Аймақтар • 13 Ақпан, 2024

Елге керек ерекше кампус

117 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бурабайдағы IQanat мектебінде елдің түкпір-түкпірінен келген 600-ге жуық ауыл баласы білім алады. Отандық кәсіпкерлердің көзі түскен оқу ордасына Тимур Турлов ғажайып ғимарат сыйға тартты. Планетарий, амфитеатр және дыбыс жазу студиясы бар жаңа кампустың құны – 2,7 млрд теңге.

Елге керек ерекше кампус

Жаңа корпус спорт, ғылым және өнер әлемін еркін аралатуға қауқарлы. Себебі онда планетарий, 400 орындық амфитеатр, IT және STEM зертханалары, 7 мың кітап қорына арналған кітапхана, хореография және фитнес залдары, шахмат клубы, қыш бұйымдары мен бейнелеу өнері шеберханалары, коворкингтер, тіпті дыбыс жазу студиясы бар. Мұның бәрі алдын ала оқушылардан алынған сауалнама негізінде салынған. Ал білім нысанының жобасы Финляндия, Дания, АҚШ елдеріндегі мектептер сәулетінің халықаралық тәжірибесіне сай салынған. IQanat оқу ауылындағы алғашқы үй «Freedom House» деп аталды.

– Еліміздің басты байлығы – адамдар. Бір адамның өзі көп нәрсені жасай алады, ал бәрі­міз бірге үлкен белесті бағындыра аламыз. Елі­міздің болашағы сіз бен біз қаншалықты білім­ді болатынымызға және елге деген сүйіс­пен­шілі­гіміздің нақты іс жүзінде көрініс беруіне тіке­лей байланысты. Қазіргі кезде осында оқи­т­ын балалар біздің елімізді жақсы жаққа өз­герте алады. Олардың көпшілігі бизнес­те, ғылымда, мемлекеттік басқаруда, өнерде, спорт­та жетістікке жете алатынына сенімдімін. Ал мұн­да алынған білім белгілі бір өнеге-үлгіге айна­лып қана қоймай, теңсіздік мәселесін шешу­ге елеулі үлес қосады, – деді 2019 жылдан бері «IQanat» жобасының қамқоршысы Тимур Турлов.

Жаңа кампуста мектеп оқушылары да, IQanat олим­пиадасының ақтық сынына жеткен ауыл бала­лары да көкжиегін кеңейтеді. Мұнда олимпиа­дадан кейінгі үш жылдық бағдарламаның қатысушы 1700 ауыл оқушысы үнемі мектепке қарқынды курстан өтуге келіп тұрады. Мектеп оқушыларына да қосымша білім алатын, өз қабілеттерін ары қарай жетілдіретін жер керек. Елде жоқ ерекше корпус осы игіліктерге жұмыс істейді.

Кәсіпкерлердің білім-ғылымға қолдау көр­сетіп, жағдай жасауы – тамаша үдеріс. Бұл – дамы­ған елдерде ертеректе жолға қойылған үрдіс. Жобаның бастамашысы және қамқоршысы Айдын Рахымбаев кәсіпкерлер білімге бағыт­тал­ған бастамаларды қолдауы керек деген мәселе көтерді. Оның айтуынша, жастардың елге қызмет ету деген ойын гүлдетіп, үнемі суарып отыруымыз керек. Пайдасы орасан осындай жобалар жаса­сақ, келешек ұрпақтың тағдыры, табысы мен білім деңгейі де мүлде басқа болады. Қамқорлық көріп өскен бала өз ауылының дамуына да әсер етеді, қаржылай көмек көрсетеді. Жалпы, мұның бәрі жақ­сылықтың жағасында мультипликативті нәтиже көрсетеді.

– Кәсіпкерлердің ұзақмерзімді және ауқымды игіліктерді бастауға деген шынайы ниеті болса, білім беруге инвестиция салу керек. Барлық ниет танытушылар біздің бастамаға қосыла алады. Осылайша, біз ұлттың дамуына ең үлкен үлес қосамыз. IQanat – отандық кәсіпкерлер жобасы. Ізгі қоғамдастығымызға атсалысушылар саны бүгіннің өзінде 150-ден асады. Бұл дегеніңіз, балық емес, қармақ береміз. Мәселен, IQanat мектебін мысал етсек. Біз қолдайтын балалар өздері ер жеткенде елге қызмет етуге, мұқтаж адамдарға, отбасыларға қолұшын созуға асығатыны анық, – дейді А.Рахымбаев.

Айта кетейік, биыл жоба үшін ерекше жыл болмақ. «IQanat – Мың бала» ретінде аталып, қор бағдарламаларымен балалардың рекордтық саны қамтылмақ. Ауыл балаларының өрісін кеңейтіп отырған «IQanat» мектебінің қанаты талмаса, әлі талай белестерді бағындырып, биік ұшары анық.