Саясат • 13 Ақпан, 2024

«С5+1» диалогі іске қосылды

103 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық Азия елдерінің дипломатиялық миссиялары басшыларының, бейінді ведомстволардың және АҚШ Мемлекеттік департаменті өкілдерінің қатысуымен маңызды минералдар бойынша виртуалды «С5+1» диалогі іске қосылды.

«С5+1» диалогі іске қосылды

Іс-шара – былтырғы 21 қыркүйектегі «С5+1» саммитінің Нью-Йорк декларациясында көрініс тапқан Орталық Азия және АҚШ елдері мемлекеттері басшылары бастамаларының бірін практикалық іске асыру жөніндегі алғашқы қадам.

Қазақстан делегациясы  Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қ.Шарлапаев,  Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, оның ішінде Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Е.Ашықбаевтың атынан ұсыныл­ды. Сөз сөйлеу барысында қазақ­стандық өкіл Орталық Азия өңірі мен Қазақстанның сыни минералдарды дамыту және тұрақты жеткізу тізбегін құруға жәрдемдесу саласындағы елеулі әлеуетін атап өтті.

Отырысқа АҚШ Мемлекеттік хатшысының Экономикалық өсу, энергетика және қоршаған орта жөніндегі орынбасары Х.Фернандес төрағалық етті. Іс-шараның модераторы АҚШ Мемлекеттік хатшысының Энергетикалық ресурстар жөніндегі көмекшісі Дж.Пайетт болды.

Алаңның мақсаты – таза энерге­тикаға тұрақты көшуге және кли­мат­тық өзгерістерге қарсы күреске ықпал ететін минералды шикізатты жеткізудің маңызды тізбегін дамыту және ілгерілету.

Маңызды минералдар бойынша «С5+1» диалогі шеңберінде «Пай­далы қазбалар қауіпсіздігі саласын­дағы серіктестік» және «Жаһандық инфрақұрылым мен инвестициялар мүдделеріндегі серіктестік» бастамалары аясында ынтымақтастық келешегі атап өтілді. Өз кезегінде Орталық Азия елдерінің өкілдері осы салаға америкалық инвестицияларды тарту мүмкіндіктерін зерттеуге қызығушылық білдірді.

Сондай-ақ жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі ақпан айының соңында АҚШ пен Канадаға барады, онда маңызды пайдалы қазбаларды игеру саласындағы кездесулер және жыл сайынғы «Prospectors & Developers Association of Canada» (PDAC) Халық­аралық тау-кен форумы өтеді. Бұл алаң пайдалы қазбаларды барлау және өндірумен айна­лысатын мамандардың, компаниялар мен ұйымдардың ең үлкен кездесу орны болып саналады.