Еңбек • 08 Ақпан, 2024

Арқа сүйері – «Ауыл аманаты»

191 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кәсіпке икемі бар, бірақ қаржысы жоқ адамдарға «Ауыл аманаты» бағдарламасы көп мүмкіндік берді. Мәселен, бір жыл ішінде Ақсу ауданында 91 жоба мақұлданып, 513,5 млн теңге шағын несие берілген. Аграрлы өңір тұрғындары көбіне мал шаруашылығына сұраныс білдірген. Дегенмен ұлт­тық қолөнер­­ді де дамытуға бет бұрған абзал жандар бар.

Арқа сүйері – «Ауыл аманаты»

Суреттерді түсірген – Руслан Кадыров

Аталған ауданда ауылшаруашылық техникаларын сатып алып қызмет көрсетуге кооператив құрылып, бұл үшін 27,6 млн теңге несие берілген. Жеңіл өнеркәсіп саласында кәсіп бастап, тігін цехі, аяқкиім жөндеу орталығын ашуға 11,9 млн теңгеге 3 тұрғын ша­ғын несие алған. Жалпы, жергілікті жұрт­шылықтың жағдайын жақсартуға бағытталған жобаға қатысуға тілек білдірушілердің қатары көбеюде. Бізді таңғалдырғаны, ұлттық нақыштағы қолданбалы кәсіпті дамытуға да зор серпін беріліп жатыр. Осы ретте Ақсу және Панфилов аудандарында кәсіпкерлер тігін цехін ашқан.

Ақсулық Қарлығаш Тұмарбай – атажұртқа 2006 жылы оралған қандас. Ол 2008 жылдан бері тігін ісімен айналысып келеді. «Ауыл аманаты» жобасымен 4,8 млн теңге несие алды. Үйінің аула­сында шағын тігін шеберхана ашқан. Жобаға қатысып, алған несиесіне кәсібін одан әрі дамыту үшін жүн мен мақта түтетін және матрац тігетін заманауи автоматтандырылған аппараттар сатып алған.

жасау

«Негізінен қыз жасауына, үйде күнделікті қолданғанға көрпе-жастықтар мен матрацтар тігуге тапсырыс аламыз. Тапсырыс беруші егер көрпенің жүннен жасалғанын қаласа, қойдың жүнін жуып, тазалап, кептіріп алып келеді. Ал мақтадан жасалғаны керек болса, біз өзіміз Алматыдан арнайы сатып алған мақтамызды қолданамыз. Қыздың жасауына тапсырыс көп түседі. Оған негізінен мақтадан жасалатын көрпелерді алады. «Махаббат» көрпесі, құрақ көрпе, төсек көрпе, жамылғы көрпе сияқты түр-түрін арнап тігеміз», дейді кәсіпкер.

Бүгінде жанына бір көмекші алып, ауылдасын жұмыспен қамтып отыр. Жаз мезгілінде жұмыс көлемі артқанда қосымша тағы бір адамды жұмысқа тартпақ. Ол өз кәсібін Инстаграм әлеу­меттік желісіндегі t_karlygash парақшасы арқылы насихаттайды.

Ал Панфилов ауданына қарасты Сарыбел ауылдық округінің тұрғыны Минура Қасымжанқызы өткен жылдың шілде айында өз қаражатына екі арнайы аппарат сатып алып, тігін цех ашқан еді. Мұнан соң «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, былтыр желтоқсан айында 6,5 млн теңге жеңілдетілген несие алды. Сөйтіп, бұл қаржыны материалдық базасын нығайтуға жұмсап, мақта түте­тін, матрац тігетін тағы 2 аппарат сатып алып, қазір ауылының екі тұрғынын жұмыспен қамтып отыр.

«Заманауи аппаратпен жұмыс істеген өте тиімді. Мамандар арнайы мони­тор­дың алдында отырып, барлық үдерісті басқарып отырады. Мәселен, жамылғы көрпені қабитын тігістің мұнда 380 түрі бар. Алдағы уақытта тігін машиналарын сатып алып, тігіншілерді жұмысқа алсақ, өнім түрлерін көбейтсек деген ниетіміз бар. Кәсібіміздің кеңінен таралуына әлеуметтік желіні пайдаланып келеміз», деген Минура Қасымжанқызы Инстаграмдағы mamyk_korpesarybel парақшасын ашып көрсетті.

Панфилов ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасының І, ІІ транш­тары бойынша 93 субъектінің жобасы мақұлданып, оларға жалпы көлемі 662 млн теңгеден астам несие беріп, азаматтар шағын кәсіптерін бастаған.

Бағдарлама бойынша ауыл тұрғын­дары өз кәсібін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие алып, техниканы лизингке рәсім­деуіне болады. Қарыз алу шарттары да өте қарапайым. Себебі ондағы па­йыздық мөлшерлеме әлдеқайда тө­мен. «Ауыл аманаты» аясында несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік кезеңі де қарастырылған. Бұл да халық үшін тиімді.

Бүгінде игілігі мол жобамен жұмыс істеп, бизнесін дөңгелетіп жатқандар жетіп-артылады. Солардың тағы бірі – Ескелді ауылдық округіне қарасты Көкдала ауылының тұрғыны Күлзипа Келгенбаева. Осы уақытқа дейін шаруа­шы­лығында жылқы немесе ірі қара малы болмағандықтан аптасына 500 литр сүт сатып алып, одан май шайқап, құрт айы­рып, қатық, кілегей, ірімшік жасап, 30 литр қымыз алып, Талдықорғандағы коммуналдық базарға және Үштөбе базарына шығарып сатып жүрді.

«Мен осыдан 10 жыл бұрын «Мазда» автокөлігіммен ауыл-ауылдан сүт жинап, одан құрт, май, ірімшік дайындап жүрдім. Алғашында өнімдерді Үштөбедегі базарға алып барып саттым. Кейін Талдықорған базарына да шығатын болдым. Бүгінде кілегей, ірімшіктен бөлек қымыз да сатамын. Қазір базарға барсаңыз сүт өнімдерінің көбі шет­елдерден келеді. Ауыл тұрғындары осы бағдарлама арқылы жұмыс істесе, өзі­міздің отандық өнім көбейетін еді», дейді кейіпкеріміз.

Үш баланы тәрбиелеп отырған үй шаруасындағы іскер әйел мемлекеттен 8 млн теңге несие алып, бағ­дар­­ламаның игілігін көруде. Қазіргі таңда несие арқылы 10 бас бие сатып алды. Несие алу мақсаты – жылқы малын көбейтіп, қымыз өндірісін қолға алып, сүт өнімдерін сату. Іскер әйел жыл көлемінде атқарған жұмыстары үшін облыс әкімінің құттықтауына ие болды.

«Игілігі мол бағдарламаның арқа­сында 10 бас бие сатып алдым. Өкінішке қарай, жер болмағандықтан отағасы көктем шыққаннан жылқыларды күні-түні бағады. Ауылда жер тапшы. Жайылым жердің барлығы жекеменшікке өтіп кеткен. Жазда жылқыларды қой сияқты бағып қарамасақ, біреудің жеріне түсіп кетсе, мал басына 40 мың теңге айыппұл салады», деген Күлзипа ана жайылымдық жер ауылдағы өзекті мәселенің бірі екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ кейіпкеріміз егер жер мәселесі шешілсе, болашақта сауынды сиыр алып, сүт өнімдерін одан әрі арттырамын дейді.

Айта кетейік, республика бойынша кәсіпкер әйелдердің үлесі 50 па­йыздан асады. Ал шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының 60 пайызын әйелдер басқарады. Бүгінде Қаратал ауда­нында 1 500-ге жуық қыз-келіншек кәсіпкерлікпен айналысады. Оның ішінде жеке кәсіпкерлер мен медицина саласында еңбек ететін арулардың саны басым.

 

 Жетісу облысы