Аймақтар • 12 Ақпан, 2024

Жатақхана жайы жаға ұстатады

447 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысындағы колледждерге тиесілі жатақханалардың сапасы сын көтермейді. Бірінде интернет қосылмаса, енді бірінде студенттердің ескірген көрпе-жастық жастанып жатқаны жанға батады, деп жазады Egemen.kz.

Жатақхана жайы жаға ұстатады

Мәселенің мәнісін «AMANAT» партиясының белсенділері анықтады. Олар 1986 жылы пайдалануға берілген Санжар Жандосов атындағы Қаскелең кәсіптік техникалық колледжіне мониторинг жұмыстарын жүргізді. 300 орынға шақталған студенттер үйі 38 жылға жуық уақыттан бері күрделі жөндеу көрмеген. Қабырғаларының сылағы түсіп, жиһазы бүлінген бұл жатақханада бүгінде 50-ге тарта студент тұрады.

«7 мамандық бойынша 600-ге тарта шәкіртке кәсіптік білім беріп отырған іргелі мекеменің жай-күйі сын көтермейді. Жатақхана қабырғаларының сылағы түсіп, ас үй мен тазалық бөлмелерінің тозығы жетіп тұр. Су жүйелерінің де жағдайы тым нашар. Оған қоса, қаланың қақ ортасында тұрып интернет желісіне қосылмаған», дейді облыстық мәслихат депутаты Әсел Заирова.

аа

Ал колледж директоры білім ордасында интернет барын, тек жылдамдығы нашар екенін айтып, ақталды.

«Интернеттің жылдамдығы төмен. Сондықтан ашылмай тұрған шығар. Негізінде интернет бар. Материалдық база да жеткілікті. Бірақ жаңартуды қажет етеді. Ғимаратты күрделі жөндеуден өткізуге көптен бері өтінім беріп келеміз. Алайда, қаржы қарастырылмай жатыр», дейді колледж директоры Рүстембек Бәкіров.

Мониторинг тобы одан әрі Қаскелең мәдениет колледжіне де аялдады. Мұндағы студенттер үйі 55 жыл бұрын салынған. 2014 жылы күрделі жөндеуден өткен. Алайда, 70 орынға шақталған жатақхана төсектері төрт аяғынан әзер тұрғанын жасыруға болмайды. Төсенішері де ескі, шұрық-тесік. Электр жүйесінде де қауіпсіздік талаптары сақталмаған. Кей тұстарының ашық жатқаны да байқалады.

«Студенттер лас төсеніштерді қолдануға мәжбүр. Біз барған қос мекеменің мүшкіл жағдайы көптен бері айтылып, көтеріліп келеді. Білім басқармасына депутаттық сауал да жолданған болатын. Өкінішке қарай, жауап әлі күнге дейін жоқ», дейді аманаттық депутат Әсел Заирова.

Мониторингтік топ мүшелері алдағы уақытта өңірдегі барлық орта арнайы оқу орындарындағы жатақханалар түгелге дерлік тексерілетіндігін тілге тиек етті.

аа