Жоба • 13 Ақпан, 2024

Нәтижесі мардымсыз «Серпін»

295 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Осыдан он жыл бұрын қабылданған «Серпін-2050» бағдарламасы сол кездері еліміздегі ұтымды әлеуметтік бастамалардың бірі бол­ғаны рас. Жобаның негізгі мақсаты жастардың сапалы білім алып, тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік беру еді. Өкі­нішке қарай, қазір бұл бағдарламаның нәтижесі көңіл көншітпейді.

Нәтижесі мардымсыз «Серпін»

Ақпарат көздеріне қарағанда, түлектердің 17 пайыздан астамы ғана бағдарламада көрсетілген келісімге сәйкес өз міндеттерін орындайтын болып шықты. Жоба ережесі бойынша олар оқуын тәмамдағаннан кейін сол өңірде қалып, үш жыл жұмыс істеуге тиіс. Алайда оңтүстік аймақтардан солтүстік және шығыс өңірлердегі жоғары оқу орындарынан грант алған студенттердің көбі оқуы аяқталғаннан кейін туған жеріне қайтып кетеді. Осы мәселеге қа­тысты Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жаса­ған Сенат депутаты Әлішер Саты­балдиев арнайы депутаттық сауал да жолдаған еді.

Үкімет басшысына бағыттаған депутаттық сауалында сенатор 2020 жылға қарай жоғары оқу орындарын аяқтаған 8,9 мың бағдарламаға қатысушының 3,2 мыңы (немесе 35,8%) талап етілген үш жылдық мерзімде жұмыс істемегенін алға тартты.

«Осыған байланысты бағ­дар­лама операторы «Қаржы орта­лығы» АҚ 3,2 мың жұмыссыз түлекке мемлекет тарапынан олар­дың оқуына жұмсалған қаржыны өндіруді талап етіп, сотқа дейінгі өтініштер берді. 1,9 мың іс бойын­ша дауларды соттан тыс шешу жұ­мыстары жүргізіліп жатыр. Сотқа 603 адамға қатысты талап арыз берілді, қазірдің өзінде 534 істі сот орындаушылары жүргізіп жатыр», дейді Әлішер Сатыбалдиев.

Сенатор «Серпіннен» туын­дап отырған бұл мәселенің бірнеше себебін атап өтті. Біріншіден, бағдарламаның бастапқы мақсаты жұмыс күші тапшы солтүстік пен шығыс өңірлердегі сұранысты оңтүстік жастарының көмегімен толтыруды көздегеніне қарамастан, түлектерге оқу орнын бітіргеннен кейін жатақхананы босатуға тура келеді. Өйткені жатақханада тек оқу мерзімі аяқталғанға дейін тұ­руға рұқсат етілген. Сонымен қа­тар лайықты жалақымен жұмыс табу да қиын мәселе. Екіншіден, тү­лек­тер жұмысқа жіберілетін кәсіпорындарда іс жүзінде бос жұмыс орындары жоқ, салдарынан олар жұмыссыз, ақшасыз, бас­панасыз жақындарынан жырақта қалады.

Бағдарламаға қатысқан түлек­тердің жартысына жуығы – 4,2 мың адам еңбек өтілін аяқтау бо­йынша өз міндетін орындамаған. Бірақ бұл заң бұзушылық болып саналмайды. Өйткені бұл оқу мерзіміне декреттік демалыс немесе магистратурада оқуды жалғастыру кіреді. Осылайша, тек 1,6 мыңға жуық бағдарлама қатысушысы жаңа жерге үйреніп, үш жыл бойы жұмыс істей алды. Мұндай түлектердің үлесі 17,4 пайыз ғана.

«Серпін» бағдарламасы – Үкімет қабылдаған ішкі көші-қон саясаты стратегиясының бір бөлігі. Әу баста көзделген мақсат та сол – халқы тығыз орналасқан оңтүстіктен солтүстік пен шығыс өңірлерге қоныс аударту. Талап­кер­лерге гранттар, отбасыларын қо­ныстандыру мен жұмысқа орна­лас­тыруға бюджеттен ақша бөлі­неді. Алайда, шын мәнінде, көші-қон жағдайы шенеуніктер жоспарлағандай емес, «халықтық» сценариймен жүріп жатыр. Ел ішінде жастардың дені жұмыс табуға, жалдау ақысы немесе ипотека төлеуге мүмкіндігі жоғары жерлерге көшуін жалғастырып келеді. «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ сарапшылары алдағы жылдарға жасаған болжамдарында 2030 жылға қарай жалдамалы жұмыс күшіне ең жоғары сұраныс оңтүстік өңірлер мен мегаполистерде болатынын айтып отыр. Бос жұмыс орындарының жалпы көлеміндегі осы өңірлердің үлесі – 47,8 пайыз. Яғни еліміздегі әрбір екінші бос жұмыс орны оңтүс­тікте немесе Астанада болса, тек солтүстік облыстарда сұраныс бар болғаны – 14,1, орталық және шығыс өңірлерде 21 пайызды құрайды.

Халық саны көп ірі мегаполистер мен оңтүстік өңірлердегі бақылаусыз урбанизация жағдайы алдағы алты жылда тек нашарлай түседі. Орталық мамандары Астанада халық саны – 33,6 (2022 жылмен салыстырғанда), Алматыда – 19,4, Шымкентте 23,5 пайызға артады деп болжап отыр. Республиканың шығыс және солтүстік өңірлерінде керісінше, халықтың көшуі жиілеген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазіргі көші-қон үрдістері қолайсыз екенін ашық мәлімдеп отыр. Бақыланбайтын урбанизация демографиялық және еңбек теңгерімсіздігін арттырады. Мемлекет алдағы уақытта да оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударуға күш пен ресурстарды салуды жалғастыруға ниетті.

«Серпін» бағдарламасының тиімділігі төмен болса да жалғаса береді. Қазіргі уақытта жобаны түзету нұсқасы қарастырылып жатыр. Оның ішінде міндетті тағылымдамадан өту мерзімін үш жылдан екі жылға дейін қысқарту және гранттан кейін тағылымдамадан өтуге болатын өңірлер тізімін кеңейту мәселелері бар. Бағдарламаға қатысатын жоғары оқу орындарының түлектерін әлеуметтік баспанамен қамтамасыз ету ұсынысы да пысықталып жатыр.

Депутаттық сауалға жауап берген Үкімет 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасына сәйкес қоныс аударушыларға экономикалық ұтқырлық сертификаттары ұсыны­ла­тынын алға тартқан. Сертификат жастарды жұмыспен қамтамасыз ету, тұрғын үй сатып алу үшін 50 пайыз қаржылық көмек көрсе­тіп, 2024-2025 оқу жылында маман­дық­ты тегін алуға мүмкіндік береді.