек-рим стилінде жасалған әше­кейлер, қытайдың Хан империясы кезінде орда пайдаланған кәрлен кесе, т.б. Бұл жәдігерлер қазір Ресейдегі зертханаларда сарап­тамадан өтіп жатыр.

Бұл орайда, атап өтуге тұратын тағы бір ерекше жаңалық, осы жылдары 20-қорымнан табылған ежелгі гректердің мифтік тәңірі Геракл мен Омфаланың бейнелері шекітілген қола табақша. Бұл жәдігер ХVIII ғасырда гипстен жасалып, қазіргі күні Копенгаген қаласындағы Торвальдсен музе­йінде тұрған Геракл, Омфала еке­уінің бейнесімен сәйкестігі күл­лі әлем назарын аударып отыр. Көптеген ғалым бұл дүние «Ромның саяси және әскери қайраткері, атақты қолбасшы Марк Красс пен ғұн ақсүйектері арасында байланыс болғанын дәлелдейді» деп тұжырымдайды.