Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Инвестициялық штаб жұмысы күшейеді
Үкімет басшысының орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың сөзіне қарағанда, есепті кезеңде ел экономикасының өсу қарқыны 3,9%-ды құрады. Салалар арасында құрылыс (+12,8%), көлік және қоймалау (+11,4%), ақпарат және байланыс (+10,6%), сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі (+6,9%) ең жақсы динамиканы көрсетіп отыр.
Алдын ала қорытындылар бойынша 2023 жылы сыртқы сауда айналымы 3,2%-ға, 140 млрд долларға дейін өсті. Экспорт шамамен – 79 млрд, өңделген тауарлар экспорты – 25 млрд, импорт 61 млрд доллардан асты. Жалпы, оң сауда балансы 18 млрд долларға тең. Қаржы министрі Мәди Такиев мемлекеттік бюджетке 1 трлн теңге кіріс түскенін айтып, жоспар 111,5%-ға орындалғанын жеткізді. Республикалық бюджет 521 млрд теңгеге, жергілікті бюджеттер 526 млрд теңгеге толыққан. Мемлекеттік бюджет шығыстары 96,9%-ға орындалған.
Сонымен қатар отырыста қаңтар айының қорытындысы бойынша даму көрсеткіштері ең төмен өңір басшылары баяндама жасады. Олардың қатарында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, Маңғыстау өңірінің басшысы Нұрлан Ноғаев және Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов бар.
Премьер-министрдің айтуынша, ең кемі 6% деңгейінде тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету Үкіметтің осы жылға және ортамерзімді кезеңге арналған басым міндеті болып қала береді.
«Ұлттық экономика министрлігіне салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай мерзімде биыл 6% деңгейінде экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимыл жоспарын әзірлеп, бекітуді тапсырамын. Жоспарда нақты әрі тиімді іс-шаралар көрініс табуға тиіс», деген О.Бектенов биылғы қаңтар айында негізгі капиталға салынған инвестициялар небәрі 0,6%-ға өскеніне назар аударды. Мұндай төмен көрсеткіштер уәкілетті мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің сапасыз жұмысын көрсететінін меңзейді.
«Инвестициялық штаб жұмысын күшейту қажет. Оған жеткілікті өкілеттіктер берілген. Министрлер мен әкімдердің басты міндеті – инвестициялық жобаларды іске асыруға тиімді әрі пәрменді қолдау көрсету», деді.
Үкімет басшысы инвестиция ішкі жалпы өнім өсімінің негізгі драйвері ретінде маңызды рөл атқаратынын айтты. Сөйтіп, дұрыс инвестициялық саясат қалыптастыру негізгі фактор болып отырғанына ден қойды. Инвестиция тартудың біртұтас экожүйесін құру, инвестициялық жобаларға тиімді қолдау көрсету, сондай-ақ жобаларды уақтылы іске асыру үшін жағдай жасау Үкіметтің осы бағыттағы үйлесімді жұмысының көрсеткіші болатынын атап өткен О.Бектенов, мемлекеттік органдар мен даму институттарының жұмыс тиімділігін арттыру мен нысаналы индикаторларға қол жеткізілмейтін болса, олардың жауапкершілігін нығайту бойынша пәрменді және ынталандырушы KPI белгілеуді тапсырды.
Бұл инвестициялық ахуалды жақсартуға және нақты нәтижелерге қол жеткізуге ықпал етеді. Осыны айтқан Үкімет басшысы, қуатты әрі бәсекеге қабілетті бизнес – табысты экономиканың тағы бір маңызды факторы екенін жеткізді. Осыған қарағанда, кәсіпкерлікті дамыту және қолдау – Үкіметтің басты міндеттерінің бірі болады.
Бюджет шығысының тиімділігін арттыру керек
Жоғары деңгейде өңделген өнім шығаруға, сондай-ақ шығарылатын өнімнің экспорттық әлеуетіне басымдық берілуі қажет. Қаржылай қолдау өндірістің технологиялық күрделілік деңгейіне байланысты көрсетілуі керек. Яғни өндіріс неғұрлым күрделі, технологиялар кеңінен қолданылатын болса, несие мөлшерлемесі де соғұрлым төмен болуы немесе кредит мерзімі ұзаруы керек екенін айтты.
Оған қоса, отандық бизнеске қаржыландыру қолжетімді болуға тиіс, оның ішінде бюджеттен басқа көздерді пайдаланып, кепілдік беру тетіктерін кеңейту қажеттігін ескертті. Бұл жергілікті кәсіпорындарға шетелдік жеткізушілермен бәсекелесуге мүмкіндік береді. Сөйтіп, орта бизнесті дамытуды қолдау үшін, мемлекеттік қолдау жүйесін қайта қарап, өндірісті 2-3 есе кеңейткісі келетін табысты орташа кәсіпорындармен келісім жасауды барынша жеделдетуді тапсырды.
«Бизнесті тексеруге жарияланған мораторий биыл аяқталды, бірақ бұл кәсіпкерлерге әкімшілік жүктеме түсірмеуге тиіс. Адами факторды алып тастауға мүмкіндік беретін мемлекеттік бақылаудың автоматтандырылған жүйесі толық көлемде қолданылуға тиіс», деді Премьер-министр.
Бағаның өсуін тежеу Үкімет үшін басым бағыт болып қала береді. Биыл инфляцияны 6-8% аралығында ұстап тұру міндеті де тұр. Ол үшін мемлекеттік органдар инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенінің сапалы орындалуын қамтамасыз етуге тиіс.
«Кеңейтілген отырыста Мемлекет басшысы былтыр бизнеске 600 млрд теңгеге жуық қосымша құн салығы қайтарылмағанын атап өтті. Сонымен қатар шұғыл шығындарды қаржыландыру үшін бюджетке 2024 жылғы төлемдермен аванс берілген. Бұл дұрыс жоспарламаудың салдарынан орын алған, 2023 жылы түсуге тиіс болған кірістер жоспары асыра бағаланды. Мұндай тәжірибе қайталанбауға тиіс», деген Премьер-министр қосымша құн салығының мөлшерлемесі көтерілмейтінін айтты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен қосымша құн салығының ставкасы көтерілмейді. Бюджет кірісін толықтырудың басқа жолдарын іздеуіміз керек. Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері республикалық бюджеттің шығыстарын да, кірістерін де сапалы жоспарлауды қамтамасыз етуі қажет. Мұнда ең алдымен цифрландыру есебінен салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіруде пәрменді шаралар қабылдау маңызды», деді О.Бектенов.
Оның сөзінше, жалпы қаржылық тәртіпті күшейту, нәтижесіз шығыстарды жою және мемлекеттік бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру маңызды. «Тағы да атап өткім келеді – экономиканың жоғары қарқынын қамтамасыз ету үшін бар күшімізді салуымыз керек. Әрбір министр мен өңір әкімі алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуге тікелей жауапты болады», деп түйіндеді ол.