Әдебиет • 15 Ақпан, 2024

Жүсіпбектің «Жаман тымағы»

380 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Академик Серік Қирабаев «Сегіз қырлы, бір сырлы дарын» деп баға­лаған Жүсіпбек Аймауытұлының өлең, әңгіме, мақала, фельетон, пьеса, повесть, романдарымен саналы оқырман таныс деп ойлаймыз. Жазушының жаңа шығармалары да табылып, әдебиетіміздің ортақ олжасына айналып жатыр.

Жүсіпбектің «Жаман тымағы»

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жүсіпбек Аймауытұлының балаларға арналған шығармалары да ерекше. Бұлар туралы да Серік Қирабаев: «Жүсіпбек көп шығармасын жаңа, жас ұрпаққа арнады. Соларды жаңа рухта, күрескерлікке, адамгершілікке тәрбиелейтін кітаптар жазды. Оның балаларға арнап жазған «Жаман тымақ», «Шал мен кемпір», «Көк өгіз», «Үш қыз» сияқты ертегілері бар. Олар суретті кітапша үлгісінде жазылған», деген екен.

Бала оқытушыларға арнап «Тәрбиеге жетекші», «Комплексті оқыту жолдары» секілді еңбектер жазған жазушының балалар тақырыбына қалам тербеуі – заңды. Ал «Қазақстан жазушылары» анықтамалығында (Алматы – «Анарыс» баспасы, 2009 жыл) Жүсіпбектің балаларға арналған шығармалары туралы: «Ең маңыздысы, бұл еңбектер бүгін де рухани-тәлімдік қырларымен мәнді», делінген.

Біз бұл шағын жазбамызда Жүсіпбек Аймауытұлының «Жаман тымақ» кітабы туралы сөз қозғамақпын. 48 беттік кітап 1992 жылы «Балауса» (Алматы) бас­пасынан шыққан. Онда жазушының 1929 жылы жарық көрген «Жаңа ауыл», «Көк өгіз», «Жаман тымақ» секілді жеке кітаптарына енген, мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген, балаларға арналған туындылары жинақталған. Шығармалар адалдық, әдептілік, бірлік, елдік пен ерлік салттарын жырлап, табиғат суреттерін арқау еткен.

Кітаптың құрастырушысы – филоло­гия­ ғылымдарының докторы Рахым­жан Тұрыс­бек: «...жинаққа енген өлең­дер өмір өрнектерін қаз-қалпында көр­се­туі­мен дараланса, шағын жұмбақ пен әңгіме, ертегілердің табиғаты мен маз­мұ­ны­нан күнделікті тұрмыстағы әртүрлі көрі­ніс, оқиғалар айқын аңға­ры­лады», деп жазады. Ең бастысы, жазу­шының бұл шығар­малары рухани-тәлім­дік мәнін жоғалт­паған.

«Оқу, білім – жанған шырақ ойласаң,

Үйренерсің, іздеп көрсең, қалмасаң.

Қу өнерді, бу беліңді, жігер сал,

Пайда аларсың, қаужанарсың, той­ма­саң», деп оқу-білімге шақыратын Жүсіпбектің балаларға бағытталған шығармалары ағартушылықты көздейді. Кітаптың бірінші бетінде басылған бұл өлеңдегі белді буып, өнерді қуу жігер салуды қажет ететінін екінің бірі ұғына бермейді. Білім алуды «Сабақтан қалмау, сөмке тасу, қоңырау соғылғанын күту» деп қана ұғып келген мен секілді «оқымыстылар» әлі «пайда алмағанымызды» кеш біліп, бармақ тістеп жатырмыз.

Кітаптағы әр өлең, әр жұмбақ, әр ертегінің айтар ойы, сілтер бағыты анық. Оның барлығын сезу, тану жауапкершілігін оқырманның еншісіне қалдырып, өзіме ерекше ұнаған екі әңгімеге тоқталғым келеді.

Әуелгі әңгіме «Жаңа талап» деп аталады. Әңгіме «Жаңбыр сіркіреп тұр. Шегебай етікші баласы Мұқанды мектепке жаздырайын деп, Дәндебай ауылындағы мұғалімге алып жүрді» деп басталады. Мұқан – 10 жасқа толып қалған, еркелеу, «етігін босқа тоздырып жүрген» бала.

Содан әке мен бала мектепке келеді. Әңгіме кіріспесіндегі алғашқы жетекші ой – «Мектеп дегені терезелері үлкен, өзі де биіктеу, үлкен там-үй екен. Маңдайындағы тақтайда жазуы бар екен. Не жазу екенін Мұқан таныған жоқ» деген сөйлемдер.

Жазушы білім ордасын сипаттағанда «Терезелері үлкен», «Биіктеу» деген сөз­дерді қолданады. Мұның астарында білім-ғылымның да қандай биік, қандай үлкен екенін аңғарту жатқан секілді. Үл­кен терезеден жарық мол түседі. Білім – жарық. Терезе – зейін. Оқушы қан­ша­лықты зейінді болса, қаншалықты ықы­лас­ты болса, соншалықты мол білім алады.

Ал Мұқанның жазуды танымауы – білімсіздіктің көрінісі. Бұл жерде сауаты жоқ Мұқан ғана емес. Жиынтық бейне екені де белгілі.

Мұқан мен әкесі мектепке кіргенде мұғалім кітаптарды «шқапқа» жинас­тырып тұр екен. Ол әкесінің айтуымен баланың аты-жөнін, жасын, әке-шешесі не кәсіп қылатынын жазып алады.

Осы сәтте білімсіздікпен қоса «жас­қан­­­­шақтық» көрініс береді. Себебі Мұқан «өзінен бірдеңе сұрап қала ма деп, қы­пылдап барады». Одан кейін әкесі шы­ғып кеткенде, мұғалім шәкіртті сөзге тарта бастайды. «...Мұқан қорқып кетті». Әке­сінің соңынан тұра жүгірейін деп ойла­ды. Міне, осы жерде «қорқақтық» көрінді.

Одан кейін Мұқан «жігерсіздігін» танытты. Мұғалім «оқу оқығың келе ме?» деп сұрағанда, «өзі төмен қарап тұрған Мұқанның мойны одан бетер тоқырып кетті. Қысылып түк айта алмады».

Бұл тұста сауатсыз Мұқанның мінезі толық ашылады. Білімі жоқ шәкірттің бейнесі көз алдыңызға келеді.

Осы кезде мұғалім шәкіртті баурап алуға талпыныс жасайды. Ол әрекеті – баланы жұмысқа араластыру. Мұқанды кітап жинауға «болыстырады». Шәкірт мұғалім нұсқаған кітаптарды алып беріп тұрады. Сонда да еш сөйлемейді. Қойған сауалға үндемей немесе бас шайқап қана жауап беріп тұрады.

Бір мезетте мұғалім Мұқанның «тілін шығарды»:

«... – балғамен шеге қағуды білетін шығарсың?..

– Білем, – деді Мұқан дауысын зор шығарып.

– Е, тағы не білесің?

– Тарамыс тоқпақтауды білем.

– Жақсы...»

Мұғалім баланың неге қызығатынын біліп алды. «...Уа, жігіт екенсің! Сен әлі оқуды да жақсы оқырсың...», деп Мұқанға сенім бере сөйлейді.

Мұғалім есептен қорқатын Мұқанға есептің қандай болатынын да нақты көрсетіп береді.

Ал әңгіменің шарықтау шегі мына бір диалогте тұрған секілді:

Мұғалім есептің мысалын көрсет­кен­нен кейін,

«... – Жазу ше? – деп сұрады Мұқан.

– Жазудың несі бар? Оны да үйре­не­­сің.

– Менің бармағым келмейді ғой.

– Кәне, сенің бармағың басқа ма? Көрсетші.

Мұқан бармағын тарбитып көр­сетті. Мұғалім қалжыңдап, бар­мақ­тарын санады: Біреу, екеу, үшеу, төр­теу, бесеу... Бес бармақ, осы аз ба саған?

Мұқан жымиды.

– Бесеу болғанмен жаман ғой, мұндай бармақпен кісі жаза ала ма?

– Әбден жаза алады. Осы бармақ­тармен біз, пышақ ұстай білесің ғой?

– Пышақты ұстаймын.

– Қасықты ше?

– Оны да білем.

– Ендеше, қарындашты да сөйтіп ұстап үйренесің...».

Диалогтің осы тұсына келгенде мен де­ Мұқан секілді еріксіз жымидым. Бала кезімде күрек ұстап, қора тазалауға ерін­ген кезде, әкем: «Нан жеу білесің бе? Біле­сің! Жұмыс істей де білуің керек!», дей­тін. Сол сөзді естігенде өз-өзім­нен­ намыстанып, тырысып-тырмысып кете­тін­мін.

Мұғалімнің сөзінен кейін Мұқанда сенімділік оянады.

Одан кейін мұғалім оқуды «кітаптағы суреттерге қарап үйренесің» деп оның қолына кітап береді.

«...Мұқан кітапты ақтарып қарай бастады...

– Оһо! Сырғанақ! – деп дауыстап жіберді Мұқан.

Мұғалім қасына келіп: Сен төбе басынан сырғанақ теуіп пе едің? – деп сұрады.

– Тепкем.

– Немен тептің?

Тағы әлгіндей әңгімелесіп кетті. Енді манағыдай емес. Мұқан мұғалімнен ұялуын қойып, сұрағына жауап беріп, өзі де көрген-білгендерін айтып жіберді...».

Әңгіменің басында шәкірттің аты «Мұқан» болатын, ал соңында «Мұқан­тай» болады. Шәкірттің есімі ғана емес, оқуға деген көзқарасы, өз-өзіне деген ойы өзгерді. Мұқантай жайраңдай бас­тайды. Дүйсенбі күні оқу басталады. Сол күні сабаққа келетін болады.

«...Үйлеріне қайтып келе жатқанда Мұқан:

– Дүйсенбі тез болса екен – деді.

– Қорықпайсың ба?

– Несіне қорқам? Жазуды да, оқуды да үй­ре­нем – деп, үйіне жеткенше (кі­тап­­тан) көрген суреттерін сөз қып бар­ды».

Әңгіме осылай аяқталады. Бұдан шы­­ға­тын қорытынды: білім болса, жас­­қан­­шақтық та, қорқақтық та жо­йы­ла­ды. Жігер пайда болады. Жүсіпбек Айма­уыт­ұлы диалогке құрылған осы әңгімесі арқы­лы оқушының бойындағы шәкірттік сезім­ді оята түседі. Білім алуға деген құш­тар­лығын ширатады.

Бұл әңгімеде айтылатын Дәндебай ауы­лы – жазушының туған жері. Дәнде­бай – Жүсіпбектің атасы.

Дәндебай ауылы Баянауыл ауданы, қа­зіргі Ж.Аймауытұлы ауылынан он екі ша­қы­рымдай қашықтықтағы Қараның ады­ры деген жерде. Дәндебай ауылы қол­­­­өнершілікті аса жоғары деңгейде да­мыт­­­қан. Сол кезеңдерде «Дәндебай көр­пе­­­­лері», «Дәндебай сырмағы», «Дәндебай ты­­­­мағы» деген сөздер көп айтылған екен. Бұл әңгімелерді мен баянауылдық өлке­та­ну­­­шы Рамазан Нұрғалиевтен есті­ген едім. «Жаңа талап» әңгімесінде де Мұ­қан­­­­­ның әкесі Шегебайдың етікші болуы те­гін­­­­нен-тегін емес. Және сол Шегебай ұлын мұғалімге беріп тұрып: «...заман оқы­­­ған­дікі болды ғой», деуі сол заман ада­­мы­­­ның, сол ауыл кісісінің білім алуға деген көз­қа­расының оң екендігін танытады.

Осы ретте, оқырманға аз-кем ақпарат болсын, Жүсіпбек Аймауытұлы 1921 жылы Семей губерниясында оқу бөлімінің меңгерушісі болып тұрғанда Баянауылдағы жас өрендердің білім алуына ерекше назар аударған екен. Жүсіпбектің бастамасымен Қызылтау өңірінің ауқатты адамдары аштыққа ұшыраған, ата-анасынан айырылған жетім балаларды жинай бастайды. Осы кезеңде олар Қызылтауда «Мәдени кіндік» деп аталатын білім ошағын ашуды қолға алады. «Мәдени кіндікте» шаруашылық ғимараттары, қыздар мен ер балалардың бөлек жатақханалары, асхана, бірнеше қойма, жертөле қойма, «қызыл отау», дәрігерлік пункт, әкімшілік ғимарат және атқора салынады. Бұл – қазақ ағарту саласындағы үлкен іс, зор еңбек. Қазір «Мәдени кіндіктің» тек орны ғана қалған. Бұл енді бөлек тақырып. Былтыр «Egemen Qazaqstan» газетінің Павлодар облысындағы мен­шікті тілшісі Мұрат Қапанұлы «Жүсіп­бек­тің «Мәдени кіндігі» атты мақала жазып, жариялады. Онда да «Мәдени кін­дікке» қатысты көп мәселе көтерілді...

«Жаман тымақ» кітабына қайта ора­ла­йын. Мен сөз еткелі отырған екін­ші­ әңгіме – «Ит пен бала». Әңгімеде бала мен иті – Жолдыаяқтың бір-бірін өлiм­нен құтқарғаны, соны өмiрi естерiнен шы­ғар­мағаны және олардың талай жыл бір­ге жасасқаны айтылады. Шағын ғана мысал әңгімеден достық қасиеттің қан­ша­лықты ғұмырлы, қанша­лық­ты құн­ды екенін тағы бір мәрте ұқтым. Деген­мен әңгіме достыққа адал болуға ғана ша­қыра ма?! Меніңше, жоқ. Ішімдегі ба­лаң ойым есіме Абайды түсіреді:
«...Өзі­ңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап». Осы балаң ой – өзім, «Көшкін суға кетіп бара жатқан шын­жырдағы ит» – еңбегім мен ақылым екен, ой астарына үңілсем.

Егер өзіме жаным ашымаса, өзіме адал болмасам, сол екеуін тасқынға ағызып жібереді екем. Өмір тасқынына. Еңбегімді еселеп, ақылымды ширатып отырсам ғана, сол екеуі екі жақтап мені алып шығады. Қандай сыннан болсын, қандай сынақтан болсын.

Иә, мен өзімді адал доспын деп ойлай­мын. Менің Еркебұлан, Ернар, Жанболат дос­тарым да мені «қолда да, жолда да» қал­дыр­майды.

Бірақ адамның ең жақын досы – өзі. Жауы да – өзі.

Жүсіпбек Аймауытұлының «Жаман тымағынан» адам құнарына айналар нәр алдым. Сіздің балаңыз да, сіздің ішіңіздегі балаң ой да оқысын. Тоқысын көңілге.

 

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ

 

Павлодар