Елорда филармониясы үшін аталған қос таланттың орны бөлек. Айталық, Мырзағали Айдаболов 1997 жылы Астана әкімдігінің шақыруымен бас шаһарға қоныс аударып, қалалық филармонияның қазақ ұлттық аспаптар оркестрін құрып, 1998 жылдың 15 сәуірінде «Жастар» сарайында оның тұсаукесер концертін өткізді. Бұл астаналық филармонияның негізін қалаған алғашқы өнер ұжымы болды. Дарынды дирижер соңғы деміне дейін оркестрге жетекшілік етіп, оны дүйім елге танытуға зор үлес қосты.
Ал Мұхаметқали Тінәлин қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын аяқтағаннан кейін өзі туған Целиноград қаласына оралып, «Тың игерушілер» сарайының «Алтын дән», облыстық филармонияның «Армандастар» эстрадалық ансамбльдеріне жетекшілік етті. Ақмола да алғашқы халық аспаптары оркестрін құрып, қазақ оркестріне арналған көркем туындыларды жарыққа шығарды. Композитор өмірінің соңына дейін Қазақ ұлттық өнер университетінде ұстаздық ете жүріп, астаналық филармониямен байланысын еш үзген емес. 40-тан аса түрлі музыкалық туынды жазып, 200-ден аса шығарманы оркестрге, ансамбльдерге лайықтап өңдеді.
Кеш барысында Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрі (бас дирижері-көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов, дирижері – Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов), қос музыканттың шәкірттері, филармония солистері олардың төл туындылары мен өңдеген шығармаларын орындады. Атап айтқанда, белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Сарина, қобызшы Жанар Жүсіпова, Мәдениет саласының үздігі Нұрай Танабаев, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Алтынбек Әбілда, сондай-ақ Мырзағали Айдаболовтың қызы Гүлжан Айдаболова мен Мұхаметқали Тінәлиннің перзенті Перизат Тінәлина өнер көрсетті.