Қылмыс • 14 Ақпан, 2024

Бәсекелестік зардабы

120 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өткен жылдың соңында Пет­ропавл қаласының тұрғыны Вадим Приходченконың от­басын біреулер асқан қаты­гез­дікпен қырып кеткен еді. Отбасының барлық үш жанын: ерін, әйелін және 17 жасар баласын қанішерлер бауыздап кеткен. Мұны есті­ген қала тұрғындары үрпиі­сіп қал­ды. Оқиғаны сан-саққа жүгір­тіп, түрлі ой мен пікір ай­тыл­ды, өсек-аяң таратушылар да аянып қалмады.

Бәсекелестік зардабы

Көп ұзамай-ақ Солтүстік Қа­зақстан облысының полиция қыз­меткерлері қылмыскерлерді қолға түсірді. «Бақсақ, бақа екен» дегендей, қылмыскерлер алыстан келмепті. Олар Приходченконы жақ­сы білетін бизнестегі бәсеке­лестері болып шықты. Марқұмның «ИП Приходченко» деп тіркелген кәсібі де ерекше – қайтыс болған жандарды жерлеу және соған байланысты рәсімдерді атқаратын кәсіпорын. Бұрын тек христиандық салтпен жерленетін адамдардың рәсімін атқаратын болса кейін оған тіпті мұсылмандар да жүгінетін болған. Зиратта тоң жерді қазып әуре болмас үшін қатты жерлерді мұсылмандар кәсіпкердің техникасымен қаздырып алатын болған.

Вадим Приходченконың бәсе­келесі – «Петро-спецобслужи­вание» ЖШС. Бұл кәсіпорын сонау кеңес заманынан «Жерлеу бюросы» деп аталып, бұл қызметті жеке дара атқарып келген. Серік­тестіктің қазіргі қожайыны бұ­рынғы директордың қызы екен. Жапп­ай жекешелендіру жылдарында кәсіпорынды өзінің атына аударып алған директор кәсібін толық қызына мұраға қалдырыпты. Кейін бұл кәсіпорынды қызы басқарып, жанына басқа да туыстарын жи­наған.

Алайда жерлеу рәсімінен де табыс табуға болатынын көрген В.Приходченко сияқтылар осындай қызмет атқаратын жеке кәсіп­орындарын тіркете бастаған. Қала әкімдігі, медициналық мекеме, т.б. тарапынан зираттарды ұс­тауға, күтуге, мәйіттерді тасуға бөлі­нетін бюджеттік тендерлерді Приход­ченко бәсекелесінің алдына түсіп, бірнеше рет ұтып та алған.

Жалпы, мәйітті жерлеуге өкімет тарапынан 15,7 АЕК көлеміндегі бір реттік ақы марқұмның туыстарына төленеді. Бірақ басқа қызметтер жарияланған тендер ар­қылы жеңген компанияға беріледі. Олар зираттан орын алу, қазу, мәйітті рәсім­деу, асын беру, т.б. бәрін ұйым­дастырып, тендерді жеңіп алған қызметі бойынша алдымен бюджеттен, қалғанын мар­құмның туыстарынан алып, табыс табады.

Бұл істе де сыбайлас жемқор­лыққа жол берілетін тетік бар. Марқұм болған адам туралы жедел ақпаратты полиция қызметкерлері жерлеу компаниясына тіпті туыс­тарынан бұрын жеткізеді. Әрине, бұл үшін келісім бойынша ақы алады. Жедел ақпаратта марқұмның тұрған үйі, телефоны, туыстары да көрсетіледі. Сондықтан туыстар жаман хабарды жаңа ғана естіп, естері шығып жатқанда жерлеу рәсімін жасайтындар есік қағып тұратын көрінеді...

Осы мәселені көптен зерттеп жүрген жергілікті журналист З.Жұ­малиеваның айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын қалада сондай ақпараттарды сатып, ақша тапқан 4 полиция қызметкері сотталып, жұмыстан қуылған. Ал оларға пара берген жерлеу рәсімін жасайтындар үлкен көлемде айыппұл төлеп құтылыпты.

Пенделердің бақиға атта­нуын да ақша табудың түрлі көзіне айналдырғандар көп. Бұл кәсіпте тіпті қылмыстық істерге де жол беріледі. Осының өзі бұл кәсіпті де құқықтық тұрғыдан реттейтін заңның керектігін көрсетіп тұр. Кез келген адам жерлеу рәсімін атқаратын кәсіпорынды тіркете алады. Ал оларға қойылатын талап­тар, жерлеу қызметтері ақысы­ның нормалары еш құжатта нақты көрсетілмеген, зираттарды күту мен та­залаудың нормалары да бел­гі­лен­беген. Оларға қойылатын сани­тарлық-эпидемиологиялық талаптар да нақтыланбаған.

Жоғарыдағы оқиғаға қайта оралсақ. Қылмыстық іске күдік­ті ретінде Приходченконың бәсе­ке­лес компаниясы – «Петро-с­пец­обслуживание» ЖШС-ның екі қыз­меткері мен директоры қамау­ға алынған. Бұрын жеке дара атқарып жүрген қызметтеріне Приход­ченконың араласып, сыбаға­ның біраз бөлігін тартып алып жүр­гені көптен бері олардың зығыр­да­нын қайнатып жүрсе керек. Оның үстіне бес жыл бұрын «Пет­ро-спецобслуживание» ЖШС Петро­павлдың екі жаңа зиратын сенім­ді басқару құқығын ұтып алған екен. Бұл мәйітке орындар белгілеу, қазу жұмыстарын атқару сияқты толып жатқан қыз­меттер. Ал олардың қызмет құнын белгілеу де өздерінің еркінде бол­ған. Биыл сол сенімді басқару құ­қы­ғының мерзімі аяқталып, қай­та­дан тендер өтеді. Оған «ИП При­ход­ченконың» қатысатыны да сөз­сіз. Өйткені ол бұрынғы тендер­дің шешімі дұрыс емес деп сотқа жүгінген болатын. Алайда ол кезде Приходченконың талап арызы қанағаттандырылмаған. Бірақ бұл жолы оның жеңіп кетуі әбден мүмкін еді, өйткені кәсіпкердің өз қызметтерін бәсекелесінен ар­тығырақ жасайтыны түрлі жар­нама­лық, ақпараттандыру материа­лынан тұрғындарға белгілі болып жүрген. Сондықтан бәсеке­лестің жолын кесудің амалын күдіктілер осылай тапқан секілді. Қазір қылмыстық іс әлі жалғасып жатыр.

 

ПЕТРОПАВЛ